Шыңғыс ханды «қазақ қылуға» ұмтылушылар шетелдің шпионы ма?

Dalanews 26 ақп. 2016 07:37 328

Қазір рухани-мәдени өмірімізде көпшілік үшін сәнге айналған дүние бар. Соның бірі, һәм бірегейі – Шыңғыс ханды қазақ қылу. Кәсіби тарихшыдан бастап, жазушы, мұғалім, тракторист – бәрі-бәрі Шыңғыс ханды қазақ қылуға құмар. Шыңғыс хан заманы тұрмақ, бергі тарихымыздың өзі дұрыс зерттелмей жатқан тұста жарты әлемнің әміршісін қазақ қылып не ұтамыз? Осы бір жайттан қазақ тарихын зерттеуде жүйелі әрекеттің жоқ екенін байқауға болады.


Kala men DalaБүкіл әлем Шыңғыс ханды моңғол ретінде жақсы таниды. Бұл – әлемдік өркениетте мойындалған дүние.


Осы ретте біздің әсіре қызылға әуес тарихшыларымыз Шыңғыс ханды қазақ қылуға ұмтылуы, тіпті орынсыз жайт екенін байқайсың. Бұл іспен кәсіби тарихшылардың тым әуестеніп кетуі жақсылықтың нышаны емес.


Ақын-жазушыларымыз өз шығармаларында Шыңғыс ханды қазақ етіп көрсетуін түсінуге болады. Олардың ел оқитын тарихи шығармалар жазып, жұрттың назарын өздеріне аударуға тырысатыны белгілі.


Ал кәсіби тарихшылардың бұл іске бел буып, білек сыбана кірісуі алжасудың белгісіндей көрінеді. Мүмкін, біз білмейтін басқа мақсаттары да бар шығар?..


Тарих – мемлекеттің өзегі. Қазіргі қоғамның қас-қабағына қарасаң, өткен тарихымызбен ешқандай сабақтастық жоқ екенін байқайсың.


Бұған кім кінәлі? Әрине, бірінші кезекте билікті сынайтынымыз анық. Ал қарапайым жұртқа тарихты жіліктеп түсіндіреді деген тарихшыларымыздың тең жартысы «Шыңғыс хан – қазақ» деп «қуып» жүр.


Жарайды, Шыңғыс хан қазақ болсын. Сонда мемлекетімізге не пайда? Шыңғыс дәуіріндегі мемлекеттік жүйе, ұстанымдар тәуелсіз қазақ мемлекетін құруға негіз бола ма? Жоқ.


Ашығын айтсақ, Шыңғыс хан дәуіріндегі қоғамдық формация Тәуелсіз Қазақстанның концепциясын бекемдеуге алып-қосар ешқандай пайдасы жоқ.


Жоқ әлде, Шыңғыс хан қазақ болса, әлемнің инвесторлары Қазақстанға ағыла ма? Жоқ. Олардың тіпті Шыңғыс ханды білмеуі мүмкін.


shingisСонда Шыңғыс ханды қазақ қылудан не пайда? Ешқандай. Тек бергі тарихқа тісі батпаған тарихшылардың өзара ғылыми-тәжірибелік конференцияларда күпсініп әңгіме айтуы үшін ғана қажет.


Бұл тақырыпта әңгіме қозғауыма таяуда Фейсбук әлеуметтік желісінде Ерхан Мажик есімді тарихшы (кәсіби тарихшы) бауырымыздың «Бүкіл түркі жұрты ортақ оқулық шығарғалы жатыр. Соған Шыңғыс ханды «қазақ» деп жазуға баршамыз күш салуымыз керек» деген жазбасын оқып, өзім Шыңғыс ханды қазақ қылғанда не табамыз деген сұрақты қоюға тура келді.


Оқулыққа солай деп жазайық. Сонда дүниежүзі елдері Шыңғыс ханды «қазақ» деп мойындай қоя ма? Жоқ. Шыңғыс хан «шынымен де қазақ» болса да, Қазақстанды жарты әлемді билеген әміршінің мұрагері ретінде мойындамасы анық.


Өз басым Ресей мен Қытай Шыңғыс ханды өздеріне тартса, түсінер едім. Олар әлемге әмірін жүргізген Шыңғыс ханның ұрпағымыз деп айналасындағы мемлекеттерге көз алартып, территорияларына қол сұғуы мүмкін.


Ал Қытай мен Ресей сынды алып екі елдің қас-қабағына қарап отырған Қазақстан өзін әлемге Шыңғыс ханның мирасқоры ретінде көрсетіп, айналасына айбат шегетіндей не жағдайы бар?


Сонда біздің тарихшыларымыздың бойында басылмайтын қандай желік? Сол баяғы жиын-тойларда «Шыңғыс хан – қазақ» деп күпсіну ма?


Дәл қазір бізге Шыңғыс ханды қазақ қылғаннан гөрі Алаш көсемдерінің өмір жолын зерделеп, соны жас ұрпақтың санасына сіңіру маңызды.


Алашорда тарихын терең зерттеп, оны көпшілік арасында насихаттау арқылы біздер тәуелсіздігімізді бекемдей түсер едік.


shingis han01


Өйткені Алаш көсемдері мемлекет құрудың әмбебап үлгісін қалыптастырып кетті. Соны зерттеп, елдің интеллектуалдық ой-өрісін көтерудің орнына «Шыңғыс хан – қазақ» деп кіжінеміз.


Тарихшылардың «Шыңғыс хан – қазақ» деп қырықпышақ болып қырқысуы қазақтың қазыналы жеріне көз алартып отырған сырт мемлекеттерге пайдалы болуы мүмкін.


Кейде бұл бағытта дау көтеріп, елді екіұдай пікірге қалдырып жүрген тарихшыларды сырт елдердің «шпиондары» ма деп қаласың... Халықтың бітпес дауымен басын ауыртып, маңызды мәселелерді назардан тыс қалдыру үшін «Шыңғыс ханды – қазақ» қылу таптырмас тәсіл екені анық.


Сондықтан ел мұратын ойлайтын барша қазақ баласы, Шыңғыс ханнан бұрын тәуелсіздігімізді нығайтып, ой-санамызда сілкініс жасайтын Алашорда тарихын оқып, білуге ұмтылайық!


Нұрлан Жұмахан


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x