Ғажайыпқа есік аш! 

Dalanews 09 қар. 2015 03:22 172

Өзімнен, өмірден, өзгелерден бірдеңе күтуді доғардым. Сол сәттен бастап тек өмірдің өзін сезіндім. Жай ғана өмір сүре бастадым. Өмір де өз кезегінде маған есігін ашты. Бұрын танып-білмеген жолға шақырды. Бұрын байқамаған, ешкімнен күтпеген қызықтарға куә бола бастадым.
Бір күні өмірімді бірден өзгерткен құбылыс болды. Содан кейін бір ғажаптан соң бір ғажап кезек-кезек есік қақты.


Евгения Медведева, Ресей

Көп адам ғажаптарды көріп өмір сүрсе. Кей адам оларды білмей өтеді. Мен үшін бұл тамаша жаңалық болды. Осыншалық жақсылық болады деп сенген жан емес ем.
Мен ешкімнен ештеңе күтпейтін болдым. Сол кезде жаныма байлаған ауыр тастар өздігінен түсті. Жеп-жеңіл өмір сүре бастадым. Бұған дейін қалай өмір сүрсем деп ойлап келгендей болдым. Енді ғана өмір сүре бастаған адам секілді көріндім.
Өзімнен де ештеңе күтпедім. Бұрын мынадай, анадай болуым керек деп талаптанатынмын. Ананы істесем, көп нәрсе білетін боламын деп күтетінмін. Он мақала жазсам, жоқ, оданда он кітап жазсам деп кете беретін...
Өзімнен қай ісім үшін де қорытынды шығара беруді доғардым. Пәлен жұмысты бітірсем, түген ақша табам дегенді қойдым.
Өзгелерден де бірдеңе күтуді қойдым. Олар мені бағалай қалар, жұмысымды ұнатар демейтін болдым.
Күйеуімнен де түк күтпейтін болдым. Аяқ астынан мені жақсы көріп кетер, түсінетін болар деп дәмелену ақымақтық екенін түйсіндім. Менің қалауым бойынша өмір сүруі мүмкін еместігіне көзім ашылды.
Әр жақтан ақша күткенді доғардым. Қолымда бар қаржыма қанағат еттім. Көп ақшаны қайдан тапсам екен деген сұрақты жылы жауып қойдым. Санам толысқан шақта ақша табудың амалы өзі-ақ табылар дедім. Керек сәтінде, керек жерінде, мен үшін маңызды кезде бәрі келеді деп білдім.
Өмірден ештеңе күтпедім. Талап та етпедім. Ішімнен ылғи да әділетсіздіктен көп нәрсеге қолым жетпей қалғандай күй кешетінмін. Бәрін мен істеймін, кейбіреулер мүлде ештеңе істемейді деген сияқты.
Ертең бәрі жақсы болып кетеді деп өзімді алдарқатуды доғардым. Өз-өзінен бәрі жайнап кетсін деп күтпедім. Менің ішімдегі кішкентай қыз тыныштық пен еркіндікті қалайтын. Ал, ересек ойым тыныштық пен еркіндік тек жанға лайық күй екенін түсінді. Ал, өмірде шешетін мәселе, бітіретін істерді бітіру керектігін түсінді.
Мүлде ештеңе күтпейтін болдым... Ертең не болатыны мазаламайтын болды. Бұрын не жақсылық боп қалды екен деп елегізіп жүретінмін. Өйткені, ішімнен әлім жетпей қаларлық бір нәрсе боп қалатындай көруші ем. Өзіме деген сенімсіздіктен болса керек.
Өмірге мүлде бейтарап емеспін. Тек келешекке қатысты үміт-сенімімді доғардым. Не болса екен, қайтсем екен дегенді кейінге ысырдым. «Болатын нәрсе болады, бәрі де мен үшін тек жақсылығын әкеледі» деп түйіп қойдым.
Ойластырып жүрген жоспарлар өз кезегінде баяу болса да жылжып жатыр. Менің өзіме тізіп қойған нәтижелерім өмір ғажабы ұсына алар нәтижесінің жанында тым күлкілі екенін айтпай-ақ қояйын. Күту, үміт етуді доғарсаң, өмір өзі-ақ зор жетістікке жетелей береді.
