ЭКСПО: көрме арқылы әлемге нені дәлелдедік?

Dalanews 22 қыр. 2017 05:56 541

ЭКСПО туралы сарапшылар не ойлайды. Көрмеге көңілдері толды ма? Жалпы бұл көрменің  қандай жақсы жақтары болды? Осы сауалды ЭКСПО-ға барған, көрген ел білетін бірнеше азаматқа қойдық.

 

Досым СӘТПАЕВ, саясаттанушы:

– Мынаны түсіну керек, біздегі көрме негізгі емес, аралық көрме болды. Біздің ел бұл жобаны басты ЭКСПО сияқты өткізді, бірақ. Көрме өткіземіз деп басқа шараларды қалыс қалдырған жоқпыз.

Осы үш айдың ішінде Астанада ЭКСПО-дан тыс бірнеше саммит, конференциялар өтіп үлгерді.

Бұларға келген қонақтар көрмеге кірмей кетпесі тағы белгілі. Бұл қонақтар жәй қонақтар емес. Шенділер, бизнесмендер, ірі компаниялардың өкілдері... Билік осы арқылы Қазақстан экономикасы мен оның әлеуетін көрсете алды.

Екінші жағынан, көрмені өткізу арқылы ішкі туризмге жан бітірдік. Мойындау керек, көрмеге келгендердің көпшілігі өз азаматтарымыз ғой.
Үшінші жағынан ЭКСПО көрмесін тамашалауға келіп, технологиялық жаңалықтарды тамашалаған мыңдаған балалардың ішінен біраз уақыттан кейін болашақ Стив Джобс, Илон Масктар  шығуы әбден мүмкін.

Ал біздің балаларымыздың көпшілігі, шыны керек, Қазақстаннан тыс еш жерге шықпаған. Олардың көбі шетелдік павильондарды барып, шетелдіктерді көріп, олардың мәдениетімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Менің естуімше ЭКСПО-ны тамашалауға облыстардан 75 мыңнан астам оқушы келген!

 

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, математик:

– Біртүрлі сұрақ екен. Жақсы жақтары дейсіз бе? Кім үшін қазақ үшін бе? Мен ылғи айтам әлемді мойындату үшін қазаққа автомобиль, компьютер жасау керек. Бірақ қазақ автомобиль жасай бастағанда, елге автомобиль керек болмай қалуы мүмкін ғой.

Сондықтан орағатып, алға шығуымыз керек. Ертең не болатынын бажайлап көру қажет. Міне, осылай тірлік етсек, ел де, ұлт та мойындалады.

Негізгі сұрағыңызға келсек, ЕХРО өткізгеннен жаманшылық көріп тұрғаным жоқ. Жақсы ма, жаман ба, көрмені өткіздік. Жақсы ма, жаман ба, әлемге Қазақстанды Бораттың елі емес екенін көрсеттік. Жас буын энергетика саласындағы тың жаңалықтармен танысты. Өз көзімен көрді. Оған неге мақтанбауымыз керек?

Астананы Алматыдан ауыстырғанда да қанша шу болды? Бірақ одан ұтылған жоқпыз ғой. «Көз қорқақ, қол батыр» деген осы. Біз технология, технократтық деген нәрсені ешқашан ұмытпауымыз керек.

ЕХРО-ның өткізілуі — Қазақстанның технократтық елге айналуына деген алғашқы қадамы деп білемін. Оған қуанбасам, ренжімеймін.

 

 

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:



– Шынын айту керек, Қазақстан – әлемдік үдерістерден жырақта жатқан мемлекет. Сыртқы істер министрлігінде істейтін мамандарымыз мұны жақсы біледі, негізінде.

Өз басым осы өмірде бір ғана нәрседен қорқам. Қазақстан CNN сияқты арналардың тікелей эфирінен түспей қалатын болса,  елімізде айтуға ауыз бармайтын бүлік болып жатыр деген сөз. Содан сақтасын бізді...Ешкім біздің айтпай-ақ та, еске алмай-ақ та қойсын бүйтіп. Тыныштық болсын!

