Президент әлеуметтік саланың сапалық тұрғыда жаңартуға нақты тапсырмалар берді

Dalanews 11 қаң. 2022 10:43 219

Мемлекет басшысының Үкімет басшысы мен құрамы алдында қойған маңызды міндеттерді бірнеше блокқа бөлуге болады. Мәжіліс отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына қатысты ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова осылай пікір білдірді, – деп хабарлайды Dalanews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Еліміз үшін 2022 жылдың басы өте күрделі дағдарыспен, ауыр сынмен тұспа тұс келді. Мемлекетімізге қарсы, еліміздің Конституциялық құрылымына қарсы террористік шабуыл жасалды. Оған бүкіл ел болып бірігіп, тойтарыс бердік.

Контртеррористік операцияның негізгі фазасы аяқталуға табан тіреді, соңғы мәліметтер бойынша, еліміздің барлық өңірінде ахуал тұрақты. Бұл ретте Мемлекет басшысы ҰҚШҰ-ның бітімгер күштерінің көмегі туралы Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының кезектен тыс сессиясында сөйлеген сөзінде толықтай айтып кетті.

Ал бүгінгі Мәжіліс отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы ҰҚШҰ бітімгер күштерінің негізгі миссиясының сәтті аяқталғанын мәлімдеп, екі күннен кейін ҰҚШҰ-ның бірлескен бітімгер контингентін Қазақстанның жерінен кезең-кезеңмен шығару басталатынын атап көрсетті.

Сондай-ақ, бүгін Президенттің ұсынысымен ҚР Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасы Мәжіліс депутаттарының бірауыздан қолдауымен бекітілді. Премьер-Министр кандидатурасын таңдауда мемлекетіміздің алдында тұрған мемлекеттік қаржы мен экономиканы қайта жаңғырту бойынша ауқымды міндеттерді жүзеге асыру мәселелері де үлкен рөл атқарды.

Жалпы, Мемлекет басшысының Үкімет басшысы мен құрамы алдында қойған маңызды міндеттерді бірнеше блокқа бөлуге болады. Ең алдымен, еліміздің әскери, құқық қорғау және қарулы күштер саласын реформалау мәселесі. Және ол өте заңды, әрі соңғы жағдайлар көрсеткендей – уақыт кешіктірмейтін міндет.

«Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл іс-шараларды жүзеге асыру қажет... Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек» - деді Президент Қ.К. Тоқаев.

Ол үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін, ішкі істердің арнайы отрядтарын нығайту, армияның соғысқа дайындығын күшейту, Ұлттық ұланның сандық әрі сапалық мазмұнын кеңейту шараларын, ішкі көші-қон саласын, шекара қызметін қолға алу керек екені анық.

Сондай-ақ, мамандардың және сарапшылардың пікірінше, бұл құрылымдар арасындағы өзара іс-әрекетті, біріңғай әрекет алгоритмдерін жолға қою мәселесі де өте маңызды. Бұл ретте діни экстримизм, радикалды топтардың проблемасы да өзектене түсуде, бұл жағдайға арнайы көңіл бөліп, талдау мен нақты шешімдер тетіктерін ойластырған жөн.

Екіншіден, ол экономикалық блок. Қазіргі таңда теңсіздік мәселесі, мүліктік жіктелу әсіресе байқала бастады, сонымен бірге халықтың әлеуметтік проблемалары толық шешілмей жатқаны да баршаға белгілі.

Бүгін Мемлекет басшысы осы проблемаларды ашық көрсетіп, Үкіметті көпшіліктің көкейінде жүрген «Самұрық-Қазына» қоры және басқа да ұлттық компаниялардың сатып алуларының ашықтығына қатысты мәселелерді, жекешелендіруге қатысты шешімдерінің толық, ашық әрі айқын болуы, экономикадағы олигаполия, бизнесті қолдауға арналға мемлекеттік шаралардың кемшіліктері, жемқорлық секілді мемлекеттің дамуын тежейтін проблемаларды шешуге шақырды.

Үшіншіден; мемлекет қызмет пен мемлекеттік басқару жүйесіне арналған блок. Осы уақытқа дейін де мемлекет қызметкерлердің тиімділігі туралы айтылып келе жатыр. Мемлекет қызметкерлер саны 15 пайызға дейін қысқартылды. Осымен Мемлекет басшысы қысқартуды тоқтатуға ұсынды. Алайда, бұл саладағы сапалық, мазмұндық жұмысқа аса назар бөлу қажеттілігі алға қойылды. Меритократия қағидатын дұрыс түсініп оны тиімді, әрі ақылмен іске асыруды шақырды.

Төртіншіден, әлеуметтік саланың сапалық тұрғыда жаңаруы. Ол әлбетте, халықтың әл-ауқатын, табысын көтеру, медициналық, білім беру, әлеуметтік игіліктерін кедергісіз, толық мөлшерде пайдалану, олардың қолжетімді болуымен байланысты.

Осы ретте, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әлеуметтік кодексте осның бәрі соңғы ахуалды, пандемияның салдарын ескере отырып, көрініс табу керектігіне аса мән берді.

Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттік бюджеттің 50 пайызынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады, дегенмен ол әлі де жеткіліксіз. Бұл орайда, денсаулық, балаларды қоғау, білім беру секілді салаларды қолдау мақсатында Қоғамдық қор тетігін пайдалану туралы Президенттің ұсынысы, менің ойымша, өте орынды, әрі халықаралық тәжірибеге сай.

Мемлекетті ары қарай дамытудағы осы ауқымды міндеттерді ашып көрсеткен Президент Қ.К. Тоқаевтың халықтың жағдайын жіті түсініп, әлеуметтік-экономикалық салаларда белең алып жатқан кемшіліктер мен қиындықтарды еңсеруге бар күшін салатынына бүкіл қоғам сенім артады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x