Cоңғы жаңалықтар
Back

Ауылын мәуелі Иран бағына айналдырған азамат

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілген «100 жаңа есім» жобасы ел көлемінде қолға алынғалы бері түрлі салада Тәуелсіздіктің іргесін бекемдеуге бар күш-жігерін жұмсап, еңбек етіп жүрген көптеген азаматтар жұрт назарына іліге бастады. Кез келген дәуірдің жасампаз азаматтары болатыны сөзсіз.

Үндемей жүріп үйдей іс тындыратын мұндай жандар жалаң мақтау мен жарнаманы жаны сүйметінін де білеміз. Бірақ ел болған соң, елдігіміздің айқындап, абыройымызды асқақтататын азаматтардың іс-әрекеті әрқашан ұрпаққа үлгі болары хақ.

Халықтың қалаулысы, елінің елеулісі болу қазіргі заманда кез келген адамның маңдайына жазыла бермейтін қасиетті дүние. Ел шетіне жау тигенде оған қарсы шауып, ерлік көрсететін заман баяғыда өткен. Қазіргінің батыры еңбегімен елдің есінде қалуы тиіс.

Ел назарын еңбегімен өзіне аударып жүрген азаматтардың бірі Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, еліміздегі тұңғыш бөдене зерттеуші ғалым Мұхтар Байбатшанов. Ол сонау тоқсаныншы жылдардың басында ғылымда жүрген талай адам күнкөрістің қамымен ғылыми жұмыстарын тастап, саудаға бет бұрғанда базары тарқаған ғылым жолын таңдаған жанкешті азаматтардың бірі болды. Менің бұл ойымды артық әсірелеу деп қабылдамауларыңызды өтінемін. Иә, артық, кемі жоқ – шын сөз.

Ғылымның қадірі кеміген сол бір жылдары ғылымның отын өшірмеу үшін еңбек еткен жандарды (оның өзі жас азамат екенін ескеріңіз) жанкешті демеске, лажыңыз да қалмайды.

Заманның мың сан бояуы солғын тартып, өміріміз көмескі тартқан сол бір тұста қазақ ғылымына сәуле түсіруге ұмтылған Мұхтардай азаматтарды Елбасы ұсынған «100 жаңа есім» жобасын пайдалана отырып, өз бағамызды беретін кез жетті деп есептеймін. Сол бір эйфорияға толы заманда ертеңгі күнге сеніммен қараған азаматтардың арқасында еліміз аяққа нық тұрып, Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекетке айналды.

Ұстаздары Тілектес Есполов пен Болатхан Махатовтың жетекшілігімен құс шаруашылығы, соның ішінде қарапайым бөдене жайында көптеген ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысқан Мұхтар Байбатшанов елімізде бөдене өсіруге бет бұрған шаруашылықтардың пайда болуына өлшеусіз үлес қосқан азамат. Мұхаңның есебінше, қазіргі таңда елімізде бөдене өсіретін шаруашылықтардың жалпы саны 130-дан асып жығылады. Осы бір қарапайым құстың өсіруді, азықтандыруды, көбейтуді және оның алынған өнімнің сапасып кемітпей саудалауға қатысты мәселелердің бүге-шігесіне дейін зерттеп, зерделеген жас ғалым қазіргі таңда Қазақстандағы құс шаруашылығының аяққа тұруына бар күш-жігерін жұмсап келеді. Осы бағытта бес-алты ғылыми оқулықтар, әдістемелер, көптеген ғылыми мақалалар жариялап, үлкен еңбек жасады. Бөдененің еті мен жұмыртқасы адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін Мұхаңнан сұрағанымда:

