Гүленді қайтарыңдар!

Dalanews 17 шіл. 2016 02:29 236

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған әскери бүлікті ұйымдастыршыларды қатаң жазалауды елдің заң шығарушы органы қарастырып жатқанын мәлімдеді. Алдағы уақытта бүлікшілер өлім жазасына тартылуы мүмкін. Сондай-ақ, Ердоған АҚШ-тан әскери бүлікке қатысы болуы мүмкін деген күдікті алға тартып Фетхуллаһ Гүленді қайтаруды батыл түрде талап етті.  

– Мен АҚШ президентіне қаратып айтамын, бізге бұл адамды қайтарыңыздар. Бұған дейін менің сөзіме құлақ аспадыңыздар. Түркияда орын алған әскери бүліктен соң бұл мәселені жауапсыз қалдырмайтындарыңызға сенемін. Егер де бізді стратегиялық әріптес санасаңыздар, өтінішімізді орындауға тиіссіздер, – деп Ердоған әріптесі Барак Обамаға талап қойды.

Ал Гүлен болса, сенбі күні өзінің әскери бүлікке қатысы жоқ екенін мәлімдеген болатын. Жалпы Түркия билігінің алыста жатқан Гүленді бұған дейін де талай рет айыптап, АҚШ-тан оны елге қайтаруды талап еткен-ді.

Әзірше ресми Анкараның сәлеміне Ақ үй қожайыны жауап қатқан жоқ. Оқиға орын алғаннан кейін АҚШ президенті Барак Обама әскери бүлікті ұйымдастырып, қолға түскендерді заң шеңберінде жазалау қажеттігін айтқан болатын.

Дегенмен бұған дейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри Түркия билігі  Фетхуллаһ Гүленнің айыбын дәлелдеуі керек екенін ескерткен еді. Енді қайтер екен?

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x