Жасан Зекейұлын аяқтан шалушылардың көксегені не?

Dalanews 31 қаз. 2020 09:01 264

Осы күні әлеуметтік желіде жалған ақпарат желдей есіп жүр. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары жайттың жай-жапсарына үңілмей, әлгі мәліметті жарыса жариялап жатыр.

Мұны әлдекімдер қасақана жасап отыр. Жасан Зекейұлын аяқтан шалу мақсатында ұйымдастырылған. Олар арам пиғылдарын іске асыру үшін аянып қалатын емес.

Анығында, Жасан Зекейұлы – жоғары білікті маман. Халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ұлтына жақын адам. Қайырымдылық шараларын жиі өткізеді. Жағдайы жұтаң жандарға қол ұшын созып келеді. Тұрмысын тіктей алмай жүргендерге тегін медициналық қызмет көрсетеді.

Жасан Зекейұлы медицина саласының ілгерілеуіне сүбелі үлес қосты. Қауіпті індет алқымнан алған тұста жүздеген адамның өмірін арашалап қалды. Міне, осындай адал жанның ар-намысы аяққа тапталып жатыр. Беделіне нұқсан келтіруде.


Гүлия Әлиханқызы әлеуметтік желіде таратқан мәлімет шындыққа жанаспайды. Қып-қызыл өтірік. Ол адам Жасан Зекейұлының жақсы атына кір келтіруді ғана көздеп жүр.

Сол себепті Жасан Зекейұлы әділдік орнатқысы келеді. Сот төрелігіне сенеді. 2017 жылы 31 қаңтарда Ұлт көшбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында: «Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет» деп еді. Еліміздің Конституциясында: «Заң алдында жұрттың бәрі тең және заң арқылы алаланбай, бірдей тең қорғалуға құқылы» деп жазылған.

Иә, Жасан Зекейұлы мен Гүлия Әлиханқызы арасындағы дау әлі тыншымады. Мүлікті бөлісу кезінде біраз шикілік болды. Жасан Зекейұлы енді әділдік орнатқысы келеді. Сол мақсатта Қытайдың Халық істері жөніндегі министрлікке арнайы хат жазды. 2019 жылдың 28 қазанында Азаматтардың хал актілерін тіркеу органынан ресми жауап келді (№19892-759). Оның мазмұны төмендегідей:

Жасан Зекейұлы мен Гүлия Әлиханқызының некеде тұрғанын растайтын құжат мұрағатта сақталмаған». Осыдан-ақ сотта көрсетілген куәліктің көшірме екенін аңғаруға болады. Олар сот шешіміне ықпал еткен құжатты қолдан жасап отыр. Бұл – қылмыс. Құжаттың көшірме екенін Қытайдағы АХАТ органы да растап отыр.

ҚХР Халық істері жөніндегі министрлігі Азаматтардың хал актілерін тіркеу Басқармасы ресми жауапты 2019 жылы 28 қазанда жіберді. Ал Жоғарғы соттың шешімі 2019 жылдың 4 қыркүйегінде күшіне еніп кеткен.

Көп ұзамай Жасан Зекейұлы «Неке» туралы куәліктің қолдан жасалғанын дәлелдеу үшін құзырлы орган өкілдеріне тағы жүгінді. Осы мәселеге қатысты қылмыстық іс қозғалып, Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы тергеу жүргізді. 2020 жылдың 22 мамырында қылмыстық істі қайта қозғау туралы шешім қабылданды.

Биылғы жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы Кейтун қаласының халықтық үкіметіне (ҚХР) ресми хат жолдады. Олар «Неке» туралы куәліктің қолдан жасалған-жасалмағанын анықтауға кірісті.

«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» екенін ескерсек, көп ұзамай бұл мәселе шешімін табады. Мұқым жұрт анық-қанығын біледі. Жасан Зекейұлы мен Гүлия Әлиханқызы некелеспеген. Оны растайтын құжат қолдан жасалған. Мұны Қытайдағы құзырлы орган қызметкерлері де растап отыр.


Біз біреуді зар қақсатып, темір торға тоғытуды көздемейміз. Жасан Зекейұлы тек әділдік орнатып, ақиқатқа қол жеткізуді ғана мақсат етеді.

Бізге бір ғана нәрсе түсініксіз... Неге әлгі адамдар жалған құжат жасатып, Жасан Зекейұлының беделіне нұқсан келтіріп жүр? Олардың көздегені не сонда?!

Қымбат АЛМАСОВА, Жасан Зекейұлының сенімді өкілі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x