Еуропадағы жайлы өмірге ұмтылған босқындарға шектеу қойылмақ

Dalanews 06 окт. 2023 07:04 1121

ЕуроОдақ кәрі құрлыққа бас сауғалап келетін босқындарды қабылдаудың нормаларын қатаңдатты. Енді өздерін саяси босқын деп жариялап, Еуропадағы жайлы өмірге ұмтылушылардың саны қысқаруы мүмкін. Сонымен қатар, бұл жағдай жер жүзіндегі диктаторлық режимлердің күш алуына ықпал етуі ықтимал.

Алдағы уақытта Батыс елдеріндегі демократияны алға тарып, билігін сынайтындар бұлай әңгіме айтардың алдында он ойланып, тоғыз толғанары анық.

Таяуда ЕуроОдаққа мүше елдердің Сыртқы істер министрлері босқындарды қабылдауға қатысты жаңа құжатты өзара мақұлдап, бекітті.

Жаңа құжатқа сәйкес енді босқындар кәрі құрлықтағы көңілі түскен еліне бірден "құдайы қонақ" болып бара алмайды. Олар ең алдымен ЕуроОдақтың шекарасына ат шалдырып, одақтың тиісті органдарына өзінің шыныменде босқын екенін, саяси қуғын көргенін растауы тиіс. Осы уақыт аралығында олар ЕО-ның шекарасындағы арнайы лагерлерде тұрақтайды.

Бүгінде өздерін босқын, саяси зәбір-жапа көрген санап, жәрдем сұрап барғандардың 20 пайызы Еуропа елдерін де тұрақтап қалуды көздейді екен.


Егер ЕуроОдаққа босқын екеніңізді дәлелдей алмасаңыз, миграция қызметі келген ізіңізбен кері депортатция жасайды.

Айтпақшы, Брюссель мұндай талапты алдымен демократиясы біршама дамыған Марокко, Тунис, Алжир, Түркия, Босния, Герцеговина, Сербия, Молдова,  Грузия сынды елдердің азаматтарына қарсы қолданбақ.

Өйткені аталған елдерде билікке қарсы келіп, Еуропаға бас сауғалайтындай "ақырзаман" орнамағаны анық. Алдағы уақытта  ЕО жұртты саяси белсенділігі үшін соңына ит қосып қумайтын елдердің тізімін әлі толықтыра түсуі мүмкін.

Ал ЕО шеңберінде мұндай талаптың қабылдануына Германия, Польша және Венгрия мұрындық болғанын айта кетуіміз керек. Өйткені аталған елдер мигранттардан қатты жапа шеккен ел ретінде танымал.

Рекомендовать
Последние новости