Логотерапия суицидті жеңе ала ма?

Dalanews 10 қар. 2016 13:48 344

Күні кеше «Логотерапия немесе өмірге құштарлық» атты кітап жарық көрді. «Өмірдің түпкі мәні не? Адамдар қайтсе мағыналы өмір сүре алады? Не үшін өмір сүреміз?» деген секілді толып жатқан ауыр сұрақтарға жауап іздеген кітап мазмұны өте бай. Бұл кітап түрлі-түсті тығырықта жүрген қоғам мүшелерінің, қараша халықтың ішінде адасқан жалғыздардың өз ішіне қайта үңілуіне, өз өміріне қайта есеп бере отырып, неден айырылғанын, неден қателескенін дәл аңғауына жол ашады. Өмір айдынында кез келген уақытта Мән табуға болатынын, кез келген сұрақтың нақты әрі түйінді жауабы бар екенін, адаспау-алжаспау үшін мүмкіндіктің молдығын, ол үшін түптанымдағы адамдық құндылықтарға қайта оралуымыз керектігін нақты да түсінікті тілмен өрген. Бұған дейін «Салт-дәстүр сөйлейді», «Әлдиден эпосқа дейін», «Сияр-Шәріп» секілді мағыналы кітаптарды ұсынған шығармашылық топтың белді өкілі, жоба авторы Санжар Керімбай мырзамен аз-кем әңгімелесудің де орайы түсіп еді.

[caption id="attachment_21359" align="alignleft" width="353"]sanjar Санжар Керімбай[/caption]

Жуырда жарық көрген «Логотерапия немесе өмірге құштарлық» кітабына жылы пікір білдірушілер көп. Кітапты жазуға не түрткі болды?

– Әңгімеге мысалдан түсейік. Жас жігіт ауылдан қалаға келеді. Ата-әжесі «ұят болады», «әдепті бол», «жаман қылық жасама», «біреудің ала жібін аттама» деп дәстүрлі тәрбиені сіңіреді. Бірақ қалада өмір басқаша болып көрінеді. Ұятына жүгінейін десе, жұрт күліп қарайды. Қатарластары «старомодный», «апаларский, аталарский» деп кекетеді. Бір жылдай дараланып, ибасына берік болып жүреді. Оған қоршаған ортасы өмірдің заңдылығын басқаша түсіндіреді. Бірі өмірдің мәні «рақаттану, қыдыру, оралыңның барында ойнап-күлу» деп тәпсірлейді. Екіншісі «карьера жасау, ортаңнан озып шығып, мәртебелі болу» деп түсіндіреді. Осы кезде жігіттің санасында құндылықтар қайшылығы орын алады. Бейнебір өзін алданып қалғандай сезінеді. Көбі позициясын ауыстырады. Даралығын жоғалтып, тобырдың ішіне сіңеді. Сөйтіп өзін жоғалтады. Мұның арты түрлі трагедияға соқтырады.

Енді проблема қайдан шықты дегенде қайтадан о бастағы құндылықтар қайшылығына келіп тірелеміз. Барлығы жігіттің өмір философиясын дұрыс түсінбеуінен басталды. Виктор Франкл мәселеге дәл осы қырынан түскен. Ең әуелі ар-ұят феноменін адамды айқындаушы негізгі фактор ретінде академиялық ортаға әкеледі. Рухани болмысты жоққа балап, ар-ұятты шарттанған рефлекс деп танитындарды редукционистер (Адамға зат деп қараушылар) деп таниды. Франкл 21 жасында редукционистерді академиялық алаңда жекпе жекке шақырады. Оларға майдан ашады. Редукционистердің «Оралыңның барында ойна да күл» деген кредосына ол «Оралыңның барында хикмет ізде» деген девизді қарсы қойған. 15 жыл зерттеген ғылымын эмпирикалық әдістермен дәлелдеп, докторлық дисертациясын біте бергенде Гитлердің тұтқынына түседі. Ол енді бөлек әңгіме. Бізде де қазір ар-ұят феноменін жоққа шығаратын редукционистік қоғам орнады. Франклдың Логотерапиясы редукционистік қоғамды әлсіретеді.

