Back

Баянауылға бардың ба?

Баян тауын көрген Асан Қайғы айтып еді ғой: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түней кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады» деп. Сол рас.

 

Бұл өлке Алаштың талай жыр – шежіресіне арқау болған. Қай дәуірді алсаң да, бұл өлке қол бастаған батырларымен, сөз бастаған шешендерімен, қасиет қонған әулиелерімен, суырып-салма ақын-жырауларымен даңқты. Ал суының беті көпіршіктеніп жататын Сабынды көлге аңыз бойынша Баян сұлу сабынын түсіріп алған деседі.

Бұл өлке – Баянауыл. Бұл араға саяхаттап келетін шетелдіктер Баянауылды «Ертегілер елі» деп атайды. Тегін емес. Тастарына қараңыздаршы. Табиғаттың өзі тіл бітірген оларға. Табиғаттың құдіретімен қашалған.

Иә, сенбессіз. Көзіңізбен көруіңіз керек ол үшін.

«Кемпіртас», «Кептер», «Түплитас», «Ұлыған бөрі», «Грузин», «Пушкин профилі», «Танк», «Ер-тоқым», «Ұлу», «Маймыл». Бұл тастарды көрген шетелдіктер таң-тамаша болған ғой. Біз бірсыпырасын ғана жаздық. Есімізде қалғаны осы. Бұлардан басқа да мыңда бір бейне бар Баянауылда…

Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтпаев, Шәкен Айманов сынды қазақтың көгіне күн болып, өрмелеген дара тұлғалар осы Баянауылдың топырағында өмірге келді.

Бірақ біз әлі де болса, Баянауылды жеткілікті деңгейде білмейміз. Оның тарихына қанық емеспіз. Оның табиғатымен таныс емеспіз. Отандық деңгейдегісі өз алдына, оның әлемдік туризмнен ойып тұрып орын алар әлуеті бар, негізінде. Тек жарнамасы аз. Насихаты жоқтың қасы.

Айталық, сіз ең сирек кездесетін емдік шөптер Баянауыл топырағында өсетінін білесіз бе? Біз білген жоқпыз, мысалға.

Баянауылға сапарлап барғанда алдымен осындағы өлкетанушылармен, «Баянауыл» ұлттық паркінің қызметкерлерімен тілдескенбіз. Мынаны айтты.

Талай дертке дауа болатын жабысқақ қанды қараағаш жер әлемде тек үш жерде ғана кездеседі екен. Бірі – Канадада, бірі әлі адам аяғы баспаған Коль деген айдаладағы аралда және Баянауылда. Қара қанды ағаштың тарихы да тереңде жатыр. Динозаврлар дәуірінен басталады. Көрдіңіз бе? Әлгі ағаш жер таңдайды екен сосын. Таза, сулы, нулы жерде ғана өседі. «Қызыл кітапқа» енген. Кесуге, бір бұтағын жұлуға рұқсат жоқ. Қасына тұрып, суретке түскенде жапырақтарынан, домалақтана бұйығылана өскен бойына қарап, өзге ағаштардан өзгешелігін де байқайсыз.

Баянауыл ұлттық паркінің инспекторлары Алтынбек Құрманов пен Дариябек Құлниязов өлкенің туристік тартымдылығын кеңінен тарқатып айтып берді бізге. Тыңдадық. Көп біледі бұлар. 25 жыл бойы Баянауылдың арғы-бергі тарихын саралаған, әрбір тау-тасымен таныс.

«Біздің ауданда бұл сала (туризмді айтады) әлі де болса, алға баспай тұрғаны рас, негізінде. Оған себеп те жеткілікті. Дегенмен, қазір қолға алынып жатқан жобалар арқылы болашақта үлкен әлуетті туристік база құруға болады деп ойлаймын», – дейді Алтынбек Құрманов.

Айтуынша, осыдан 15 жыл бұрын Баянауылда небәрі 2 туристік маршрут болған, қазір олардың саны 11-ге жетіп отыр.

«Туристер де таңдайды ғой. Шетелдік қонақтар тылсым дүниелерге әуес. Олар жиі баратын орынның бірі – Жасыбай көлінің батыс жағындағы Қоңырәулие үңгірі. Кейбіріне жету қиын. Бәлкім, сонысымен қызықты шығар. Бірақ ұзақ жол шаршатады. Ол үшін талапқа сай көлік жолдары, инфрақұрылымдар болуы керек. Ілгеріде айтып өткенімдей, бізде он бір маршрут бар. Соның бірі – Қызылтау қорығы. Оның бір жағын әулиелі Қызылтау десе, екінші тұсын әулиелі Сарыөлең қонысы деп атайды. Соңғысынан жеті бірдей әулие шыққан. Суы жанға шипа «Әулиебұлақ» та сол жерде», – дейді өлкетанушы.

