Ақтөбенің арнайы индустриалды аймағында 12 жоба қолға алынған

Dalanews 10 қар. 2017 12:48 210

Ақтөбедегі тек арнайы индустриалды аймақта құны 72 млрд теңгені құрайтын 12 жоба қолға алынған.

Инновациялық жобалар толық іске асқан кезде екі мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірісті өңірге инвесторлар тарту шаралары жалғасып жатыр. Жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Биылғы жылдың өткен кезеңінде өндіріс көлемі 4,7 пайызға өскен.

Негізгі капиталға инвестиция салу көлемі 268 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Инвесторларды тарту үшін тиімді ұсыныс, қолайлы жағдай болуы тиіс. Бұл орайда «Ақтөбе» индустриалды аймағына орналасқан кәсіпорындардың ұтылмасы анық. Мұнда құны 2,5 млрд теңге болатын көлік-логистикалық орталығының іргетасы қаланды.

Халықаралық стандарттарға сай салынатын орталықта жүк тасымалы үшін тікелей теміржол тартылады. Индустриалды аймақта сырлы бояу цехының, 3 D технологиясымен керамикалық плита және гранит тас шығаратын зауыттың құрылысы басталады.

Ал жақында құрылыс материалының 5 түрін шығаратын цех іске қосылды. Шыны мақта аралас үшқабатты кірпіштің елімізде баламасы жоқ.

Есмырза Байтұрсынов, кәсіпорынның атқарушы директоры:

– Оның ерекшелігі ішінде – алдыңғы қабатында мақтамен қапталады, екіншісі де бетонмен бекітіледі. Сондықтан ол өте тиімді әрі жылы болады. Әуелі осы өзіміздің аудандарды қамтамасыз етеміз, содан кейін шет жақтарды қараймыз.

Облыста жыл басынан бері 389,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін бірнеше үйдің құрылысы аяқталуы тиіс. Жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруда Ақтөбекөш бастап тұр. Биыл аумағы 25 мың шаршы метр болатын 194 коттедж бен 22 шағын қабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Баспана жер кезегінде тұрғандарға беріледі. Олар «Тұрғын үй құрылыс жинақ» жүйесі арқылы үй бағасының 30 пайызын жинап, қалғанын несиеге рәсімдей алады. Пәтердің бір шаршы метрі 120 мың теңге шамасында. Яғни республика бойынша ең төменгі баға бекітілген.

Дәурен Оразбаев, мердігер компанияның өкілі:

– «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Нұр Ақтөбе» ауданынан көпқабатты және жеке тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатырмыз. Құрылыс бұйымдарының 85 пайызы – жергілікті өнім. Бағдарлама өте қолжетімді. Себебі, шаршы метрдің бағасы 120 мың теңгеден аспайды. Құрылыс жоспар бойынша жүргізіліп жатыр.

Өңірде ауылшаруашылығы өнімдерін шығару көлемі 3,9 пайызға, құрылыс жұмыстарын атқару 10,3 пайызға өскен. Жекеменшік пен мемлекеттік әріптестік негізінде қызмет көрсететін әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүрді. 40-қа жуық балабақша және бірнеше медициналық мекеме осы жаңа жүйемен жұмыс істеп тұр.

Одан бөлек «Туған жер» бағдарламасы аясында әлеуметтік маңызды нысандар бой көтерді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x