Наурызды уақытымен тойлау қашан дағдыға айналады?

Dalanews 15 нау. 2017 17:07 267

Наурызды тек көжемен байланыстырып, көжеге тою деп түсінетіндер бар. Наурыз – ең алдымен, шаруа мейрамы, тазалық мейрамы. Үйдің іші-сыртын тазалап, күл-қоқыстан арылтып, сынған кесе-табақты тастап, орнына жаңа зат алып жаңалап солай Наурызға дайындалу қажет.

Наурыз күні қой соятындар бар... Табиғаттың жаңарып, түлеп жатқанында, жан-жануар біткен қыстан шығып мал төлдейтін уақытта қай қазақ мал сойып еді? Бұл күні – 22 наурызда құрылыс бастамайды, ау салмайды, іс тікпейді, мал соймайды, тұзақ құрмайды... Наурыз – көңіл мейрамы, жақындарыңа сыйлық беріп қуант. Наурыз саған бірде – ерте, бірде кеш жүре беретін қоғамдық көлік емес, тура уақытында, өзінің ретімен 21-інен 22-сіне қараған түні келеді. Сондықтан бәрі рет-ретімен атқарылғаны дұрыс.

Қазір әйтеуір өткізу керек деп апыр-топыр, әсіресе 22 наурыз жексенбіге түссе, жұма күні мейрамды атқара салатын болдық. Бұл не деген ауажаюшылық?

Осыны өз басым осыдан бірнеше жыл бұрын апамның аузынан естідім. Сол уақыттан бері орындап келе жатырмын. Наурыз бір күндік науқан емес, бір апта бұрын үйіңді тазала, аулаңды ретте, бір ай бойы наурыз көжеңді дайында... Жақын-жуығыңа дәм татқыз.

 

Айгүл Болатханқызы

(жазба автордың "Фейсбуктағы" парақшасынан алынды)

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x