 

Айтпақшы…

Астанада ЭКСПО өтіп жатыр қазір. Жаз айы. Адам бой жазғысы, демалғысы келеді. Күні кеше осы көрменің төрағасы Ахметжан Есімов ЭКСПО-ға 2 миллионыншы қонақтың келгенін айтты. Сүйінші сұрағаны ғой. Бұлардың ішінде шетелдіктер аз емес. Алыс құрлықтан келген америкалықтар да, іргеміздегі қытайлар да жүр. Білсек, Ресейден келген қонақтар да жетіп артылады. Соларды неге ұстап қалмасқа? Көрмені бір аралар, екі аралар одан кейін не істейді? Оларды Қазақстанның туристік орталықтарымен неге таныстырмасқа? Олар жер әлемде Баянауыл деген жерұйық бар екенін біле ме? Айталық, сіз…

 

Жасыбайға бардыңыз ба?

Қазақстандағы ең таза көлдердің бірі бұл. Түбі тегіс, суы тұщы. Суы жер астынан келеді. Тері ауруларына дауа. Баянауылда бұдан сырт Сабындыкөл және Торайғыр бар. Сұлулығы тамсандыратын су айдындарының айналасы қарағайлы ормандарға толы.

Оның атымен және пайда болуына байланысты аңыздар көп. Солардың біріне тоқталайық. XVIII ғасырда Олжабай мен Жасыбай батырлар басқарған қазақ сарбаздары Баянауыл ормандарында жоңғар қолын талқандайды. Асулардың бірінде осы күнге дейін жау садақшысының қолынан аңдаусызда мерт болған Жасыбайдың мәйіті жатыр. Көл мен асу соның есімімен аталады.

Келесі аңыз былай сыр шертеді: үш ағайынды Олжабай, Кенжебай мен Жасыбай кімнің күшті екенін сынап көрмек болыпты. Қазір Жасыбай зираты тұрған ескі  асудан тас лақтырады. Бірінші кезекті Олжабай алады. Кенжебай лақтырған тас Олжабайдың тасының үстіне түсіп, жерге батырады, астынан су шығып, шұңғырды толтыра бастайды. Жасыбайдың тасы да осыларға қосылып, судың атқылап шығуын жылдамдатады, бірақ тастың үстіңгі жағы судың бетінде қалады, кейін беткейіне ағаштар мен шөптер өсіп шығады. Туристер бұл жерді «Махаббат аралы» деп атайды, ал көл Жасыбай батырдың есімімен аталады.

Біз білсек, Ресейден келетін туристер Қазақстанның тарихи, әулиелі орындарына қатты қызығады.

 

Торайғырды көрдіңіз бе?

Елдің аузында жүрген жалғыз Жасыбай ғана бір қызығы. Алайда, оған жақын жатқан тағы бір көл бар. Табиғатының сұлулығы Жасыбайдан аспаса, кем түспейді. Торайғыр көлі. Көл жағысындағы ауыл. Осы ауылда тарихи орындар баршылық. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешуін» оқыған боларсыз. Азап вагонынан қашып, Торайғырда тұратын нағашы жұртын паналаушы еді ғой. Ауылдың жанындағы жартасқа жасырынған. Сол жартас қазір «Сәкен жар» деп аталады.

Торайғыр көліне жақын жерде арғы бабалармыз – сақтардан қалған қорған бар. Ғалымдардын зерттеуінше, бұл жерде уақыт жүйелерін зерттейтін орталық – обсерватория болуы әбден мүмкін. Осында қойылған әр тастың өзіндік құпиясы бар. Солардың орналасуына қарай бабаларымыз уақытты, айды санаған, жыл мезгілдерінің қандай болатынын болжаған екен.

Шетелдік туристерді де қызықтыратын осы – Торайғыр ауылы екен. Баянауылдың ең биік тауы Ақбет орналасқан осы жерде. Ақбет қыз сүйгеніне қосыла алмай, биік құздың басынан құлап өлген деседі. Шетелдік туристерді қызықтыратын да осы жалтыраған, бірбеткей шыңылтыр құз-жартастар, үңгірлер. Алдыңғы бір жылдары келгенімізде жап-жалтыр жылмағай тастарға жабысып, жоғары қарай бірінен соң, бірі өрмелеп бара жатқан шетелдік альпинистерді көргенбіз. Олар да Ақбет қыздың аңызына құлақ түріп, тағзым етіп, Баянауылдың ғажайып кереметіне 1027 метр биіктіктен төменге қарауға құмар.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, алыс-жақын шетелден келген туристер Ақбеттің құзар басына шығуды ең күрделі экстремальды жорықтардың бірі деп санайды.

Біз білетін мәліметтерді Баянауыл ұлтты паркінің инспекторлары Алтынбек Құрманов пен Дариябек Құлниязов тағы бір тың дерекпен толықтырды.

