Ресейге танымал өнер иелерімен әңгіме

Dalanews 24 мау. 2016 07:08 232

Ресейдің еңбек сіңірген артисі, Волков мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Ярославль мемлекеттік театр институтының ректоры, профессор  Сергей Куценко мен оның жұбайы – Ярославль мемлекеттік театр институтының «Актер шеберлігі» кафедрасының профессоры, қоюшы-режиссер Татьяна Куценкомен арадағы әңгіме өнер саласындағы жетістіктері мен театр, режиссура, кино жайында өрбіді. Ресейге танымал зиялы кісілердің әңгімесінің шынайылығы, кішіпейілдігі, ең бастысы өнер жолындағы табанды еңбегі тәнті етті.

[caption id="attachment_16859" align="alignleft" width="284"]скачанные файлы Сергей Куценко[/caption]

 – Сергей Филиппович, Ярославль – Ресей театр өнерінің орталығы әрі мәдени астанасы. Оны көпшілік Ресей жеріндегі байырғы кәсіби театрдың орын тепкен мекені деп  біледі. Бұл театрдың сахнасында өнер көрсету кез келген актердің арманы. Мұнда Сіз қалай келдіңіз? Негізі, өзіңіз Воронеж зиялыларының отбасынан шыққан азаматсыз ғой...

Иә, менің ата-анам украин музыкалық-драма театрының актерлері болатын. Анам – Украинаның еңбек сіңірген артисі. Бала кезімде кешқұрым уақыттары мен театрға барып «Тарас Бульбаны», украинаның бояуы қанық комедиялары – «Наталка Полтавка», «Сватанье на Гончаривце», «Запорожецтерді» тамашалайтынмын. Әкем әнді керемет айтатын, «Запорожецтегі»  басты партияны орындайтын. Оның поэтикалық театр әлеміндегі  лирикалық тереңдікке негізделген кейбір партиялары әлі күнге  жадымда сақталған. Ал әпкем Надежда Филипповна – пианист, Харьков консерваториясын бітірген.

Мен Ярославльге 1984 жылы РСФСР Халық артисі Глеб Дроздовтың шақыруымен келдім. Волков театрының сахнасына кез келген актер шыға алмайды. Кіл шығармашыл тұлғалар шоғырланған бұл ортаға сіңісіп кету маған да оңай болмады. Әлі есімде, алғаш келгенімде, сахнаға шығатын сәттерде спектакльден босатылған актерлерге қоса цехтағы жұмысшылар, бет әрлеушілер мен реквизиторлары бар – бүкіл труппа  «осы қайтер екен...» дегендей сынай қарайтын. Сонда мені өмірлік мектебім мен актерлік тәжірибем алға жетеледі. Көп уақыт өтпей-ақ, кірпияз шығармашыл ортаға мен өзімнің кім екенімді дәлелдедім.

Кәсіби сахнадағы алғашқы роліңіз туралы айтып берсеңіз. Өнердегі жол сілтеуші ұстазыңыз кім?

– Воронеж институтын бітіргеннен кейін, 1975 жылы мені Ставрополь драма театрына жіберді. Мұндағы тұңғыш орындаған С.Стратиевтің «Римская купальня» деп аталатын пьесасындағы кішігірім роль болатын.  Мұнда 5 жыл жұмыс істедім. 1982 жылы әскерде азаматтық борышымды өтегеннен  кейін, жұбайым екеуміз оның ата-анасы тұратын Воронеж қаласына келдік, демалыс алып. Бақытыма орай, сол жерде мен Глеб Дроздовты жолықтырдым. Ол Воронеж драма театрының бас режиссері және институттың кафедра меңгерушісі еді. Кездескен сәтте маған: «Сені театрға алайын, ал Татьянаға  кафедрадан жұмыс беруіме болады», – дегенді айтты. Сөйтіп, Татьяна Николаевна «Актер шеберлігі» кафедрасына орналасып, педагогикамен айналыса бастады. Бұл кафедраны мәскеулік ГИТИС-тің ұстаз-профессоры Ольга Ивановна Старостина мен Щукинск училищесінің профессоры Борис Григорьевич Кульнов ашқан. Бұлар ерлі-зайыпты кісілер еді. Біз Татьяна Николаевна екеуміз 1975 жылы осы Воронеж мемлекеттік театр институтын бітіріп,  драма театры және кино артисі мамандығын  алғанбыз. Сонда ұстаздарымыз жасы ұлғайғанына қарамастан, бізге тәлім-тәрбие беріп, кәсіби маман болуға баулыды. Қазір осындай ұстаздардан тәлім алғаныма мың да бір шүкіршілік етем. Ал РСФСР-дың Халық артисі, Станиславский атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Глеб Борисович Дроздов – менің  өнердегі һәм өмірдегі ұстазым.

