Нюшасыз күнің қараң ба, Қайрат?!

Dalanews 18 желт. 2015 03:19 310

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында сауықшыл жұрт Қайрат Нұртастың «Мен ғашықпын» концертін тамашалап, дағдарыс басқан еңсесін бір тіктегендей болды. Әнші-әртістің ордасына айналған «Қазақстан» телеарнасы бұл концертті алдын ала бірнеше ай бойы жарнамасын жасап, тойшыл қауымның делебесін қоздырғанына куә болдық.

Ұлттың мақсат-мүддесін көздейді деген «Қазақстан» арнасы Қайраттың қол-аяғын жерге тигізген жоқ. Олар бұл концерт «Жылдың басты оқиғасы» деп пәтуа шығарып, барша халықтың Астана мен Алматыға жиналуы керектігін таң атып, кеш батқанша жарнамалаумен болды.

Құдды «Қазақстан» арнасының Қайрат Нұртастың концертінен басқа жұмысы жоқ сияқты.

Несін жасырамыз, соңғы уақыттары «Қазақстан» арнасы Ұлттық телеарнадан гөрі үлкен продюсерлік орталыққа айналып кетті ғой. «Жұлдыздар фабрикасы» деген дұрыс шығар. Мұндай сұмдық жарнамадан кейін қалайша концертке келмейсің. Жарнаманың арбауына түскен жастарымыз барын киіп, бақанын қолына алып Астана мен Алматыға ағылды.

maxresdefaultАйтпақшы, Қайрат Нұртастың концертінің арқасында Тимати мен Нюша тойшыл қазақтың алдында жарнамасын жақсылап жасап алды. Біздің жанымызға батып, қолымызға қалам алуымызға осы себепші болды. «Қазақстан» арнасынан таралған жарнаманың тең жартысы Қайратқа арналса, қалған жартысы Тимати мен Нюшаның мерейін тасытып, бағасын асырды.

Бірден айтайық, Ресейдегі көп әншілердің бірі саналатын Тимати мен Нюшаға талантты әншіміз Қайрат Нұртастың жігі-жапар болғаны бізге ұнаған жоқ. Орыстың екі әншісі болмаса жұрт концертке келмей қоятын ба еді? Шыны керек, концертті ұйымдастырушылардың басында осындай күмән-күдік болған сияқты.

Осыдан 10 жыл бұрын орыс әншілері қазақ әншілерімен дуэт айтуға арланушы еді. Олар қазақ әншілерімен қосылып ән айтып, деңгейін түсірмеуге тырысатын. Ал қазір жағдай өзгерді. Күн өткен сайын Қазақстан табиғи түрде дамып, жеке мемлекет ретінде әлемдегі орнын айқындап келеді.

Ал біздің әнші-әртістер өзінің қандай елде тұратынын түсінбеуде. Әншілеріміз орыс әншілерімен қосақталып, сахнаға шығуға құмар. Жай шығып, ән айтса бір сәрі.

Концерт басталмай жатып, әлгі орыс әншісімен қосылып ән айтатынын, болашақта бірігіп ән жазатынын (кейде бұл армандары орындалмай қалады) айтып, газет-журналға сұхбат беріп, өзін барынша төмендетіп, орыс әншілерін барынша жоғарылатып көрсететін әдет қалыптасты. Бұл қазақ әншілері арасында үрдіске айналып барады.

pogudx63ugg47k9r2.19b0b0feОсыған дейін қазақ-орыс тілінде қатар ән салатын әншілеріміз жергілікті халық арасынан тыңдаушыларын таба алмаған соң, орыс әншілерін ән кештеріне шақырып, қойыртпақ, микс концерттер ұсынып, аудитория жинауға күш салатын. Ал таза қазақтілді аудиторияның әншісі саналатын Қайрат Нұртастың орыс әртістерімен әмпей-жәпей болуын қазақтілді тыңдармандарға жасаған опасыздық десе болатындай.