– Мен 2005 жылы зерттеу жұмысымды бастағанда Қазақстанда бөдене өсірумен айналысатын бар болғаны бес-алты шаруашылық болатын. Чернобыль апатынан кейін ғалымдар апат аймағында радиациядан жапа шеккен балаларды бір орталыққа жинап, тәжірибе жүргізеді. Бір топтың балаларына бір ай бойына бөдененің жұмыртқасын ішкізсе, екінші топтағы балаларға жұмыртқа бермейді. Бір айдан соң жұмыртқасын ішкен балалардың ағзасын тексергенде ғалымдар бөдене жұмыртқасы радиацияны ыдырататынын анықтаған. Осыдан кейін көпшілік бөдене жұмыртқасын жаппай тұтына бастаған. Тауыққа қарағанда, бөдененің дене қызуы 2 градусқа жоғары. Сондықтан, оның жұмыртқасын ұдайы тұтынған адамның қан айналымы жақсы жұмыс істейді. Бұдан басқа, бөдене жұмыртқасы адамның иммунитетін көтеретін қасиетке ие. Жалпы аурудың басым бөлігі қан айналымының дұрыс болмауынан туындайтынын ескерсек, бөдене жұмыртқасын тұтыну адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін байқауға болады. Біздер бөдене жұмыртқасына тәжірибе жүргізгенімізде, оның дәрумендік құрамы тауық жұмыртқасына қарағанда 3-4 есе жоғары екеніне көз жеткіздік. Кезінде АҚШ Жапонияға атом бомбасын тастап, үлкен экологиялық апатқа ұшыратқаннан кейін, жапондықтар бөдененің адам бойындағы радиацияны ыдырататынын біліп, міндетті тамақ рационына енгізген. Сол кезде әрбір жапон баласы таңертең міндетті түрде бөдене жұмыртқасын шикідей ішетін болған. Осының арқасында жапон халқы денсаулығын түзеп, ойлау қабілетін дамытты. Бүгінде жоғары деңгейде дамыған мемлекеттердің көшін бастап келеді. Бөдене жапон халқын құтқарып қалды десек те болады. Кезінде Шыңғыс ханның өзі жаралы жауынгерлеріне бөдененің жұмыртқасын ішкізіп, аяққа тұрғызғанын тарихи кітаптардан оқығаным бар, – деп Мұхтар Қасенұлы бөдененің пайдасы жайында кеңінен әңгімелеп бергені еді.

Бүгінде бөдене өсіруші шаруашылықтарға барынша көмек көрсетіп, олардың мол табысқа кенелуі үшін бар ақыл-кеңесін айтып жүрген Мұхаңның енді арманы Қазақстанда Бөдене өсірушілер қауымдастығын құрып, оған еліміздегі бөдене өсіріп отырған шаруашылықтарының бәрін тартуды көздеп отыр. Осылайша елімізде бөдене шаруашылығын дамытуға Үкіметтің назарын аудармақшы. Қазақстанда ең алғаш бөденені кәсіби тұрғыдан зерттеген Мұхтар Қасенұлы Қазақстанда құс шаруашылығының өркендеуі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектеніп жүр.

Мұхаң кейбір әріптестері секілді ғылыммен ғана айналысып, «сен тимесең, мен тиме бадырақ көз» демекші өз ісіне бейжай қараған кезі болған емес. Қайта көз майын тауысып, ұзақ уақыт бойы зерттеген ғылыми жұмыстарының шынайы өмірімізде іске асып, елге пайдасын тигізбейінше жаны жай таппағанын білеміз.

Сондықтан Мұхтар Байбатшановты ғылымда мақсат-мұратына қол жеткізген санаулы жас ғалымдардың бірі десек артық айтқандық болмас еді. Жолымыз түсіп ҚазҰАУ бара қалсақ, Мұхтар алыстан арнайы келген шаруаларға бөденені қалай өсіруге қатысты ақыл-кеңесін айтып жатқанының үстінен түсесіз. Шалғай облыстардағы кейбір шаруалар ұялы телефонмен қоңыраулатып, кеңесіп жатады. Мұндайда Мұхтардың бет-жүзі балбұл жанып, бөденені қалай азықтандыру, қалай емдеу керектігін, азық пен дәрілерді қайдан алуға болатынын мұқият түсіндіреді. Замандасымның еліміздегі ғылым мен өндірістің арасына салған шағын көпірі өз нәтижесін бергенін көргенде кәдімгідей марқайып қаламын.

Мұхтар ауыл шаруашылығы саласының ауыр жүгін арқалаған азаматтардың бірі болғандықтан өзінің кіндік қаны тамған жер жаннаты Жетісудың төріндегі Алакөл ауданына қарасты Екпінді ауылына жиі ат ізін салып тұрады. Әрбір келген сайын Алакөл ауданы әкімі Әлібек Жақанбаевтың қабылдауында болып, туған жерінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты ой-пікірін бөлісіп тұрады. Ауыл жастарымен де жиі кездесіп, ауыл шаруашылығы мамандықтарын меңгеріп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты бастамаларының қолдау білдіру керектігін жастардың құлағына құйып жүруді өзінің азаматтық борышы санайды. Бір кездесуінде ауылының болашағы жайында былайша ой толғаған еді.

