Ләйлә Сұлтанқызы, «Балапанның» бағын байламаңыз

Dalanews 10 нау. 2017 04:44 403

Ерлан Қариннің «Қазақстан» ұлттық арнасына басшылыққа келген күннен бастап көпшілік үміт күтуде. Қызметке жаңадан кіріскен Ерлан мырза маңдаймызға басқан Ұлттық арнаның тәрбиелік мәні жоқ үнді сериалдарын көрсетуіне тоқтау салды. Бұл үшін оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әйтпесе бұған дейін арна басшылары «тек қана отандық телетоптамаларлды көрсетеміз» деп уәделерін орындай алмай келген еді.

Ерекеңе айтар бір тағы бір уәжіміз бар. Бүгінде Ұлттық арнаның құрамында бірнеше телеарна қосақталған. Солардың бірі – «Балапан» арнасы. Бүлдіршіндермізге тәлім-тәрбие беретін мұндай арна еліміз үшін аса қажет екенін бәріміз түсінеміз.

Алдағы уақытта «Балапан» арнасы Nickelodeon мен TiJi-дің орынын басу үшін көп жұмыс істеуі керек? Қазір «Балапанды» ауылдың балалары ғана қарайды, ал қаланың балалары жоғарыда айтқан екі арнаның тұрақты «көрермені» десек қателеспейміз. Біздер ауыл мен қаладағы бала біткеннің бәрі «Балапанның» көрермені болғанын қалаймыз. Әрине, бұл үшін шетелдік арналармен қалыспай, бәсекелесіп жұмыс істеу керек.

Бұл ретте «Балапан» арнасы қазақы өмірге лайық, заманауи мультфильмдер түсіруі керек.

Меніңше, «Балапан» арнасының қазіргі басшылғы мұндай биік деңгейде жұмыс істей алмауда. «Балапан» арнасы дегенде оның директоры Ләйлә Сұлтанқызы есімізге түседі. Ал Ләйлә Сұлтанқызы есімізге түскенде әнші-әртістерді (бір рет қызтекені тауып, хабар жасағанын да елдің есінде) жинап алып, «Әйел бақытында» әңгіме соғып отырған шоу-жүргізуші еске түседі. Құды бір қыс болып, тұрып жадырап жаз шыққандай әрі-сәрі күйге түсесің. Осындай бір-біріне кереғар көріністер әрқайсымыздың ой-санамызда шарлап жүргені жасырын емес.
Ләйлә ханым «Әйел бақыты» бағдарламасы сәтті шығуы үшін бар күш-жігерін жұмысап, еңбектенініп жүргенін жоққа шығармаймыз. Иә, қоғамда сұраныс болғаннан кейін мұндай бағдарламаның болуы заңды. «Әйел бақытының» шаруасымен жүгіргенде Ләйлә ханымның «Балапан» үшін «бас ауыртатындай» мүмкіндігі де болма ма? Жарайды, мүмкіндігі жетті делік. Бірақ халық алдындағы моральдық келбетін қайда қоямыз? Осы жағын ойлаған адам бар ма?

Сондықтан «Балапан» арнасын дамыту үшін оның басқару тізгінін балалардың таным-түсінігін, психологиясын жетік білетін маманға тапсыру керек. Әйтпесе «Балапан» осы биігінен ары қарай көтеріле алмайтыны анық. Бұл ретте біз әріптесіміз Ләйлә Сұлтанқызының қызметіне көз алартып, мұқатайық деген ойымыз жоқ.

Сөз жоқ, Ләйлә ханым жұлдыздарға қатысты бағдарламаларды дайындауда мықты маман. Ал балаларға қатысты арнаның басшылығында балалардың жанын түсінетін маман отыруы керек. Әріптесіміз екі кемінің құйрығын ұстау қашанда қауіпті екенін біз айтпасақ та, өзі де біледі.
Әңгіме арасында «Балапан» балаларға арналған мықты арнамен бәсекелесуі үшін тартымды мультфильмдер түсіруі керек екенін айттық. Қазіргі таңда мемлекеттік мультфильм түсіруге бөлген қаржысын «Қазақфильм» игереді. Меніңше, сол қаржыны «Балапанға» бұру керек. Бұл үшін «Балапанның» басшысы биік мінбелерде ойын ашық айтып, ісінде табандылық танытатын қайраткер адам болуы тиіс. Ал мұндай харизма Ләйлә ханымның бойында бар деп ешкім айта алмасы анық.

Мәселенің мәні түсінікті болуы үшін көз алдыңызға мына бір көріністі елестетіңізші, Мәденеит министрі Арыстанбек Мұхамедияұлы мен «Қазақфильмнің» директоры Бақыт Қайырбековтың алдында мемлекеттің мультфильм түсіруге бөлінген қаржысын «Балапанға» бағыттау керек екенін Ләйлә ханым талап етіп жатыр делік. Ләйлә Сұлтанқызы қанша танымал болса да оның қолынан мұндай іс келмесін анық. Сондықтан Ерлан Қарин біздің ұсынысымызға мән беріп, «Балапанның» басшысын ауыстырып жатса, осы бір көріністі ой елегінен өткізіп алса жақсы болар еді.

 

Нұрлан ЖҰМАХАН

(мақала автордың Фейсбуктағы парақшасынан алынды)

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x