Қашаннан бастап қолға алдыңыз?

– 2007 жылдан бері Логотерапия идеясымен таныспыз. Логотерапия туралы бірнеше материал жарияладық. Алматы қаласында және облысында, ОҚО орта мектептерінде логотерапияны тәжірибеден өткердік. Бірақ лекциядан соң оқушылар да, ұстаздар да «Логотерапия кітабы бар ма?» деп сұрай бастады. Міне, сол кезде логотерапияны қазақ тілінде кітап етіп шығару күн тәртібіне көтерілді.

– Логотерапия деген не? Бұл термин қашан пайда болған?

– Франкл гректің «Логос» сөзін «Мән», «Хикмет», «Даналық» деп алған. Бұл біздің қазақы танымға дөп келді.

Біріншіден, Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметі» арқылы бұл сөз қазақтың түпсанасына сіңген.

Екіншіден, «Бұл өмірдің байлауы не?», «Өмірдің бітпейтін қызығы не?» деген сұраққа Хакім Абай:

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың ХИКМЕТІН сез,

Не қызық бар өмірде одан басқа? – деп жауап берген.

Үшіншіден, Мән деген болмысты бөлек феномен ретінде тұңғыш рет қолданған қазақ ғұламасы Шәкәрім қажы.

Ол:

Жаралыс басы – қозғалыс,

Қозғауға керек қолғабыс.

Жан де, мейлің, бір МӘН де

Сол қуатпен бол таныс.

Әлемді сол МӘН жаратқан! – дейді.

Өкінішке орай, бұл рухани феномендер революцияның кесірінен қазақ танымынан өшіп кетті. Егер өшпегенде бұл терминдер академиялық айналымға еніп кетер еді.

– Франкл  суицидті тоқтатқан жалғыз ғалым деп айтылады. Оның суицидпен бел шешіп күресуіне не түрткі болды? Туысқаны қайтыс болды ма немесе баласы суицидтен өлді ме? Әлде, басқа жағдай ма?..

– Франкл бар-жоғы отыздан асқан шағында ғалым ретінде мойындалған. Тұлғаны заманның талабы мен әлеуметтік шарттары туғызады деген де рас. Өмірдің мәні жайлы жас Франклдың толғануына сол кездегі Австриядағы әлеуметтің көңіл күйі әсер етті. Бірінші дүниежүзілік соғыстан бұрын Австрия-Венгрия империясы дүркіреп, Еуропаға айбат шегіп тұрған. Соғыстан соң империяның аты өшті. Далиған территориясы талауға түсті. Габсбургтер империясының туы жығылып, күні батты. Ата қоныстағы «Австрия Республикасы» пұшпақтай жерді иеленді. Күні кеше 60 миллион халқы бар империяда 6 миллион адам қалды. Алдында ғана «Мызғымас Империяның мәңгілік мүддесі үшін өмір сүреміз! Император үшін жан пида!» деп жалындаған ақсүйектер мен генералдар не үшін өмір сүрерін білмей қалды. Бәрінің асқақтаған көңілі су сепкендей басылды. Нан піскен көкіректе мағынасыз вакум пайда болды. Бастары қосылса, «Алақандай Австрияда өмір сүрудің не мәнісі қалды? Қайда барып тіршілік қыламыз? Патша сарайы құлады. Ақсүйектер отбасының енді не керегі бар? Олар немен айналысады?» дегенді талқылай жөнелетін. Венадағы оқу орындары мен мәдени ошақтарда қызмет еткен қайраткерлер өздерін керексіз қалғандай сезінді. Өмір сүруге деген құштарлық пышақ кескендей тыйылды. Рухани қасиет жаншылған атмосферада суицид тамыр жаяды. Осы тұста Альфред Адлер бастаған Вена психотерапиясының екінші мектебі қаланды (біріншісі – Фрейдтің психоаналитикасы). Франклдың да осы мектепке мүше болатын себебі сол: «Не үшін өмір сүреміз? Өмірге ынтық қылатын негізгі мотив не?» деген сұрақтарға жауап табу. Франкл осы сұрақтарға жауап тапқанда Венадағы психотерапияның үшінші мектебі – ЛОГОТЕРАПИЯ деген атпен бой көтерді. 1933-1937 жылдары өзіне қол жұмсамақшы болған 3 мыңнан астам пациент келіп қаралған. Франкл солардың түгелге жуығын абыройсыз ажалдан аман сақтап қалды.

