Кәсіптік білімнің өрісін кеңейткен – «АРЕС Petrotechnic»

Dalanews 17 қар. 2015 04:52 243

Біздер экономиканы дамыту турасында қызыл кеңірдек болып жиі айтысамыз. Экономиканы дамыту үшін не істеу керек? Инвестиция қажет. Оған дауымыз жоқ. Мөлдірлік қажет. Бұл да дұрыс. Арнайы даму бағдарламаларының болуы тиіс. Құдайға шүкір, аймақтық, республикалық, салалық даму бағдарламаларынан кенде емеспіз. Инновацияға иек артқан экономиканы құруға ең бірінші кезекте білікті маман қажет. Маманды бізге ешкім сырттан әкеліп бермейді. Білікті маман қазақ топырағында пайда болуы керек. Қазіргі таңда «Кәсіпқор» холдингі кәсіптік-техникалық мамандарды дайындауға ден қойып отыр. Холдинг аймақтарда орта деңгейлі мамандар даярлайтын  кәсіптік білім беретін орта буынды оқу орындарын құрып жатыр. Таяуда «Кәсіпқор» холдингіне қарасты Атыраудағы «АРЕС Petrotechnic жоғары техникалық мектебінің директоры Ермек Күзенбаев мырзамен тілдесіп, кәсіпқой мамандарды қалай даярлап жатқандарын жіліктеп айтып берді.



– Ермек мырза, экономиканың қозғаушы күші – кәсіптік мамандар екеніне соңғы кездері көзіміз жете түскендей... Қалай ойлайсыз, қоғамдық өмірімізде кәсіптік білім беретін оқу орындары өзінің орнын айқындай алды ма?


– Экономикасы қарқынды дамыған кез келген кәсіптік білім беру ісіне жете көңіл бөлінеді. Өйткені кәсіптік білім алған мамандар ертеңгі күннің экономикаға қызмет етіп, елдің әлеуетін арттырады. Қазіргі таңда Қазақстан кәсіптік білімнің ел экономикасында алатын орнын түсініп, бұл бағытта жұмыстар қолға алынуда. Бірақ кәсіптік білім беру саласын өркендету үшін әлі талай жолды жүріп өтуіміз керек. Сіз «кәсіптік білім қоғамдағы орнын айқындады ма?» деп сұрақ қойып отырсыз. Сұрағыңыз өте орынды. Меніңше, қазір жастардың бәрі кәсіптік білімнен гөрі жоғары білім алғанды жөн санайды. Олар кәсіптік білім алып, ертеңгі күні жұмысқа тұрып кететініне сенбейді. Әрине, жастардың болашағына алаңдауы орынды. Меніңше, жастардың арасындағы осындай стереотипті бұзу үшін жергілікті жердегі кәсіптік білім беру мекемелерінің беделін көтеруіміз керек. Бұл бағытта «Кәсіпқор» холдингі көптеген жұмыстар атқаруда. Қажырлы жұмыстардың арқасында қазір холдингтің  кәсіптік білім беретін оқу орындарына түсуге ықыласы ауған жастардың қатары жыл сайын артып келеді.


Кәсіптік білімнің қоғамдағы орнына қатысты сұрағыңызға тағы да мына бір мәселені айта кетуі керек деп есептеймін. Бүгінде экономиканы өркендету үшін қабылданған индустриалды-инновациялық бағдарламаны іске асыру үшін жүздеген, мыңдаған кәсіптік-техникалық мамандар қажет. Осы бір жайттан-ақ қазіргі таңда еліміз үшін орта буынды кәсіптік мамандардың қаншалықты қажет екенін аңғаруға болады.


Ермек


– Орта буынды білікті маман қоғамдық өмірімізде қаншалықты маңызға ие екеніне көз жеткіздік. Мұндай мамандарды көптеп даярлау үшін не істеуіміз керек?


– Бұл үшін кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарының деңгейін көтеріп, халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істеуін қадағалаған жөн. Тәуелсіздік жылдары елімізге шетелден көптеген инвесторлар келіп, қаржы құйып, жұмыс істеді. Олар әлі де табысты жұмыс істеуде. Инвесторлар елімізге тек қана ақша әкелген жоқ. Сонымен қатар олар өздерімен бірге заманауи технологияларды да әкелді. Енді біздер инвесторлар әкелген технологиялардың тілін білетін білікті мамандар даярлауға күш салуымыз керек. Өкінішке орай, тоқырау жылдары түрлі қиыншылықтар етектен тартып, кәсіптік білім беру ұйымдарының заман талабына сай жұмыс істеуі үшін мүмкіндік бермеді. Қазір тоқырау жылдары кеткен кемшіліктер шетінен жойылып келеді. Кез келген оқу орны жұмыс берушімен тізе қоса отырып, маман дайындауға баса мән беріп отыр. Білікті мамандарды көптеп даярлау үшін оқу орындарымыз заман көшінен қалмай жұмыс істеуі керек деп есептеймін. Сол кезде барлық мәселе өздігінен шешімін табады.


– Бүгінде «АРЕС Petrotechnic» жоғары мектебі мұнай-газ саласына қажетті мамандар даярлайтын еліміздегі жетекші оқу орнына айналып отыр. Қазір қанша мамандық бойынша жастарды мамандандырып жатырсыздар?


– Біздің мектеп мұнай-газ саласына қажет үш мамандықты дайындауда. Мамандықтар – Кен орындарын пайдалану, Бақылау, өлшеу құрылғылары және автоматика, Мұнай-газ өндіру технологиясы деп аталады. Бұл еліміздегі мұнай-газ өндірісі үшін аса қажет мамандықтар. Студенттер түске дейін мектепте алған білімін түстен кейін өндірісте қалай іске асатынын нақты іс жүзінде сынақтан өткізе алады. Түлектеріміздің өндірістік тәжірибеден мұнай компаниялары мен өзіміздің өндірістік іс-тәжірибелік базада өтуіне барлық жағдай қарастырылған.


