Тайжанның таңдаған жолы дұрыс па?

Dalanews 20 нау. 2017 08:33 259

Біздің елде өздерін оппозициялық күштердің серкесі санайтын ағаларымыз сынауды ғана меңгерген, ал күресуге икемсіз. Сондықтан болса керек, билікпен мәмілеге келіп, мәселе шешуге ұмтылған азаматтарды «сатқын», үш әріптің «тапсырмасын орындаушысы» деп сыртынан айдар тағып, өз бағасын беретін жаман әдет қалыптасқан.

Мойындайықшы, оппозицияның «безупречный» болғанынан не пайда? Ашығын айтсақ, халыққа олардың «безупречный» (кейде мұндай саф-тазалыққа күдік келітіретін кездерімде болады, бұл енді үлкен дауға тұздық болатын бөлек әңгіме) болғанына ешқандай пайда жоқ? Тазалық әркімнің жеке мәселесі.

Ал билікпен күресушілер иіліп, бүгілетін, керек кезінде алға екі қадам жасап, дәл уақытында бір қадам артқа шегінуге де дайын болуы керек. Ал біздің «ертеден» келе жатқан оппозиционерлер буыны қатып қалған. Тек қана алға жүреді (олардың әрекеті «задний ходы» жоқ «Урал» мотоцикілін еріксіз еске түсіреді).

Жасырып қайтеміз, біздің бұл әңгімемізге белгілі оппозициялық журналист Ермұрат Бапи мен саясаттанушы (негізі қоғам қайраткері десек жарасар еді) Мұхтар Тайжанның арасындағы дау себепші болды. Журналист ағамыз өзінің Фейсбуктағы жазбасында Мұхтар Тайжанды Ақорданың саяси қақпанына түсіп, ел алдында «саяси концерт» беріп жүрген «тапсырма орындаушы» екенін ащына жазып, өкініш білдіріпті. Тайжанның бар айыбы билік өкілдерімен кездесіп, мәселені конструктивті бағытта шешуге ұмтылуы себепші болыпты.
Сонда оппозициялық күштердің билік өкілдерімен кездесуіне болмай ма? Саяси күресті оппозициялық ар-ожданына дақ түсірмеу деп ойлайтын ағаларымыз билікпен бір үстелдің басына жиналып, әңгіме айтпаса саяси диалог қалай өрбиді? Осы жағын ойлаған адам бар ма?

Оппозициялық күштердің серкесі саналатын Болат Әбіловтер күндіз билікті сынаса, кешке жиын-тойларда билік өкілдерімен бір дастархан басында басқосатынын ара-тұра естіп, көрдік қой. Бұл үшін Әбіловті айыптап, сөгіп жатқан адамды көрмедік. Әлде билікте жүрген азаматтарға жақындасаң, жұғып кететін қотыры бар ма?

Билік оппозицияны өзіне қарсылас санасын десек, мұндай ойдан арылуымыз керек. Сондықтан Мұхтар Тайжан прокурормен, министрмен кездесіп мәселені талқыласа, оны «сатқын», биліктің «тапсырмасын орындаушы», үш әріптің жобасы деп қара күйе жағу, саяси мәденитеке жатпайды.

Ермұрат ағамыз «Президент әкімшілігіндегі шенділер, министрлер мен прокурор мәселе шешпейді, олармен кездесудің қажеті жоқ» деп тіке кетіпті. Ерекең тек қана Назарбаевпен келіссөз жүргізуді жөн санайды екен. Бірақ біздің саяси жүйеде бұл мүмкін емес қой.

Айтпақшы, Ермұрат ағамыз жер дауы ұшыққан кезде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекпен кездесіп, мәселе талқылаған азаматтардың қатарында болды емес пе? Сол кезде оны билікпен ауыз жаласты деп ешкім айыптаған жоқ.  Қайта халықтың ой-пікірін жоғарыға жеткізетін болды деп қуандық. Ал Мұхтар Тайжанның прокурор, министрлермен кездесуі ағамыздың арқасына неге аяздай батады?
Бүгінде билік халықпен санаса бастады. Жерді жалға беру мен сатудың тоқтауы, 26 баптың өзгеріссіз қалуы биліктің халық алдында тізі бүгуі деп мойындауымыз керек. Осы мәселелер мемлекеттің мүддесіне сай шешілуіне Мұхтар Тайжан да, Ермұрат Бапи да өз үлестерін қосты. Бұл талассыз шындық. Тайжан өзінің мәмілегерлігінің арқасында бұл іске қозғау салса, Бапи бірбеткейлігімен табандылық танытты.

Сондықтан билікке тізе батырып, мемлекет мүддесін қорғап жүрген азамттардың бірін-бірі «тапсырма орындаушы» деп айыптағанын құптамаймыз.
Әр заманда саясатпен айналысқан адам конструктивті бағыт ұстануы керек. Қазір қатып қалған қағида жоқ. Билікті бағытынан 180 градусқа бұру мүмкін емес. Олардың бағытына «корректировка» жасау маңызды.

Сондықтан Мұхтар Тайжанның таңдаған жолы заманға сай деп есептеймін. Ол билік өкілдерімен кездескенде кез келген ортақ келісімге мемлекет тұрғысынан корректировка жасауға ұмтылатын азамат. Бұл үшін Тайжан биліктің «концертін қойып» жүр деп айыптаудың еш жөні жоқ.

Нұрлан ЖҰМАХАН

(жазба автордың Фейсбуктағы парақшасынан алынды)

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x