– Виктор Франкл осы салаға жан-тәнімен кіріскен мезеті қай кезең?

Оқиға былай болған: ХХ ғасырдың басында Зигмунд Фрейд негізін қалаған психоанализ жаңа ғылым ретінде Еуропаны дүрліктіріп жатқан кез. Түпкі санаға сүңгуді меңгерген бұл ілім зор жаңалық болды. Бейсаналы түрде жасайтын іс-әрекетті психоанализбен түсіндіруге талпынған бұл ғылымға Франкл ерте қызыққан. Небәрі 21 жасында психоанализ туралы ғылыми мақала жазып, оны Фрейдке жолдаған. Фрейд оны баласынбай, мақаласын ғылыми журналға бастырады. Франкл оны жүзбе-жүз көрмесе де, тұрақты хат жазысып тұрады. Айта кетелік, Зигмунд Фрейд Франклдан 47 жас үлкен болған. Бір күні Франкл ақсақал Фрейдке «Мен психоанализді терең оқығым келеді. Сіздің қауымдастыққа мүше болсам деп едім» деп хат жазады. Фрейд оны Психоанализ қауымдастығының бас хатшысы Федернге сілтейді. Франкл келісілген уақытта ғалымның кабинетіне келеді. Кірсе, Федерн үстелінде жазу жазып отыр екен. Франклдың кіргенін білсе де, басын көтерместен жұмысын істеп отыра берді. Оны бақылап қана тұрған Франклға ұзақ уақыт күткендей көрінеді. Біраздан соң Федерн «отыр» деп ишара жасайды. Әй жоқ, шәй жоқ, гүжілдеген жуан дауысымен: «Иә, құрметті Франкл, қандай невроз мазаңды алып жүрген?» деп түйеден түскендей дүңк еткізеді. Франкл сұраққа бірдеңелерді айтып жауап берген болады. Федерн: «Сен бала әуелі медициналық институтты бітіріп ал. Сосын маған келерсің», – дейді (Франкл ол кезде мединституттың студенті болатын).

Осы сәтті логотерапияның дүниеге келген сағаты десе де болғандай. Кездесуден Франклдың көңілі жермен-жексен боп шығады. Жанын қоярға жер таппаған ол Дунайдың жағасына барып, есін жинай алмай әрі-бері жүріп алады.

Иә, не боп қалды сонда Франклға? Федерн не бүлдіріп қойды? Ол ойын жинақтап, картинаны қайта елестетіп тұрды. «Әй жоқ, шәй жоқ, «Ана жерге отыр да, неврозыңды айт» дегені несі?! Мақұл, бұл сондай әдіс делік, соның өзінде бұл ілімде адамшылықтың ұштығы түгіл, пұштығы да жоқ. Күттіріп қойғаны несі?! Ол үшін кешірім де сұрамады. Ең болмаса, «Інім, он минут күте тұршы, жарай ма, мына қағазды жазып тастайын» десе, несі кететін еді?! Не адаммен дұрыс амандаспайды. «Үй ішің қалай, хәлің қалай, оқуың қалай? Не үшін психоанализге қызығып жүрсің?» дегеннің бірі жоқ. Сонда мені неврозбен ауырған соң ғана соларға барды деп тұр ма?! Осындай да ғылым бола ма?! Сонда маған назар салғанда адамды емес, тек неврозды көріп тұр ма?! Бұлар адамды емес, неврозды зерттеумен айналыса ма?!» деген сұрақтармен басы қатып тұрды. Осылайша Франкл адамға зат деп қарайтын РЕДУКЦИОНИЗММЕН тұңғыш рет бетпе-бет келеді.

– ХХІ ғасыр «Франклтану ғасыры» болады деген пікірді естіп едік. Оның себебі неде?  

