Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мемлекеттік құпияға қол жеткізе алатын тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы жоғары лауазымды мемлекеттік қайраткерлердің шетелге шығу тәртібі заңнамада нақты белгіленгенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның пікірінше, мұндай санатқа жататын азаматтар шетелге шыққан кезде уәкілетті органдарды белгіленген мерзімде хабардар етуге міндетті. Атап айтқанда, сапардың мақсаты, жоспарланған халықаралық кездесулер және сол кездесулерде талқылануы мүмкін тақырыптар туралы ақпарат берілуі қажет дейді ол Айнұр Коскинаға берген жауабында.
Сондай-ақ Перуашев Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей президенті Владимир Путинмен жабық форматта кездесу өткізуі сұрақ туғызатынын атап өтті. Депутаттың айтуынша, бұл кездесу бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланғанымен, оның мазмұны қоғамға ашық болмаған.
Мәжілісмен мұндай деңгейдегі мемлекеттік тұлғалар арасындағы кездесулерде «жеке мәселе» болуы мүмкін емес екенін алға тартты. Оның сөзінше, мұндай әңгімелердің барлығы мемлекетаралық қатынастарға қатысты және осындай форматтағы келіссөздерді тек Қазақстанның қолданыстағы президенті жүргізуі тиіс.
Азат Перуашев бұл мәселеге қатысты республиканың уәкілетті органдары тарапынан ресми реакция болады деп күтетінін мәлімдеді.