– Ауылда туып-өсіп, ауыл шаруашылығы маманы болғандықтан туған ауылым әр уақытта магниттей тартып тұрады. Қазақстанның ауыл шаруашылық саласында әлеуеті өте жоғары. Әсіресе Жетісудің құт дарыған құйқалы жеріне не ексең де, мол өнім алуға болады. Бұл үшін шаруалар агротехникалық жұмыстарды басшылыққа алып, жұмыс істесе мол табысқа кенелетіне сенімдімін. Алакөл ауданы әкімі Әлібек Жақанбаев мырзамен әрбір кездесуімде осы мәселе төңірегінде сөйлесіп, ой бөлісеміз. Аптал азаматпен болған әсерлі кездесуден кейін ойымды шаруалар мен жастарға жеткізуге асығамын. Туған ауылым Екпіндіге соққан сайын оқушылармен жүздесіп, оларға ауыл шаруашылығы мамандығын меңгеріп, ел мен жерді көркейтіп отырған аудан басшыларының еңбегін үлгі қыламын. Осылайша жастардың заңгер, экономист, дипломат болсам деген армандарын басқа арнаға бұрып жіберетін кездерім де болады,  – деп әзілдегені есімде.

Иә, қазір алыс аудандарды басқарып, ондағы тұрмыс-жағдайдың жақсаруына бар күш-жігерін жұмысап жүрген әкімдердің көпшілігі ауыл шаруашылығы мамандары екенін білеміз. Сондықтан ауылын көркейтуді ойлаған жастардың Мұхаңдай азаматтардың жолын қуса, несі айып?

2015 жылы Мұхаң мектеп бітіргеніне 20 жыл толған кезде Алматыдағы тәлімбақтардан 25 көшетті апарып, өзі білім алған мектебінің ауласына отырғызған еді. 2016 жылы Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жылдық мерейтойы кезінде де қарап қалған жоқ. Мектеп пен балабақшаның іргесінде желкілдеп өсіп келе жатқан алма ағаштарының қасынан тағы да 100 түп көшет әкеліп отырғызды. Осы бір игілікті істі әдетке айналдырған азамат биыл тағы да 200 түп жеміс ағашының көшетін отырғызғанда, аузынан тастамай әңгіме қылатын Екпіндісін мәуелі Иран бағына айналдыруға толықтай бекінгенін байқағандай болдым. Өз кезегінде ауыл жастары да абзал ағаларының иігілікті ісін іліп әкетіп, Байбатшанов отырғызған бауды барынша күтіп, баптап келеді.

Атам қазақ «жігітке жеті өнер де аз» деп бекер айтпаған ғой. Әңгіме барысында Мұхтар Байбатшановтың өлең жазып, отты жырларымен біраз қауымға ақын ретінде танылғанын айттық қой. Оның сырлы өлеңдерін өз замандастары ақын Алмат Исаділ таразылап, өз бағасын беріп отырады. Ғылым жолын түбегейлі таңдаған Мұхаң өзін кәсіби ақындардың қатарына қосқысы келмейді. Бұл да болса оның сыралғы сырбаз мінезінің бір көрінісі екені анық. Студенттік  жылдары отты жырларымен көзге түскен жас талантты сыртынан жазбай таныған ҚазҰАУ ректоры Тілектес Есполов жеке жыр жинағын шығарып, жеке кешін өткізіп бергенін Мұхтар ұдайы айтып отырады.

– Адамның адам болуына танымал азаматтар қатты ықпал етеді. Студенттік жылдары Тілектес Исабайұлының қамқорлығын көп көрдім. Ағамыз университеттегі талантты жастардың бәріне әлі күнге дейін қолдау көрсетіп келеді. Алдымыздағы ағалардан жақсылық көргеннен кейін, соңымыздан ерген інілерге жақсылық жасауға тырыстық. Өз басым ағаларымыздың аялы алақанының жылуын сезінгеннен кейін біраз айтыскер ақындардың алғашқы жыр жинағын шығарып бердім, – дейді майталман ғалым.

Ғылымда жүріп, ауылдан іргесін ажыратпаған, төл мәдениетімізді қастерлеген Мұхтар Байбатшановтай азамат көп емес. Сондықтан оның өнегелі істерін тізбектеп, ел назарына ұсынып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «100 жаңа есім» жобасына енуге лайықты азаматтардың бірі һәм бірегейі деп өз ойымызды ортаға салдық.

Нұрлан ЖҰМАХАН