 

– Бұл жерде мәселе – Франклда емес, жойылып бара жатқан құндылықтар мен ар-ұят феноменінде. Егер қоғамда құндылықтар насихатталып, редукционизмнің ықпалы әлсіресе Франклмен де, оның ілімімен де ешкімнің ісі болмайды. Ал адамға зат сияқты қарайтын тасжүрек қоғам орнағанда адамдар логотерапияны инстинкті түрде тауып алады. Сондықтан редукционизмнен ығыр болған елдердің бәрі Франклдың ілімін көтере береді. Логотерапияның Қазақстанда пайда болғанына таңғалатын түкте жоқ. Бұл заңды құбылыс.

– В.Франкл жайлы мәліметті қазақ оқырмандары енді-енді біліп жатыр. Бұл кітап автордың қандай шығармаларына сүйеніп жазылды?

– Франклдың отыздан астам кітабы бар. Бірақ олар бірін бірі толықтырып отырады. Франкл 93 жыл жасаған адам. Ол есейген сайын Мән туралы танымы да тереңдей берген. Соған орай ойлары да өрістей берді. Біз негізінен «Өмірден Мән іздеген адам», «Естілмейтін жанайқай», «Мәнге қалау», «Мағынасыз өмірдің азабы», «Түпсанадағы Тәңір» және бұдан бөлек әркезде жарияланған ғылыми материалдардан қазақ тіліне аударып алдық.

– Франкл Фрейдизмге неге қарсы шықты? Психоанализдің қандай кемшіліктеріне тоқталады? Оны Логотерапия арқылы қалай түсіндіреді?

– Біз қарсы болды деген сөзді қолданбаймыз. Дұрысы, оны қалай сынады болуы керек. Фрейд адамның трансцендентті қабілетін мүлде назарға алмаған. Оның мағынасы адам рухани қайратының арқасында ғайыпқа самғап, басқа әлемнің есігін ашуға қабілетті. Бұдан бөлек психоанализдің «Адамды өмірде жетектеуші феномен – құмарлық» деген теорияны тас-талқан қылған. Логотерапия оны былай түсіндірген. Құмарлық іштен жұлқиды, ал Мән магнит сияқты алыстан тартады. Біз осы идеяға жабық жұмыртқа мысалын бердік. Психоанализ бойынша сары уыз бітеу жұмыртқаның ішінде құмарлығын қандырып жата береді. Бірақ олай жата берсе бір күні ол шіріген жұмыртқаға айналады. Логотерапия бойынша тауық сары уызды сыртқа тартушы – Мән ролінде. Сары уызбен тауық ортақ гормонияға түскенде балапан пайда болып, тысқа жарып шығады. Адам да тура солай. Бірінші осы дүниеге пенде болып туылады. Сосын рухани тұлғаға айналып, трансцендентті әлемге қадам басады.

– Бұл кітапта Франклдің тұжырымдарын қазақ аңыз-мысалдарымен тұздықтап отырыпсыздар. Қазақы дүниетаным мен Франкл тұжырымдары қалай қабысады екен?

– Бұның жауабы өте оңай. Себебі Франкл 5 жасқа толмай Тәуратты жатқа соққан. Бүкіл пайғамбарлар қиссасын жатқа білген. Өзінің өмірін де қиссадағы қаһармандармен салыстырып лекция оқыған. Одан бөлек юморды өте жақсы көрген. Неше түрлі анекдоттар айтатын болған. Ол оны былай түсіндірген. Юмор адамға ғана берілген нығмет. Бірде бір айуан өзінің кемдігіне өзі күле алмайды. Адам ғана өзін әжуалап, юмордың көмегімен кем кетігін реттеп, өзін тәрбиелей алады деген. Бұл тұрғыдан алсақ қазақ ауыз әдебиетіндегі аңыздар мен қиссалар шамадан тыс көп. Олардың көптігі сондай, тіпті, Франклдың өзі оқыса таңқалар еді. Сондықтан Логотерапияның қазақшасы түпнұсқадан әлдеқайда мазмұнды, әлдеқайда қызықты деп санаймыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Тоқтаралы Таңжарық


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x