Талдықорғанда жетісулық ақын-жазушылардың 39 кітабы жарық көрді

Dalanews 23 мам. 2017 16:18 278

Жетісулық ақын-жазушылардың 2017 жылдың I тоқсанында Алматы облысы әкімінің қолдауымен шыққан кітаптарының тұсаукесері Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында өтті. Оқырмандарға түрлі мазмұндағы 39 кітап таныстырылды. Олардың арасында позиялық, прозалық, ғылыми және публицистикалық кітаптар бар, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Жырға тұнған мекенім - Жетісуым» атты тұсаукесер шарасының алғашқы сөзі облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға берілді.

- Мәдениет пен әдебиетке қамқорлық жасау мақсатында Мемлекет басшысы осыдан 14 жыл бұрын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Осы бағдарлама аясында 2006 жылдан бері  Жетісу қаламгерлерінің кітаптарын шығару дәстүрге айналып келеді. Жыл сайын оқырманға жол тартқан жаңа жинақтар өңірдің руханиятына үлкен үлес болып қосылып, жас ұрпақтың танымын кеңейтуге ықпал етіп келеді, - деді Ж. Омар.

Сонымен қатар Ж. Омар облыс кітапханаларына енгізіліп жатқан «Электронды мемлекеттік кітапхана қоры»жобасы шеңберінде шығарылған кітаптардың сандық таспаға енгізужүріп жатқанын және басқа да атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

Мұнан соң «Сезім сыры» кітабының авторы Хасен Көптілеуов ақ батасын беріп, Қазақстанның халық әртісі, актер Нұржұман Ықтымбаевпен бірге кітаптардың лентасын қиды.

Тұсауы кесілген кітап авторлары өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды. Олардың қатарында Қазақстан Сурет академиясының президенті Аманқос Ақанаев,«Картиналар топтамасы» фотоальбомының авторы Марат Нүсіпов, «Жеңіс - Победа» кітабының авторы Виктор Никитин, «Айқабақ» кітабының авторы Әміре Әрін, сол сияқты «Тау мен өзен баяны», «Жетісуға құйылған жылғалар» атты жинақ кітаптарының құрастырушылары Ерлан Жүніс, Есболат Айдабосын және басқалары бар. Сөз сөйлегендер Алматы облысында әдебиеттің дамуына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтіп, кітап шығаруға көрсетілген қолдаулар үшін ризашылықтарын білдірді.

Жалпы, облыс әкімінің қолдауымен 2006-2016 жылдар аралығында «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында 327 автордың 402 млн. 597 мың теңгеге 281 838 кітап шығарылған.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x