– Өндірістік іс-тәжірибелік базаларыңыз заман талабына сай жарақтанған ба?


– Әрине. Өндірістік іс-тәжірибелік базамызда мұнай-газ өндірісінің соңғы үлгідегі құрал-жабдықтары орнатылған. Бір сөзбен айтқанда шеберханамызда білігін шыңдаған жастар нақты өндірісте қалай жұмыс істейтінін көзбен көріп, көңілге түйіп шығады.


– Мұнайлы өлке Атыраудағы мұнай компанияларымен байланыстарыңыз жолға қойылған ба?


Ермек02– Атырауды былай қойғанда, жалпы Қазақстандағы ірі мұнай компанияларымен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатқанбыз. Осы ретте мына бір мәселені айта кетудің мәні зор деп есептеймін. Мектебіміздің ішінен Индустриалдық кеңес құрылған. Көптеген мұнай компаниялары осы кеңестің белсенді мүшесі.


Бүгінде өндірістік технологиялар жыл өткен сайын дамып, өзгеріп жататынын өздеріңіз білесіздер. Заман талабына сай маман даярлау үшін өзіміздің модульдық бағдарламаларымызды осы кеңестің талқысына салып, содан кейін ғана қабылдаймыз. Индустриалдық кеңестің өкілдері модульдық оқу бағдарламасымен мұқият танысып, өздерінің ұсыныстарын айтады. Бұдан кейін біздер ұсыныстарды басшылыққа алып, модульдық бағдарламаларды қайтадан дайындап, сол бағытта маман даярлауға кірісеміз. Біздің модульдық оқу бағдарламамыз қатып қалған стандарттармен шатастыруға болмайды. Егер өндірістік технологияда қандайда бір өзгерістер орын алса, Идустриалдық кеңестің мүшелерімен кеңесіп, тиісті өзгерісті енгіземіз. Осылайша модульдық бағдарламаларымызды өзгертіп, өзіміздің білім беру ісінің маңыздылығын ұдайы сақтап отырамыз.


Бұдан басқа скринингтік жүйе бойынша студенттерімізді мұнай компанияларында тестілеу мен әңгімелесуден өткіземіз. Бұл өз кезегінде студенттеріміздің болашақта жұмыс берушілерімен қалай сөйлесу керектігін үйреніп, ондағы жағдаймен күнібұрын танысуына мүмкіндік туғызады. Скринингтік жүйе бойынша сынақ аяқталғаннан кейін жұмыс берушілер студенттердің білімі мен білігі жайында өзінің қорытындыларын жолдайды. Біз үшін бұл қорытындылардың маңызы зор. Өйткені осы сынақ арқылы заман талабына сай қаншалықты маман дайындап жатқанымызды анықтай аламыз.


– Естуімізше, түлектеріңіз ағылшын тілінде білім алады ғой.


– Иә. Сабақтар ағылшын тілінде жүргізіледі. Бүгінде елімізде жұмыс істеп жатқан компаниялар жұмыс барысында ағылшын тілін қолданады. Жастардың ағылшын тілін жетік білуі жұмысқа тез тұрып кетуіне жол ашады. Сонымен қатар біздің мектепті тәмамдаған жастарға қазақстандық дипломмен қатар, халықаралық үлгідегі дипломға ие болып, сырт елдерде жұмыс істей алатын білікті маман болып шығады. Алғашқы түлектерімізді алдымыздағы жылы қанаттандырмақшымыз.


– Түлектеріңізге ағылшын тілінде заманауи технологиялардың тілін үйретуге тырысады екенсіздер. Білікті маман даярлайтын озық ойлы ұстаздар мәселесі қалай шешілуде. Ұстаздарды сырттан шақырасыздар ма?


– Сұрағыңыз орынды. Біздер білім беру саласында Канаданың «Сайт политехник» институтымен әріптестік қарым-қатынас орнатқанбыз. Бұл оқу орын мұнай-газ саласында алпауыт саналатын «ExxonMobil», «Шеврон» сынды ірі компанияларға маман даярлап, аты әлемге жайылған.


Бүгінде Канададан келген 21 нұсқаушы сабақ беруде. Оларға жергілікті екі мұғалімнен бекітілген. Өзіміздің мұғалімдер әзірге тағылымдамадан өтушілер болып саналады. Олар өздерінің мамандықтары бойынша өзінің оқу жоспарын, оқу-әдістемелік құралдарын жасайды. Бұған қоса, Канадаға барып біліктілік курстарынан өтіп келді. Мұнда келгенде де біліктілік курстарынан өтіп отырады. Осылайша тағылымдамадан өту бағдарламасынан өткеннен кейін барып мұғалім мәртебесіне ие болады. Бүгінде жергілікті 8 мұғалім осы мәртебені иеленіп, өз беттерімен шетелдік инструкторларсыз сабақ беріп жатыр. Жалпы, осылайша екі-үш жыл көлемінде шетелдік мұғалімдерді толық жергілікті мамандармен алмастырамыз деген жоспарымыз бар. Шетелдік нұсқаушылар қасындағы жергілікті екі тағылымдамадан өтуші әрі кетсе үш жыл көлемінде барлық тағылымдамадан өтіп, шетелдіктердің деңгейіне көтерілуі тиіс.


Әңгімелескен Нұрлан ЖҰМАХАН




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x