"Пойызда болған оқиға". Әдемі қыздың жанары неге жасқа толды?

Dalanews 14 там. 2017 14:56 389

Астанадан пойызда қайтып келе жатып, көңілсіз бір жағдайға тап болдым. Біз плацкартта болдық. Қасымызда 16-17 жастар шамасындағы əдеміше келген бір тұйық қыздың жанары жасқа толып шəйнекпен шəйін алып ары-бері өтіп, назарамызды аударды. Жұрттың бәрі "мынаған не болған" деп таң қалысып жатты. Қасымдағы бір-екі əйел "Жастар ғой, жігітімен ұрсысып қалған болар" деп өздерінше бал да ашып үлгерді.



Қызық көріп, мен де орнымнан тұрдым да сол жерден өтіп бара жатқан сыңай танытып, жəй ғана ішке қарай көз қиығымды салдым, сөйтсем дастарханда жалғыз өзі ғана отыр. Қасында жан баласы жоқ. Кішкентай ғана дастарханды түрлі тағаммен безендіріп тастапты.

Вагондағы бүкіл əйелдер сол қыздың түсініксіз əрекетіне таң қалысып, соны қызық көріп сырттай тамашалауда. Сұлу қыз үстіне бүкіл əдемі киімін киіп алған, боянып жасанғаны тағы бар. "Мына сұлудың дастарханында құстың сүтінен басқасының бəрі бар. Бірақ оны ішіп-жейтін өзінен басқа тірі жан жоқ", – деп бəрі бір-біріне əзіл аралас күбірлесіп жатты. Қыздың өзінен сұрайын десе, көзі жасқа толып, тіпті бізге жауап беретін жағдайда емес.

...Арадан жарты сағат өтті. Бір кезде əлгі қыз қолын көтеріп, іштей дұға жасап бетін сипады да дастарханнан тұрды. Бəрімізге бір-бір бөліктен торт таратып, сонымен қатар, салат, тамақтан ауыз тигізді.
Аң-таң болған көпшілік қыздан жағдайдың мəн-жайын сұрастырып жатыр. Сөйтсек, сол күні – əлгі қыздың бір жыл бұрын қайтыс болған анасының туған күні екен. Анасының қайтыс болғанынан кейінгі бірінші туған күнін жолда өткізіпті. Тірі күнінде анасына əр туған күнінде өз қолымен торт пісіруді əдетке айналдырған бойжеткен, бұл жолы да өз қолымен пісірген тортын жолға бірге ала шығыпты...

Пендеміз ғой, мəселенің анық-қанығын білмей жатып, ойланбай əрнəрсені әңгіме қылдық. Анасын сағынған қыздың сезімін күлкіге айналдырған бәріміз ұялып қалдық.

Əлгі қыз барлық адамға жеке-жеке дəмнен үлес таратып болған соң, өз орнына жата кетіп, сол жатқаннан жастық құшақтап ұзақ уақыт бойы ебіл-себіл жылаумен болды.

Бәріміз трагедиялық кинодан үзінді көргендей қатты əсердің құшағында болдық. Вагонда осы көрініске куə болған адамдардың арасынан егіліп көзіне жас алмаған жан қалмады-ау.

Қызды қатты аядым. Пенденің аяғаны не болсын, Алланың аяғанын тіледім. Тағдырлар əр алуан екен. Ешкімді Алла ата-анасынан ерте айырмасан.  Қыздың жас үйірілген жанары əліге дейін көз алдымнан кетер емес.

Санжар Ғұлама

 

https://dalanews.kz/14377

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x