– Естуімізше, 80-жылдары Ф.Волков атындағы Ресей мемлекеттік академиялық драма театрында қойылған Дроздовтың спектакльдері есте қаларлық құбылыс болатын деседі... Енді өзіңіз жұмыс істейтін Волков театры мен институттың Оқу театрының репертуары туралы айтып беріңізші.

– Оқу театры – студенттің бойындағы таланты мен мүмкіндіктерін ашуға көмектесетін тұңғыш кәсіби сахна. Алғашқы ролің, алғаш қол жеткізген табысың, көрерменнің саған деген ықыласы – осының барлығы Оқу театрында жүзеге асады. Жыл сайын біздегі Оқу театрының сахнасында орыстың халық ертегілері мен И.А. Бунин, А.П. Чехов, А.И. Куприн сияқты жазушылардың шығармалары негізінде неше түрлі сахналық этюдтер қойылады. Репертуарымызда Н.Птушкинаның «Жемчужина черная, жемчужина белая», В.Ибрагимбековтің әскери тақырыпқа жазылған «Прикосновение»  атты қойылымдары мен қазіргі заманғы италиян пьесаларының негізінде қойылып жүрген «Осторожно, Италия!» деген музыкалық комедиясы бар. 2010 жылы Оқу театрында жөндеу жұмыстарын аяқтап, оның интерьерін, көрермен залы мен сахнасын жаңарттық. Қазір театрымыз заманауи дыбыс және жарық беру құрылғыларымен қамтылып, қаладағы өнер сүйер қауымға қызмет етер камералық сахнаға айналған.

Өзім қызмет ететін Волков театрына келсек, Дроздов мұнда Н.Погодинді қойғаннан кейін, осы театрдың бас режиссері боп қызметке келді. Бұрыннан  спектакльдерінде көп ойнағандықтан, ол кісіні жақсы білемін әрі жақсы көремін. Оның үстіне өз ісінің шебері, адамның жан дүниесін түсінетін, қай істі де сеніп тапсыра білетін азамат болғандықтан, «Театрға кел», – деп шақырғанында ойланбастан бардым. 3 жыл бойы мен Н.Гогольдің «Женитьбасында», А.Гельманның «Зинулясында», А.Карелиннің «Змееловында» ойнадым. Дроздовтың спектакльдері әрқашан да мерекедей боп өтетін. Соның себебін қазір ойлап қарасам, уақыттың ағымын, тынысын өте дәл сезетін, соны алдын ала біліп, қоғамның тамырын басып отыратын режиссер екен.

[caption id="attachment_16860" align="alignright" width="305"]image-08-06-16-18-56-13 Қазақ студенттері талантты дейді Куценколар отбасы[/caption]

– Сергей Филиппович, Сіздің жұбайыңыз Татьяна Николаевна да – ұстаз, театр институтының профессоры әрі белгілі қоюшы-режиссер. БАҚ шолуларынан оның М.С.Щепкин атындағы театрдағы қойылымдарымен жұртшылықты тәнті еткендігін білеміз. Ол кісі әрі актер шеберлігі бойынша шеберлік сағаттарын, Ярославльдегі зиялы қауымның түрлі іс-шараларын өткізеді екен.  Біраз киноға да түстіңіз. Сіздіңше, кино мен театр режиссурасы бір-бірімен қабыса ма?

