Cоңғы жаңалықтар
Back

Атом энергиясына балама жол табылмайды. Сарапшылар АЭС құрылысы тақырыбында пікір алмасты

Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің жаратылыстану факультетінде атомшы мамандар, ғалымдар, экологтар, құзырлы мемлекеттік орган өкілдері және басқа да сарапшылар бас қосқан «АЭС-тің экологияға және қоршаған ортаға әсері қандай?» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оны «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясы мен ЕҰУ бірігіп ұйымдастырды.

Қазір еліміздегі алғашқы АЭС-тің салынатын орны анықталғандықтан, оның экономикалық негіздемесі, яғни өзін-өзі ақтау механизмі нақты қарастырыла бастады. Оны мәселенің қаржылық жағы десе де болады.

«Әзірше, болжаммен екі реакторы бар 1 АЭС-ті бір орынға орналастыруды ғана қарастырып отырмыз. Реактор көп болған сайын құрылыстың жалпы құны да арзанырақ болады. Ал АЭС құрылысында бірінші блок барлық уақытта да екіншісіне қарағанда қымбатқа түседі», — деп түсіндірді, Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова.

«Өйткені, екінші блоктың құрылысы кезінде тәжірибе де, жобалық-сметалық құжаттама да, дайын алаң да, қандай да бір инфрақұрылым да болады. Сондықтан нақты сомасын айту мүмкін емес. Дегенмен, әлемдік тәжірибеде екі энергоблокқа 10-12 млрд доллар етеді. Мұндай тәжірибе бар. «Самұрық-Қазына» қорымен бірге әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Жалпы, халық тарапынан АЭС құрылысына қатысты оң пікір бар»

Құмар Әусенов. Фото: Baq.kz

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы басқармасының жетекші инженері Құмар Әусеновтің сөзінше, «Самұрық-Қазына» қорына қарасты ұлттық атом компаниясы АЭС құрылысы жобасымен бес жылдан бері айналысып келеды. Бұл мәселе электр қуатының тапшылығына байланысты көтеріліп отыр.

«Біз көптеген жобаны қарап шықтық, критерийлер құрастырдық, бағаладық. 2019 жылы біз 9-ға жуық компанияға сұраныс жібердік. Оларды ішінде бізге АҚШ, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытайдан 5 компания жауап берді»

Құмар Әусенов осы төрт елдің бейбіт атом технологиялары бір-біріне ұқсас екенін айтады. Барлығы қауіпсіз. Апат модельдеу бойынша 10 миллион жылда шамамен 1 рет қана болуы мүмкін.

«Қазірдің өзінде бізде 1 гигаватт шамасында энергия тапшылығы бар. Негізгі сенімді энергияны тек атом электр станциялары қамтамасыз ете алады. Әрине, жылу стансалары бар, бірақ олар көміртекті шығарады, — деді, Құмар Әусенов.

Энергетика саласы мамандарының болжамынша, Қазақстанда болашақта энергия тапшылығы күтіп тұр. Оған өндіріс пен адам санының өсуі сеп болады. Базалық, тұрақты генерация қажет. Күн мен жел станциялары оған жарамайды. «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС Атом энергетикасы бөлімі инженері Асуан Сиябековтің айтуынша, ондай генерацияны біз АЭС-тен және жылу электр стансаларынан ала аламыз. Қазіргі кезде ЖЭС мәселелеріне келетін болсақ, оларға өздерінің көмірқышқыл газының шығарындыларына байланысты инвестиция тарту, қаржыландыру мәселелері күрделі болып тұр. «Сол себепті де «жасыл энергетика» көзі ретінде атом электр стансаларын қарастырамыз», — дейді, Асуан Сиябеков.

Асуан Сиябеков. Фото: Baq.kz

«Қазіргі кезде әлемде 430-ға жуық АЭС жұмыс істеп тұр. Әрине, осы кезге дейін апаттық жағдайлар болды. Бірақ ол кездегі реакторлар бүгінгі күні жаңартылды. Қанша жыл өтті, яғни жұмыс өтілі көп. Қазір сол АЭС-тердің жаңа буыны шығып жатыр. Сол себепті Қазақстан тек қана жаңа буынды 3+ реакторларын қарастырады. Оның экологияға да әсері зерттелген. Мысалы, апаттық жағдай болса, онда радиоактивті қалдықтардың қоршаған ортаға, қасындағы өсімдіктердің, жануарлар әлеміне таралуына байланысты зерттеу жүргізілді. Яғни, апат болған жағдайда ол сыртқы ортаға шығып кетпейді»

Ал Еуразия Ұлттық университеті Қоршаған ортаны басқару және инжиниринг кафедрасының меңгерушісі Райхан Бейсенова: «Әр балама энергия көзінің пайдалы және зиянды жақтары бар. Соның зияны азын қарастыру керекпіз. Өзімізде шикізат болғандықтан, атом электр станциясы бізге қолайлы энергия көзі деп айтуға болады», — дейді.

АЭС-ті салу шешімі қабылданса, оның құрылысы кемінде 10 жылға созылады. Бірақ құрылысты бастамай тұрып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасының маңыздылығын халыққа кәсіби түрде түсіндіру туралы өте маңызды тапсырма берген болатын. Қазір атомшы мамандар осы ағартушылық жұмысты абыроймен атқарып келеді.