Болмашы партаны Беларусьтен сатып аламыз ба?

Dalanews 22 ақп. 2018 11:08 226

Іле ауданының әкімдігі 28,8 млн теңгеге Беларусьтен мектеп парталарына тапсырыс берген. Бұл туралы Талдықорғанда өткен Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету шеңберінде сатып алу саласындағы жұмыс комиссиясының кезекті отырысында мәлім болды

Комиссия хатшысы, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелері бойынша орынбасары Қанат Қабдиевтің айтуынша, 2017 жылдың тамызында Іле ауданының білім бөлімі «Темир Гранд» ЖШС-мен мектеп парталарын жеткізу бойынша келісім-шартқа қол қойған. Алғашында 19,7 млн теңге сомадағы 1376 дана тауарға тапсырыс берілген.

– Ішінара жүргізілген сараптама бойынша, техникалық сипаттамасы мен шарттар бойынша тауарды жеткізу мерзімі келісімге қол қойылған күннен бастап 20 күн ретінде анықталған. Яғни, 2017 жылдың 12 қыркүйегінен кешіктірмей қол қойылу керек. Алайда 26 қыркүйек күні қосымша келісім дайындалып, келісім-шарттың жалпы сомасы 28 863 296 теңгеге дейін артқан. Серіктестік тауарды Беларусь мемлекетінен жеткізген. Қазақстанның Жиһаз өндірушілері және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының мәліметінше елімізде жиһаз шығаратын 50 шақты кәсіпорын бар екен, – деді Қанат Қабдиев.

Сонымен бірге Қанат Қабдиев 20 күн ретінде бекітілген тапсырысты жеткізу мерзіміне назар аударуды сұрады.

– Жиһаз шығарумен айналысатын жергілікті кәсіпкерлер бұл уақыт ішінде осыншама көлемдегі мектеп партасын жеткізу мүмкін еместігін айтады, – деп атап өтті. Ал Іле ауданы әкімдігінің өкілі тарапынан жиынға қатыспау себебінен аталмыш дерек бойынша еш түсініктеме берілмеді.

Жалпы мемлекеттік сатып алу веб-порталындағы мәлімет бойынша 2017 жылы Іле ауданындағы бюджеттік бағдарламалардың 30 әкімшісі 13,339 млрд теңгеге 1164 келісім-шарт жасаған.

Отырыс барысында Қарасай ауданы және денсаулық сақтау басқармасының кәсіпкерлерді сатып алу саласында қолдау мәселелері бойынша атқарған жұмыс қорытындылары тыңдалды. Айта кетейік, Қарасай ауданы облыс бойынша сатып алудағы жергілікті құрам үлесі бойынша 74%-ті көрсетіп, жоғары көрсеткішке ие болған. Әкімдіктегілер аталмыш көрсеткішті жақсарту бойынша шаралар жалғасатынын айтты. Жалпы ауданда 2018 жылға сатып алу жүргізу үшін 4,8 млрд теңге бөлінген.

Сонымен бірге әкімдіктер мен облыстық басқармаларға өткізілетін мемлекеттік сатып алу жөніндегі ақпаратты интернет-ресурстарға жариялау және сатып алу әкімшілеріне ұсыныс ретінде жолданатын отандық тауар өндірушілер реестрін әзірлеу мен оны әкімдік сайттарын орналастыру жөнінде ұсыныстар берілді.

Айта кетейік, Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету шеңберінде сатып алу саласындағы жұмыс комиссиясының отырыстарын Талдықорған қаласында апта сайын өткізіп, онда әкімдіктер мен салалық басқармалардың сатып алу саласы бойынша жұмыстарды тыңдау жоспарланған. Өткен отырыста Талдықорған қаласы және Қаратал ауданының әкімдіктерінің, облыстық құрылыс басқармасының есептері тыңдалған болатын.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x