Таңдауымыз – тұрақтылық, бағытымыз – бірлік

Dalanews 04 мам. 2016 11:46 191

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Бірлік – қасиетті сөз. Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы баяндалған. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», – деп әмір етсе, Оның Елшісі: «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.

Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғамдарында, өлең-жырларында бірлікті насихаттаған. Майқы би бабамыздың:

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге бола бермек. Төле бидің: «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деуі де тегін емес. Осынау парасатты пайымдаулар халқымыздың санасында сақталып, досқа қамқор, өзгеге өнеге көрсетіп, бірлікті ту етіп келеді.

Биыл Алланың бізге берген нығметі – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейлі мерекесі. Сіздерді осынау Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойымен және 1 мамыр бірлік мерекесімен құттықтаймын.

Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, Тәуелсіздігімізді баянды еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!

 

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x