– Бұл екі нәрсе шығармашылық қызметтің мүлдем екі басқа түрі. Кино дегеніңіз – бұл техника мен технология да, ал театр – адамзат рухының жанды өмір сүруі. Татьяна Николаевна екеуміздің екінші басты кәсібіміз – театр педагогикасы болып табылады. Бізден бітірген түлектер қазір кең байтақ Ресейдің түкпір-түкпірінде Архангельск, Владимир, Тула, Тверь, Рязань, Петрозаводск, Иваново, Кострома, Пенза, Калуга, Краснодар, Белгород, Ростов на Дону, Рига, Таллин, Вильнюсте қызмет етіп жүр. Ресейдің кішігірім қалаларына арнайы жолдамамен жіберілетін актерлік топтарды дайындаймыз. Мысалы, Архангельск облысындағы Коглас қаласының тұрғындарының саны небәрі 70 мың. Ол жерде театрдан басқа ешқандай мәдени орын да жоқ. Біз сондай елді мекендерге мәдениет дәнін себуге атсалысамыз. Сырттай оқу бөлімінде де мамандарды дайындаймыз және ұстаздарымызды сол жақтарға жіберіп отырамыз. Біз таланттарды анықтау үшін жыл сайын «Ресей театрының болашағы» атты театр фестивалін өткіземіз. Татьяна Николаевна маған осы істе көп көмектеседі. Оның орыс классиктері А. Пушкин мен Ю. Лермонтов шығармалары негізінде қойылған режиссерлік қойылымдары Белгород қаласындағы М.С. Щепкин атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында табысты өтті.

Куценкофото7– Сергей Филиппович, болашақ актерлерді дайындаумен қашаннан бастап айналыстыңыз? Өзіңіз оқу орнын басқарасыз, ректорсыз әрі Волков театрының белді актерісіз. Актерлік пен ректорлық рольді қатар алып жүру қиын емес пе?

Қиыншылығы бар, әрине, бірақ, жауапкершілігі басымдау. Театрда мен өзіме ғана жауап берсем, қазір менің мойнымда бүкіл бір ұжымның жүгі бар. Оның үстіне басшы ретінде оқу ғимаратының жай-күйін, оған жасалатын жөндеу жұмыстарына, Министрлік тарапынан «институттың заман талабына сай» дейтін мақұлдауына қалай қол жеткізем деген нәрселерге де бас қатыруым керек...  Театр институтына мені Глеб Дроздов өз курсына екінші ұстаз ретінде шақырған болатын. Бұл – училищені бітіріп, жоғары білім алуға келген сырттай оқитын актер студенттер еді. Бірте-бірте мен актерлік курстың жетекшісі, сосын оқу орнының ректоры болдым. Бірақ ректор болуды мен ешқашан мақсат етіп қойған емеспін. Өйткені, менің сахнада жүргеніме биыл 41 жыл... Өмір өзі осыған алып келді, сосын жеңді түрдік те, кірісіп кеттік. Мұнда келгенде мен ең алдымен Оқу театрының жөндеу жұмысын қолға алдым. Себебі, ол кезде театр жартылай құлағалы тұрған ғимарат болатын. Қазір онда заманауи техникамен жабдықталған 190 орындық оқу театры жұмыс істеп тұр. Алдағы уақыттары мен Студенттік жатақханалардың құрылысына арналған федералды бағдарламаға қол жеткізуді мақсат етіп отырмын. Құдайға шүкір, биыл біз тоғызыншы курсымызды бітірткелі отырмыз. Қазір шәкірттеріміздің 94 пайызы театр, телевизия, радио және кино саласында қызмет етуде. Институтымыздың атақты түлектері: Андрей Болтнев, Владимир Толоконников, Юрий Цурило, Анна Самохина, Виктор Гвоздицкий, шоумен Сергей Крылов, Александр Робак, Анна Яновская, Ирина Гринева, Евгений Марчелли, Владимир Гусевтер.                 