Біршама жыл бұрын қазақ жастары Алматыда өткен концертте Қайраттың әнін тыңдаймыз деп, соңында ұйымдастырушылардың кесірінен шу шығып, бейкүнә жастарымыз қоғамдық тәртіпті бұзушы ретінде, темір торға қамалғаны есімізде.

Сол кезде біздер қазақтілді тыңдармандардың Қайрат Нұртастың шығармашылығын қаншалықты жоғары бағалайтынын байқап, тәнті болдық. Сол бір шудан кейін Қайрат Нұртастың да жолы «болыңқырамай» біраз уақыт қиын жағдайды бастан өткерді. Бірақ жүздеген мың қазақтілді тыңдарманның арқасында Қайрат көлеңкеде қалып қойған жоқ. Жұлдызы жарқырап, күн өткен сайын абыройы асқақтады.

Өкінішке орай, Қайрат бауырымыз қазақтілді аудиториясына адалдық таныта алмады. Күні кеше ғана өткен концертінде орыс әншілерін төбемізге шығарып, солардың қолбаласына айналып, көпшілікті әрі-сәрі күйге түсірді.

Ақша үшін Сайлаубекпен қосылып ән айтуға дайын Тиматиге Қайраттың жалпақтауы орынсыз болды. Сайлаубек пен Тимати, Абай Бегей мен Тимати қосылып ән айтса түсінер едік. Ал Қайраттың орыс әншілерге бас иіп, мұқтаждық танытуын ақылға жеңдіре алмай-ақ қойдық. Өйткені Қайрат Қазақстанның ең талантты әншісі.

Қалың қазаққа аяулы әншінің орыс әншілеріне жалпақтауы өте орынсыз. Қайрат Нұртас Тимати мен Нюшасыз да аудитория жинайтын талантты әнші еді. Талантты әншінің жөнсіз үрдіске еріп, деңгейін төмендетуі кімге керек? Есіңізде болса, Астанада өткен «МУЗ-ТВ 2015. Гравитация» шарасын қазақтілді орта орыстардың «мәдени экспансиясы» деп бағалап, қазақ әншілері сауал тастағанда «МузАРТ» тобының атынан Сәкен Майғазиев фейсбуктегі парақшасында не деп еді. Еске алайықшы.

af9ec1a5feb7fecbcf8499d8118cda7b«Қымбатты төртiншi билiк өкiлдерi! Даттарыңыз орынды. Сауалдарыңыз салмақты. Жауап береміз, Қазақ үшін сөйлеуден тартынған кезім болған емес. Премияның өзіне әуелден қарсымын. «МузАРТ»-тың атынан айтайын, біз бармаймыз! Премиясы өзіне, ол Қазақтың «МузАРТ»-қа деген махаббатынан биік емес. Қазақтың мәдениетін, халықтық музыкасын, дәстүрлі әнін дәріптеу, міне, Бізге осы абырой! Ойлаңызшы, «Гәкку» телеарнасы Бакуге, Тбилисиге, болмаса Варшаваға барып осындай шара жасай алар ма еді? Олар кіргізбейді. Аумақ, территория, әр халықтың өзіндік жеке мәдени кеңістігі деген нәрсе бар. Менің, «МузАРТ»-тың айтары мынау: Қазаққа пайдаң тимесе, жөніңе жүр, зияның тимесін!» (https://www.facebook.com/saken.sozak?fref=ts )

Елін сүйген азаматтың ойы. «МузАРТ» «Гравитация» байқауына қатыспады деп тыңдармандар одан теріс айналған жоқ қой. Қайта «МузАРТ»-қа деген елдің ықыласы арта түскеніне куә болдық. Иә, біздің сауықшыл жұрт Қайрат Нұртас орыс әншілерін концертіне құрметті қонақ ретінде шақырыпты деп одан да теріс айналып кетпейтінін білеміз.

Ең жаманы қазақ әншілерінің өз ортанқол орыс әншілерін концертіне шақырып, аудитория жинау үрдісіне Қайрат Нұртастың қолдау танытқаны көңілімізге қаяу салғанын айтқымыз келді.

Нұрлан ӘУБӘКІР


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x