Өркендеген өңір

Dalanews 21 ақп. 2018 08:36 134

Бүгін Алматы облысынның әкімі Амандық Баталов Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Мәденмет сарайында елмен есепті кездесуін өткізіп,  бір жыл бойы атқарылған жұмыстары жайында баяндап берді.

Соңғы жылдары жерінің түгін тартсаң майы шығатын Жетісу өңірінде ауыл шаруашылығы саласынан бөлек инновациялық технологияларды дамыту, цифрландыруды енгізуді толағай табыстарға қол жеткізгенін әкіммен болған есепті кездесуде естіп білдік. Сөзіміз дәлелді болуы үшін айта кетейік,  Төртінші өндірістік революцияны жүзеге асыру шеңберінде Алматы облысында жұмыс істеп тұрған 40 кәсіпорын өз өнеркәсіптерін автоматтандыруға белді бекем буған. Осылайша өңірдегі кәсіпорындар бәсекелестік жағдайда өндірісті жаңғыртып, ел экономикасын еселеуге түбегейлі бет бұрыпты.

Жаңа зауыттарда «Индустрия 4.0» элементі бар жоғары өнімділікті технология қарастырылған. Бұл ең алдымен Трансұлттық компаниялардың қатысуымен іске асырылатын экспортқа бағытталған инновациялық өндіріс орындарының құрылысы болмақ. Өз кезегінде Амандық Баталов:

– Олардың алғашқы нәтижелерін қазірден-ақ атауға болады. Бірінші жартыжылдықта 500 жұмыс орны болатын, жергілікті шикізаттан азық-түлік өндіретін «Маревен Фуд» зауытының іске қосылатынын сеніммен айта аламын. Жыл сайынғы өнім көлемі 24 млрд. теңге болып, оның 70 пайызы «Қазақстанда жасалған» деген брендпен экспортқа шығарылатын болады, – деді облыс басшысы.

Сол сияқты облыс әкімі жыл соңына қарай майлау материалдарын өндіруші «Лукойл» зауытының іске қосу жұмыстары басталатынын, ондағы инвестиция көлемі 27 млрд. теңгені құрап отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар «Бауманн» неміс компаниясы ұсақ мал етін тереңнен өңдей бастайтынын да жеткізді. Өндіріс ошағы болашақта жылына 30 мың тонна дайын өнім шығаруды көздеп отыр екен. Бұл зауыт та экспортқа бағатталған.

«Осының бәрі өнеркәсіп өндірісінің көлемін 2020 жылға қарай 1 трлн. теңгеге жеткізуге мүмкіндік береді», – деді А. Баталов.

Есепте кездесуде 2017 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысында дамудың оң серпіні байқалған айтылды. Мәселен, жалпы өңірлік өнім 2,4 трлн. теңгеден асып, 2,7 %-дық  өсімді көрсеткен. Облысқа 527 млрд. теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада алғашқы төрттікке еніп отыр.

Баяндамада айтылғандай, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 млрд.теңгеден асып, өсім 2,9%-ды құрады. Өңдеу секторындағы шығарылған өнім көлемі 636 млрд. теңгеге жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда 66,2 млрд. теңгеге артты. Бүгінгі күні өңдеу секторындағы өндірілген өнімнің жалпы өнеркәсіп өніміндегі үлесі жағынын облыс еліміз бойынша алдыңғы қатарда, яғни бұл үлес 85%-ға жеткен.

23 жүйе құраушы кәсіпорындарда 373 млрд. теңгенің өнімі өндіріп, өнеркәсіптің жалпы көлемінің 49,7%-ды құраған. Осында берекелі жұмыстың арқасында облыс аумағында  68 жаңа кәсіпорын ашылған. Соның нәтижесінде 1809 жұмыс орны құрылыпты. Ал индустрияландыру картасында 8,7 мың жұмыс орны бар, инвестициялық құны 319 млрд. теңгелік барлығы 55 жоба жүзеге асырылған.

– Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі жағынан Алматы облысы республикада бірінші орында. Өткен жылы бұл көрсеткіш 648 млрд. теңгені, өсім 3,3%-ды құрады. Бұл орайда аграрлық салада жұмыс істеген еңбеккерлердің үлесі зор, – деді есепті кездесуінде облыс әкімі Амандық Баталов. Ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 15,6 мың гектарға ұлғайып, 948 мың гектарды құраса, оның 17%-ы ылғал сақтау технологиясын қолдану арқылы өңделгенін айта кетуіміз керек. Тағы да айта түссек өткен жылы 1,3 млн. тонна дәнді-дақыл, 293 мың тонна майлы дақыл, 1,8 мың тонна картоп, жеміс-жидек пен көкөніс өнімі өндірілген.