Куценкофото6– Биыл Ярославль мемлекеттік театр институтынан қазақстандық актерлер труппасы түлеп ұшқалы отыр. Туыстас халықтар арасында мәдени достастықты бұлайша қолға алу идеясы қалай туып еді?

– Бұл жөнінде Сізге рұқсат болса, Татьяна Николаевна айтып берсін.

Татьяна Николаевна:

– Мен қазақ жастарын алғаш Мәскеуде өткен Чехов атындағы конкурсқа барғанда көрдім. Мені олардың сыртқы фактурасымен қоса, роль ойнағандағы шынайы мінез-құлқы тәнті етті. Қазақтар сұлу да адал, турашыл әрі мінезге бай халық екеніне куә болдық. Сондықтан, мен оларды бізге оқуға шақыруға бел будым. Сол жылы Алматыға келіп, іріктеу емтихандарын өткіздім. Алматы – сұлу қала екен, маған әсіресе таулары мен көлдері қатты ұнады. Алматының апорты туралы бұрын естуім бар еді, енді дәмін таттым.

– Қазір Оқу театрында дипломдық жұмыстар көрсетіліп жатыр деп естідік? Шәкірттеріңіз үміттеріңізді ақтап жатыр ма? Емтихандар қалай өтуде?

– Қазақстандық шәкірттеріміз үмітімізді ақтады! Дипломдық 6 спектакліміз үлкен табыспен өтті. Олардың көбінде біздің қазақ студенттері ойнайды. Олар өздеріне тапсырылған іске өте жауапты қарайтын жастар болып шықты. Адал еңбектерімен аса күрделі комедиялық материалды да шебер меңгеріп алды. Ең бастысы, олар бұл спектакльдің музыкасын басынан аяғына дейін жанды дауыспен дыбыстап шықты. Арасында қазақтың халық әндерінің әуездері де қолданылды. Осы арқылы біз көрерменді де, қазылар алқасын да таңырқаттық! Болашақта біз қазақ ақын-жазушыларының және драматургтерінің шығармаларын сахналық этюдтер мен спектакльдерімізге қосқымыз келеді.

– Диплом алғалы жатқан қазақ жастары жақында елге қайтады. Оларды «Куценко» атап кеткен екенсіздер... Студенттік шақтар, әсем қала Ярославль бұл жастардың жүрек түкпірінде қалары анық. Екеуіңізге және институттың оқытушы-профессорлар құрамына қазақстандық студенттердің ата-анасы мен отандастарымның атынан алғыс білдіремін!

– Рақмет, қазір біз жаңа оқу жылына курс қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бауырлас Қазақстаннан келем дейтін талапкерлер болса, тағы да есігіміз айқара ашық! Жастар өз мүмкіндіктерін сынап көрулеріне болады. Әйгілі кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Владимир Толоконников те біздің оқу орнын бітірген. Ал Совет Одағының Батыры Әлия Молдағұлова соғыс жылдарында Ярославль облысындағы Рыбинск әуе-техникалық училищесінде білім алған. Отанымызды, жерімізді фашистік басқыншылардан қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан.

– Иә, Сіздердің 70-жылдардағы түлектеріңіз Владимир Алексеевич қазір Алматыдағы Ю.Лермонтов атындағы Республикалық орыс драма театрында жемісті еңбек етіп жүр. Оның «Собачье сердце» кинокартинасындағы атақты ролі есімізде қалған, бүгінде баршамыз бұл азаматты мақтан тұтамыз! Олай болса, Сіздердің қазіргі шәкірттеріңіз де аға ұрпақ сияқты өз ісінің шебері, кәсіби маман боп елге абыройлы оралады деген сенімдеміз. Сіздерге шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Жанат БЕКБОЛАТОВА,


Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,


«Қазақстан» Ұлттық телеарнасының редакторы 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x