Қайрат Нұртас: «Халқым қиналса қарап қалмаймын»

Dalanews 11 мау. 2019 11:05 339

Президенттік сайлаудан кейін шеруге шыққан халық өнер адамдарын іздей бастаған болатын. Бүгін белгілі әнші Қайрат Нұртас шеру кезінде қолға түскендерді босату керек екенін әлеуметтік желіде айтты.

– Иә, мен әншімін. Бұл менің бала-шағамды асырап отырған жұмысым. Осы уақытқа дейін ешкімнің жағына шыққан адам емеспін, себебі xалықтың тыныштығы мен үшін ең маңыздысы.

Алайда соңғы жаңалықтарға байланысты айтарым, xалқым қиналса қарап қалмаймын. Өйткені мені көтерген xалық!

Елімде болып жатқан жайттарға жүрегім ауырғаннан, бей-жай қарап, үнсіз отыра алмаймын. Бірақ 1986 жылғы оқиғаның, қазағымның қаны төгілгенін де қаламаймын. Құдай сабыр берсін! – дейді ол.

Өз кезегінде Қайрат Нұртас билікке халықтың әлеуметтік мұң-мұқтажын құлақ асатын кез келгенін де ескертті.

– Биліктегілерге xалықтың мұң-мұқтажын еститін кез келді. Қазақстан  Конституциясына сәйкес мемлекеттің ең бірінші байлығы ол – халық. Халыққа қарсы шығу ол Аллаға қарсы шығумен тең. Осы орайда үкіметтен барлық жан айқайын жеткізіп қамалған бауырларымды, халықты босатуыңызды сұраймын!

Бұл дүниеде барлық нәрсе Алланың қалауымен болатынында естен шығармағанымыз абзал! Алланың өз есебі бар шығар... Бүлік шыққан мемлекеттердің де оңғанын көрмедім. «Ашу дұшпан, ақыл дос» демекші, барлығына басқаша қарайық. Құдай қайырын берсін! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Мен Сіздерді жақсы көремін, – деп әнші әлеуметтік желідегі парақшасына жазба қалдырыпты.

 

https://www.instagram.com/p/Byj02EWJ1x1/?utm_source=ig_embed

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x