Қастер мен Мұрагердің адвокаттары бір-бірімен соттасуы мүмкін

Dalanews 24 қаң. 2020 17:36 288

Қазақ-қытай шекарасын заңсыз бұзды деп айыпталып, күні кеше сотталған Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының адвокаттары енді бір-бірімен соттаспақ, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy сайты.

Былтыр күзде Қытайдан Қазақстанға қашып келген екі жігіт үш ай тергеліп, 21 қаңтарда сот оларды 1 жылға бас бостандығынан айырған еді. Олар енді 6 айға жуық уақытын түрмеде өткізеді.

Ал, Қытайда қудаланып, Қазақстаннан пана іздеп келдік деген қандастарды тергеу кезінде және сотта қорғаған адвокаттар Ләззат Ахатова мен Бауыржан Азанов енді өзара дауласып жатыр.

Ахатова осы үш айда әріптесі тарапынан өзіне түрлі жала жабылғанын, жұмысына кедергі келтірілгенін айтып, сотқа арызданбақшы.

Бауыржан Азановты және оның айтқандарын ақпарат етіп таратқан сайт жетекшісін сотқа беремін. Ол мені бұрын судья болып жүргенде қылмыс істеген деп айыптады. Мені сол үшін судьялық қызметтен шеттеткенін атыпты. Мен бұл қызметтен денсаулығыма байланысты кеттім, ешқандай қылмысқа қатысым жоқ. Әліге дейін судьялардың кадрлық резервінде тізімде тұрмын. Егер қылмыс жасаған болсам маған адвокаттық лицензия да берілмейтін еді, дейді заңгер Л.Ахатова.


Қазір ол Өскеменнен Нұр-Сұлтан қаласына келді. Өйткені, Қастер мен Мұрагер елорда іргесіндегі түзеу мекемесінде жазасын өтейді. Адвокат екі жігіттің Қытайда қалған отбасын Қазақстанға алдыру үшін күш салатынын жеткізді.

Біз ол екеуін әдейі елордаға ауыстырып жатырмыз. Мұнда жазасын өтеушілерге жеңілдіктер қарастырылған, қалаға шығып, жұмыс істей алады. Оның үстіне, Мұрагердің туған әпкесі Нұргүл Нұр-Сұлтанда тұрады. Алдағы уақытта екеуіне босқын мәртебесін алып беруді көздеп отырмыз, деді Ләззат Ахатова.

Ал, тергеу ісіне бастан-аяқ қатыстым деген Бауыржан Азанов аяқасты Ләззат Ахатованы танымаймын деп мәлімдеді.

«Ол кім? Кімді сұрап тұрсыз? Мен тағы айтам, оны танмаймын» деді Б.Азанов Azattyq Rýhy тілшісіне.

Оның айтуынша, Қастер мен Мұрагерге көрсеткен адвокаттық қызметі үшін оған ешкім ақы төлемеген. Сондықтан, сотта қызмет көрсетуден бас тартыпты.

Мен екі жігіттің (Мұрагер мен Қастер - ред) ресми адвокатымын. Оларға адвокат болудан әлі шеттетілген жоқпын. Сотта Қастер мен Мұрагерді қорғауға бара алмауыма маған жол шығындарын уәде берген адамдар төлеп бермеді. Тергеудің алғашқы күндері Шығыс Қазақстанға өз ақшаммен бардым. Мені адвокат ретінде сол іске шақырған адамдар бар. Бекзат деген «Атажұрттың» адамымын деп өзін таныстырды. Шығындарын көтереміз деген, бірақ бір тиын бермеді, деп шағымданды адвокат Бауыржан Азанов.


 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x