«Атақты «Дос –Мұқасан» ансамблі 1967 осы Торайғыр ауылында өмірге келді, Политехтің студенттері жазғы семестерде осы жерде құрылыс жұмыстарына қатысқан…”, – дейді олар.

 

Мұрынталда Бұқар жырау жатыр…

«Арғы-бергі тарихымызды танығысы келетін туристер үшін Мұрынтал деген елді-мекенін көруді ұсынар едім», – дейді Алтынбек Құрманов. Бекер айтпайды.

Кешегі алты Алашқа әйгілі Қазыбек бидің дөнесін салған сөре тақтай сонда сақталып тұр екен. Оның үстіне аты аңызға айналған Жаяу Мұсаның кесенесі де сол маңда. Ал одан әрі қарай жүре берсек, үш жүзге аты мәлім Бұқар Жыраудың кесенесі бар.

 

«Сәби сүйгісі келгендер осы араға келеді…»

Бұл үңгірді «табиғаттың таңғажайып туындысы» дейді білетіндер. Баянауылдағы Аққарағай деген таудың етегінде орналасқан. Киелі, шарапаты тиер қасиетті жер. Шоқан да, Қаныш ағамыз да, Потанин де бұл жерге тегіннен-тегін келмеген ғой.

«Біз жақтың адамдарды бұл жерді «Әулиетас» деп те атайды. Үңгірдің ұзындығы – 30 метр, ені – 2,5 метр, ал биіктігі 1,8-2,0 метрді құрайды. Кіреберісі кеңдеу келеді, ал түбіне қарай біртіндеп тарылып, тастағы жарықшақтардан енген судан түзілген көлшікпен аяқталады. Дертіне дауа іздеп келген адамдар үңгір суының шипалық қасиеті бар екеніне әлдеқашан көз жеткізген. Суы тұщы әрі көптеген ауруға ем.

Бүгінде қасиетті үңгір қалың жұртқа сая болып, киелі орынға айналған. Үңгірге көтерілетін баспалдақтардың ұзындығы 110 метр, әрбір 10-15 метр сайын демалуға арналған алаң бар. Білсем, үңгірге келушілердің басым бөлігі – бала сүйіп, ата-ана атанғысы келген ерлі-зайыптылар. Былтыр бұл жерге келген азаматтардың саны рекордық көрсеткішке жетті. Ресей, Қытай, тіпті, Біріккен Араб Әмірліктерінен туристер келді», – дейді Алтынбек Құрманов.

 

Таисия Баянауылда тұрады

Павлодардағы қазағы бар, орысы бар тек қазақша сөйлейтін бір өлке болса, ол – Баянауыл. Бұл жердің орысы қазаққа айналып кеткен. Жатырқамайсың. Жақын тартасың. Өйткені, сенің тіліңде сөйлейді. Бауырмал. «Қазақпын» дейді өздерін.

Баянауылға жасаған сапарымыздың барысында республикалық «Абай оқулары» байқауының 2009 жылғы бас жүлдегері, «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Қазақшаңыз қалай?» байқауларының жеңімпазы Таисия Страдаевамен жолықтық. Баянауылдың баурайында өскен қазақы қалыпты орыс қызына бір көргенде таңғала қарағанымыз рас. Таисия қазір Торайғыр ауылында тұрады.

«Ауыл болғанда да біздің ауыл өзгелерден ерекше ғой! Әйгілі Сұлтанмахмұт Торайғыровты өмірге әкелген жер. Ал табиғаты қандай! Тамылжып тұр. Менің өнерге, әдебиетке жақын болуыма туған жерімнің табиғаты, Сұлтанмахмұттың шығармашылығы әсер етті деп ойлаймын. Айналып келгенде, осы қос сезім мені еркелетіп, айналаға қызықтырып өсірді.

Мен үшін Баянауыл, Торайғыр ауылы, қазақ жері, атамекен деген ғұмырлық байлығымдай. Осы бір киелі ұғымдарды еш жерге, еш атауларға айырбастамас едім, білсеңіз. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы қазақ мектебінде оқығанымды мақтан тұтамын. Рас, барлығы мендей болмауы мүмкін. Кей кездері осы өзіміздің Баянауылдың өзінде орысша шүлдірлеп жүретін қазақтың балаларын, тіпті, үлкен кісілерді де байқап қаламын. Байқайсыз ба, бітүрлі, жараспайды өздеріне. Солар туған тілдің, қасиетті туған жердің қадіріне жетпей жүргендей көрінеді», – дейді Таисия.

Баянауылға саяхат мұнымен аяқталмайды, әрине. Ұлы даланың ұлы тарихында бұл өлкенің алар орны ерекше.

 

Аяулым ШАЙМАРДАН