Бір ғана қант қызылшасының алқабы 9 мың гектарға жетіп, 363 мың тонна өнім жиналып, шаруалар 31 мың тонна таза қант алу мүмкіндігіне ие болған.

Жетісу өңіріндегі бақ алқаптары 23 мың гектарға жетті, интенсивті бақтардан биылғы жылы 2,5 мың тонна алма алу жоспарланып отыр.

Ал Картоп өсіруге маманданған Райымбек ауданында осы жылы облыс басшылығының қолдауымен картоп өсіруге ерекше көңіл бөлініп, арнайы ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынатын 2 сервистік-дайындау орталықтары құрылған-ды. Бұл орайда ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге де қолдау көрсетілмек. Бұл ауданда сыйымдылығы 16 мың тонналық көкөніс сақтау қоймалары бұрыннан бар. Картоп өсірудің қыр-сырын жақсы білетін Кербұлақ ауданының шаруашылықтары да бұл іске атсалысатын болады. Бұдан басқа Іле ауданындағы индустриалды аймақта «Фарм Фритс» Трансұлттық компаниясын тарта отырып, картоп өңдеу жүзеге асырмақ.

Ендігі кезекте әлеуметтік бағытта атқарылған жұмыстар жайында да аз-кем әңгімелей кетсек. Өткен жылы Алматы облысында 15 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункт салынып, 8 нысанға күрделі жөндеу жасалды. Биылғы жылы осындай 18 нысан тұрғызылады. Олардың қатарында Сарқан қаласы мен Ұзынағаштағы перзентхана да бар. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі механизмін қолдану арқылы Талдықорғанда жалпы құны 7 млрд. теңге болатын медициналық ақпараттық жүйелер мен автоматтандыру кешенін енгізудің екі жобасы жүзеге асырыла бастайды деп күтілуде.

– Биылғы жылы біз міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшудің дайындық жұмыстарын аяқтап, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруымыз керек, – деді А. Баталов.

Атап өтсек, соңғы екі жылда компьютер сатып алуға 352 млн. теңге бөлініп отыр, бұл жабдықталу деңгейін 100%-ға жеткізуге мүмкіндік береді. Облыстық, аудандық ауруханалардың барлығы да интернет желісіне қосылған, басқа да медициналық нысандарды қосу жұмысы жалғасуда.

Биыл Алматы облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 251 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1126 пәтер мен 27 нысанның инженерлік-коммуникациялық жүйесін жасау жоспарланған. Есепті кездесуде Амандық Баталов Талдықорған қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында коттедж қалашығы құрылысының пилоттық жобасы жүзеге асырыла бастағанына тоқталып өтті. Оған 2 млрд. теңге бөлінген. Барлығы 606 үй болса, соның 48 пәтерлік 12 үйі мен124 коттеджі биыл салынбақ.

– Облыс тұрғындарын баспанамен қамту көрсеткіші бір адамға шаққанда әзірге 18,5 шаршы метрден айналады. Мемлекет басшысы Жолдауында 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 30 шаршы метрге жеткізуді міндеттелген. Ол үшін біз тиісті шараларды қабылдап, жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің көлемін 1 млн. шаршы метрге жеткізетін боламыз, – деді А. Баталов.

Облыс басшысы өз баяндамасында хабарлағандай, өңірде «Туған жер» жобасы аясында құны 10,5 млрд. теңге болатын 218 жоба жүзеге асырылса, соның 6,6 млрд. теңгелік 90 жобасы аяқталды. Мәселен, «Батыр бабалар» мемориалды кешені салынып, Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы ашылды. Сонымен қатар Талдықорғанда Қазақстан бойынша тұңғыш «Рухани жаңғырту» орталығы бой көтеріп, іске қосылмақшы.

2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде құны 6 млрд. теңгеге жуықтайтын 159 ірі жобаның реестрі әзірленді. Бұл орайда «Туған жер» жобасы бойынша Талдықорған қаласында жабық бассейн, Қарасай, Алакөл аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілмек. Сол сияқты Панфилов ауданында «Орбұлақ» мемориалды кешені тұрғызылады.

Нұрлан ӘУБӘКІР

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x