Назарбаев неше әннің авторы?

Dalanews 11 апр. 2017 10:34 816

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің әні қыркүйекте Ашғабатта өтетін Азия ойындарының гимні болып бекітілді. Орталық Азияда есімі әнұран авторлары қатарында көрсетілген тағы бір президент бар. Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның мемлекеттік әнұраны мәтіні авторларының бірі.


Азаттықтың Түркімен қызметі ресми баспасөзге сілтеме жасай отырып, сәуірдің 8-і күні арнайы жиналыста Азиада ойындарының әнұраны бекітілгенін хабарлады. Жуырда Аваза курорт аймағында өткен концертте президент Бердімұхамедовтің өзі шырқаған әрі өзі ұсынған «Туған өлкем Түркіменстаным алға, тек алға қарышта!» деген әнін жиналысқа қатысушылардың бәрі құптаған.




ТДХ мемлекеттік ақпараттық агенттігі «Жарыққа шыққаннан бастап бұл әнді отандастарымыз бүкіл жүрегімен қабылдады, сондықтан оны Ашғабат-2017 ойындарының әнұраны ретінде таңдау ұсынылды, бұл ойды жиналысқа қатысушылардың бәрі құптады» деп хабарлайды.



Ұлттық баспасөз президент Бердімұхамедовтің «Туған өлкем Түркіменстаным, алға, тек алға қарышта!» деген шығармасын патриоттық үндеу ән деп атаған.


БАҚ«Бұл туындының сөзі мен музыкасы тәуелсіз әрі бейтарап Түркіменстан үшін кеудесін мақтаныш пен бақыт кернеген миллиондаған азаматтарымыздың асқақ сезімдерін барынша дәл жеткізеді» деп жазып жатыр.


Ертеректе Түркіменстан ақпарат құралдарында Бердімұхамедовтің қыркүйектің 17-сі мен 27-сі күндері аралығында Ашғабатта өтетін Азиада ойындары әнұранын әзірлеу үшін шығармашылықпен айналысатын қызметкерлер арасында конкурс жариялауды тапсырғанын хабарлаған. Президент тапсырмасы наурыздың 24-і күні берілген. Конкурс жарияланған я жарияланбағаны, өзге үміткерлер болған я болмағаны белгісіз.


Билікте отырғанына тоғыз жарым жыл болған президент әрі үкімет басшысы Гурбангулы Бердімұхамедов жұрт алдында алғаш рет 2010 жылғы маусымда Түркіменбашы қаласында өнер көрсетіп, балалардың алдында аккордеонда ойнаған. Сол кезден бері ол сахнаға талай мәрте шығып, түрлі әндер шырқап жүр.


Ол жалғыз емес...


Бердімұхамедов – Орталық Азиядағы ән айтатын жалғыз президент емес. Концерттерде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон да қолына жиі микрофон алып, әншілермен бірге ән айтады.


76 жастағы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың да ән айтып, домбыра шерткенін жиі көруге болады.


Қазақстанның жаңа әнұраны мәтініне Нұрсұлтан Назарбаев енгізді деген түзетулер. Алматыдағы көрме, 8 желтоқсан 2016 жыл.


Былтыр Қазақстан президентінің сайтында авторы Назарбаев деп хабарланған төрт ән жарияланды. Бірақ Назарбаев әлгі әндердің сөзі мен музыкасын қатар жазды ма, әлде біреуінің сөзін жазып, енді біреуінің әнін шығарды ма - түсініксіз.




Президенттің ресми веб-ресурсында «Жерім менің» және «Елім менің» деген екі патриоттық композиция мен автордың балалық шағын, әке-шешесі мен туған ауылына деген сағынышын сипаттайтын «Үшқоңыр», «Шұбар ат» деген екі композициясы жарияланған.



Президент әкімшілігі сайты мен Facebook желісіндегі Ақорда парақшасында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның мемлекеттік әнұраны мәтіні авторларының бірі деп көрсетілген. Былтыр желтоқсанда Алматыда президент мұрағаты ұйымдастырған "Жасампаздық пен табыстың қазақстандық жолы" деп аталатын көрмеге келушілерге Қазақстанның жаңа әнұраны мәтініне Назарбаевтың қолымен енгізілген түзетулерді көрсеткен.



Дереккөз: Азаттық радиосы


Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.


Рекомендовать
Последние новости