Cоңғы жаңалықтар
Back

Бүйрек пен талон

Ораза айы. Шыжыған күннің алауы қайтып, кешкірген мезетте қаланың қақ ортасындағы мешіт табалдырығын аттадым. Күнделікті берілетін ауызашарға талон таратып тұратын жігіттердің маңайы қара нөпір адам. «Талон жоқ, бітіп қалды» деп босағада тұрған екі жігіт қанша қайталаса да, үймелеген жұрт оларды айналсоқтап, кетпей тұр. Түс мезгілінде басшылар «мешіттің бас имамынан Ораза айының қадір-қасиеті туралы газетке шағын сұхбат ал» деп жұмсаған еді. Жұмысым бітіп, қайтайын деп тұрғанда имам Ораза тұтқан, тұтпағанымды сұрады.

Біраз жылдан бері ауыз бекітіп жүргенімді айтып ем, ол кісі көмекшілерін шақырып: «Мына жігітке талон беріңдер. Кешке бізден келіп ауыз ашсын», – деді. Әйелім Алматыға кетіп, таңғы сәресі мен кешкі ауызашарға ас дайындау шынымен де қиын боп жүрген. Қала тіршілігіне арналған газеттің отымен кіріп, күлімен шығып, кешке жалдамалы пәтеріме келгенде сілелеп құлайтынмын. Имамның ұсынысына бірден келісе кеттім. Жігіттер берген талонды қалтама басып, жұмысқа тайдым. Газеттің жұмысы онымен бітсін бе, Маяковскийдің «Мәжілісқорларындағыдай» жиналыс жасағыш мекемелердің бір-екеуіне бас сұғып, тілім салақтап келіп тұрған бетім осы.
Мешітке жиналған жамағатпен ақшам намазын өтеп, ауызашарға берілетін асқа жұртпен бірге ұзын-сонар кезекке тұрдым. Оқырға үймелеген жемқор табындай бір-бірімізді ығыстырып, әйтеуір өлдім-талдым дегенде мен де ас үлестіріп тұрған әйелдердің жанына таядым. Алдымдағы жігіт бірнеше ойығы бар темір тәрелкесін әйелдерге ұсынды. «Талоныңыз қайда? Талонсыз тамақ берілмейді», – деді оның тәрелкесін кері қайтарған ас үлестіруші. «Жұмыстан келген бетім осы еді. Талон алуға үлгермедім, бітіп қалыпты», – деді жас жігіт жарылған ернін жалап. Күнге күйген өңі татарып, әбден қалжырағаны түрінен көрініп тұр. «Бере салсаңызшы енді, бағанадан бері кезекте тұрмын ғой», – деді жас жігіт жалбарынып. «Сен не, қазақша түсінбейсің бе? Айттым ғой, талоныңыз болмаса, тамақ берілмейді. Алдымен талоны барлар алып алсын, тамақ асып жатса сосын көреміз», – деді әйел жігітті аса жақтырмай. Арт жақта кезекте тұрғандар асықтырып, күбір-сыбыр күшейе бастады. Сол аралықта кезекші милиция да келіп қалды. Жас жігіт оған да өтінішін айтып еді, «бауырым, тәртіп сақтайық. Талоны барлар тамағын алып болсын, сосын көресің», – деді ол да әйелдің сөзін қайталап. «Бейшараның қарны ашып, қаталап тұрған шығар. Шыжыған ыстықта қара жұмыс істеп жүріп (қара жұмыстан келгені көрініп тұр) несіне ауыз бекітеді екен. Талонымды осыған бере салсам ба?» деген бір ой басыма сап ете қалып еді, тамақтың қош иісі мен ішімнің қайта-қайта шұрылдағаны ол ойымнан ілезде айнытты. «Мүмкін соңын ала нәпақасы бұйырар» дедім де темір тәрелкемді ас құюшыға ұсындым. Милиция да жігітті қолынан жетелеп, шетке қарай шығарды.
Арғы жаққа ел қонып, жай күндері қадірін білмейтін қара суды қанып ішкен соң жас жігіт  қайта есіме түсті. «Не болды екен? Тамақ іше алды ма? Талонымды неге соған бере салмадым? Су ішсем де бірдеңе қып амалдауға болар еді ғой» деп ойлаған сайын берекем қашып, мазам кетті. Жұрт асын ішіп, жан-жаққа тарап кетті. Құтпанның азаны шақырылғанда барып, тапжылмай отырған орнымнан тұрдым. Аяғым зілдей болып, адымым аштырмайды…

Азапты ойды біраз уақыт арқалап жүріп, ақыры одан да арылғанмын. Астанасы да жайында қалып, бір-ақ күнде «Алматым, қайдасың?» деп тартып кеткем. Арада бес-алты ай өткенде батысты бетке алып, жүйткіген пойыз, солқ етіп Шымкент шаһарына тоқтағанда сол жігіт тосыннан қайта есіме түсті…

***

13-бетке– Ассалаумағалайкум! Қош келіпсіздер, Шымкентке.
– Уағалайкумассалам. Қош көрдік.
Шымкент вокзалында жолыққан жас жігіт сапарласымның бұрыннан танысы болса керек, екеуі төс қағыстырып амандасып жатыр.
– Ой, сен хабарсыз кеттің ғой. Қалай жағдайың?
– Шүкір, аға. Осы Шымкентте тұрып жатырмыз. Ақтөбеден қонақтар келіп еді, соларды шығарып салып тұрған бетім. Қызық болды ғой сізді жолықтырғаным.
– Иә, «тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» деген осы. Қанша уақыт болды, бауырым, сені көрмегелі. Танысып қой, мына жігіт Құттыбек. Журналист, ақын.
Жас жігітпен қайта қол алыстым. Сапарласым әңгімені ары қарай жалғады.
– Үйлендің бе? Қанша бала-шағаң бар?
– Үйленгелі бес-алты жыл болды. Бір бала.
– Неге бір-ақ бала? Жас емессіңдер ме, сендерге топырлату керек қой.
– Ой, аға! Денсаулық болса, топырлатар едік қой.
– Денсаулыққа не боп қалды?
– Ағам ауырды. Екі бүйрегі бірдей істен шықты. Қарап отырып өлтіретін емес, бір бүйрегімді бердім.
Жас жігіттің бетіне жалт қарадым. Сабырлы кейпінен жазбайды. Ішімді алай-дүлей от шарпып өткендей болды. Сапарласым:
– Виктор Франкл деген кісі: «Өмірдің мәні – өзгеге қуаныш сыйлау. Өмір жолында саған серік болған адамды қуанту. Оның көңіл күйін шаттық сезімге толтыру. Адамдарға риясыз қызмет ету арқылы өзіңді де, оны да шаттыққа бөлеу», – дейді екен. Қалай, қазір өзіңді жеп-жеңіл жер басып жүргендей сезінетін шығарсың, – деді.
– Иә. Құдайға шүкір, қазір ағамның да жағдайы жаман емес. Соған қуанамын, – деп жас жігіт сәл жымиды…
Сол аралықта бізді күтіп алуға келген кісіміз де келді. Ауыр басып, вокзалдан шықтым…

Ырысбек ДӘБЕЙ