Аягүл Мантай. Уақыттан артта қалып қойған шығармыз...

Dalanews 09 мау. 2016 04:46 274

Милорад Павич «Пейзаж, нарисованный чаем» атты кітабында оқырманға мынандай қарапайым сұрақ қояды: «Егер адам айнадан бөлмеде ілулі тұрған сағатқа қараса, қандай уақытты көреді?».
...Мен Павичтің кітабындағы осы сөйлемді оқығанда бөлмедегі сағат 16:25-ті көрсетіп тұрған. Айнаға қарама-қарсы ілініп тұрған сағатқа айнадан қарап едім 19:35-ті көрсетті. Айнаның бер жағындағы және «ар жағындағы» уақыттың айырмашылығы: 3 сағат 10 минут. Дәлірегі, айнаның арғы жағындағы уақыт 3 сағат 10 минутқа алға озып кеткен. Бәлкім, біз, шынында да, өз уақытымыздан артта қалып қойған шығармыз....
... Бұрын мен «уақыт дегеніміз – менің жанарымдағы әлем» деп ойлайтынмын. Мен ылғи да уақытты сағынып жүрем. Мәскеуде тұрып жатқалы уақытқа деген сағынышым күшейген үстіне күшейе түсті.
Павич: «Какой через свое стекло ты видишь меня и вижу ли я именно тебя» деп сұрайды тағы да.
P.S. Біз бәріміз бір-бірімізге өз «айнамыз» арқылы қараймыз. Тіпті өзімізді де өз ішіміздегі айнамыз арқылы көргіміз келеді. Билікке де ұзақ жыл айна арқылы қарап келдік. Айнаны шетке ысырып, билікке тура қарап едік, бәрі шатасып кетіпті, баяғыда... Әрине, қоқыстан утопия іздеп жүргенімізді бұған дейін де білдік. Толерантты жақсы көретін болмысымыз бар, саяси жүйе дегендей айнадан қарағанды дұрыс көрдік...
Қазақ қоғамы – хаос. Біздің қоғамның о баста сыртқа шыққан жарасы ішке түсіп кетті. Бірақ ол – біздің ғана қоғамымыз. Оның диагнозын өзіміз ғана білеміз. «Қоғамды аналардан тазалау керек, мыналардың көзін құрту керек» дей бермей, сырқат қоғамды қалай емдейміз?» деген сұраққа да жауап іздеп қойған дұрыс-ау. «Олардың» көзін құртқанымен олардың орнын басатындар өсіп шықпасына кім кепіл?
Рухани құлдырауға ұшыраған қоғамымызды ауруынан қайтсек айықтыра аламыз? Әрқайсымыз өзімізден бастайықшы. Ең қарапайым нәрседен бастайықшы. Мысалы, фейсбукта жасымыз бар, жасамысымыз бар әртүрлі тестен өтіп, нәтижесін жылтыңдатып сала бермейікші. Иә, бәріміз де шаршап жүрміз, тестен өтіп, өтірік те болса, алданғымыз келеді. Түсінем. Бірақ бір жариялауға болады, екі жариялауға болады, үш жариялауға болады, оныншы рет... бұл – елдің көз алдында жүрген адамдардың өзін рухани дамыту мен құлдыраудың арасындағы арақашықтықты ұстана алмайтынын көрсетпей ме?
Тобырлық мәдениет біздің қоғамның тобығынан тепкенді қойып, басынан теуіп жатыр, аямай теуіп жатыр. Өзін-өзі құтқара алмай жүрген тұлғалар тобырлық мәдениеттің тұзағынан қоғамын қалай құтқара алсын?
Әлеуметтік желіде бір-біріміздің жеке басымызға тисіп, балағаттағанды қояйықшы. Діннің айналасында жүрген кейбір қазақтардан да осындай «мінез» байқап қалам. Түсінген адамға дін дегеніміз – МӘДЕНИЕТ. Ақыл айтып кетсем, кешірім өтінем.
Құдаймен байланыстыратын «делдал» іздегенді ешқашан түсіне алмаймын. Құдайға апаратын «көпірді» өзімізден басқа ешкім сала алмайды. Ол «көпірді» дұрыс салмасақ, суға кетеміз, онда бізді ешкім құтқара алмайды. Құдай – әрқайсымыздың жүрегімізде! Елімізде тыныштық болсын!!!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x