Дегенмен, дәл қазіргі жағдайда әлемдік баспасөздің контент-сараптамасын назарға алар болсақ,  ЭКСПО тақырыбы әжептәуір қамтылды. Біздің ел біраз беделді телеарналардың, басылымдардың аузына ілікті. Егер бұл тұрғыдан қарасақ, ЭКСПО шара ретінде өзін-өзі ақтаған болып шығады.

Біздің ел дүниеге өзінің бар екендігін паш етті. Шамалы болса да,  шетелдіктердің қызығушылығын оятты.

 

 

Берлін ИРИШЕВ, қаржыгер:

– ЭКСПО-ға бардым, көрдім. Көптеген павильондарды араладым. Өзім үшін не алдым дейсіз бе? Мені Жапония павильоны таңғалдырды. Талғаммен жасаған. Осы павильонда Жапониядағы энергетикалық төңкеріс, оның ішінде Фукусимадағы трагедия туралы фильмді тамашаладым. Ерекше әсер етті.

Алақандай Сингапур елінің павильоны қандай?! Қала мемлекет көрмеге қатты дайындалғаны көрініп тұрды. Павильонның тақырыбы да тамаша. «Кішкентай ел алып жобаларды тудырады» деп аталады екен.

Иә, ЭКСПО бітті. Мәселе: әрі қарай не болмақ? Әрі қарай қайтпекпіз? Жасыл энергия тақырыбын осы көрмемен бірге жауып тастаймыз ба, әлде бұдан әрі қарай дамытатын боламыз ба? Дамытар болсақ, оның жоспарын жасау керек шығар? Мәселе сонда. «Жасыл энергия» тақырыбы ЭКСПО-ны өткізіп алғасын қажетсіз қалып қалмауы керек.  Мемлекет ендігі жерде, анығы, ЭКСПО-дан кейін көрме тақырыбына қатысты туындаған түрлі стартап жобаларға қолдау көрсетуі қажет. «Жасыл энергияның» жолын солар жалғастыруы тиіс. Солай.

Көрменің мәдени шараларын өте жоғары деңгейде өткіздік. Иә, кейбіреулерге ұнамады бұл. «ЭКСПО-ны Диснейлендке айналдырып жіберді» деді. Бұл біздің халыққа керек еді. Неге дейсіз бе?

ЭКСПО біздің мәдени деңгейімізді өсірді. Мәдени деңгейдің қандай болатынын көрсетті. Тәртібімізді түзеді. Талғамымызды өсірді.  Астана операның сахнасында Миланның La scala-сы өнер көрсеткені неге тұрады?! Осыдан түспеуіміз керек.

 

Бұл да көрсеткіш...

Жоғарыда саясаттанушы Досым Сәтпаев білдірген пікіріне тұздық таптық.

ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев былай дейді:
«Көрмеге 115 ел мен 25 халықаралық ұйым қатысқанын білесіздер. Үш ай бойы халықаралық көрме аясында өткен 105 ресми шараға 53 елдің басшылары мен 72 премьер-министр, 20 Парламент спикерлері қатысты».

Шынымен, бұл да – көрсеткіш.

Ал  Исекешов не дейді?

Бәрінен бұрын Астананың әкімі қуанышты. Қала бюджетінің қоржыны тоқ. Исекешовтың айтуынша, ЭКСПО-ға келген жүздеген шетелдік делегацияның арқасында 3 млрд. долларға жақын инвестиция тартылған. 60-қа тарта бірлескен жобалар жасалатын болатын осының негізінде.

– 60-қа тарта жобаның 26-ына шетелдік инвестиция тартамыз. Бұлар АҚШ, Жапония, Түркия және Батыс елдерінің инвесторлары. Жобалар өндірісті ғана емес, білім саласын, денсаулық саласын, сонымен бірге ақпараттық технологияны да қамтиды, – дейді Әсет Исекешов.

Дайындаған  Думан БЫҚАЙ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x