Күту барлық күш-қуатыңды соған ғана сарп етеді. Санаңды сызып қойған жоспардан аса алмай қаласың. Осыдан артығы жоқ сияқтанады. Күтуді доғарсаң, өмір небір ғажаптарға жетелей береді. Еш күтпеген ғажаптарға қол созасың.
Ішімнен не алатынымды шектеп алатынмын. Сана тек сол жоспарға қызмет ететін. Шектемеңіз. Сіз сызған шеңбердің сыртында өмірдің талай ғажабы қалып кетеді екен.
Үнемі ананы қалай жасайды, мынаған қалай қол жеткізеді деп уайымдайтынмын. Бірдеңе бүлдірсем, күйеуіме қайтып айтам, бөтен адамдарға не деп сөйлеймін деп алаңдайтынмын. Қалай істеу керектігін алдын ала білгенім дұрыс деп санайтынмын. Ешбір қателік жасамау керек деп түсінетінмін.
Ал, қазір қалай деп алаңдамаймын. Алаңдамаған соң бәрі өздігінен оп-оңай шешіледі. Бұрын бәрін білуім керек деп өзімді қинайды екенмін. Бір нәрсеге дайындалсам, дайындықсыз қадам баспаушы едім. Енді өйтпейтін болдым. Бар күш-жігерім дайындыққа кетіп қалады екен. Емтиханға дайындалғандай. Дайындаласың, емтихан болған кезде ұйқың қанбай, шаршап, ештеңеге зауқың соқпай тұрасың.
Үздік оқушы бола бергеннен шаршадым. Іштегі әлеміме революция жасадым.
Қалай болса, солай болсын...
Бәрін істеп жүріп түсініп аламын.
Мен жауабын білуге тиісті болғанда біле жатармын.
Кездейсоқ жағдай болмай қоймайды. Болған кезде бағалармын. Мен үшін бәрі жақсылықпен бітсін.
Осыны түсінген кезде бәрі оп-оңай болып кетті. Бәрібір секілденіп. Мен артық ойдан жеңілдеп қалдым.
Мен қалай істегім келсе, солай істеймін. Бұрынғыдай бәрін тек бестікке тапсыру шарт емес. Қолымнан келгенінше, келмесе айыбы жоқ. Нәтижеге қолжеткізу де мақсат емес.
Содан бері менің өмірімде өзгерістер бола бастады:
Біріншіден, мен өзімді ести бастадым. Маған тың идеялар келе бастады. Яғни, олар болған, тек мен оларды елемей жүріппін. Өзімнің идеяларымды жүзеге асыруға ынтам оянды. Қалай істерімді де білмедім. Бірақ қолымнан келді. Ойлағаннан бастап, ойым жүзеге аса берді.
Екіншіден, істерім бұрынғысынан екі есе көбейді. Бұрын уақытты дайындыққа жегізеді екем. Жасағаным әлдеқайда нәтижелі бола бастады.
Үшіншіден, тек керегімді сұрайтын болдым. Дәл қазір, осы сәтте мұқтаж нәрсемді ғана сұраймын. Өзгелер түсінбес, ұят болар демейтін болдым.
Төртіншіден, бір оқиғадан соң бір оқиға, үлгере алмай кетем. Қаншама нәрсеге үлгеруім керек. Бәріне үлгергенсіп жүрмін. Бұрын не болар екен деп күтетінмін. Қазір барымен базар. Кей жағдайларды өзім бастап жасаймын. Бұрын тек басыма түссе ғана жауап берумен шектелгем.
Бесіншіден, соңғы екі аптада қаншама қызықты адамдармен таныстым десеңізші. Мен көшеде, дүкенде, лифтіде танысатын болып кеттім. Қалай таныссам екен деген сұрақ мазаламайтын болды.
Алтыншыдан, керек жерде керек сәтте болуды үйрендім. Соның арқасында қаншама мәселе ың-шыңсыз, артық уақытсыз тез бітті.
Жетіншіден, дүкенге жұмсайтын қаржым екі есе азайды. Бұрын көп нәрсені артық алып жүріппін. Жетпейтін. Бұрын аннам өзіне ұнайтын затын лайықты қаржыға сатып алғанда таңқалушы едім. Мен дәл сол затты екі есе бағасына алатынмын. Енді өзіме ғана жұмсайтын ақша үнемделіп қалып жүр.
Өмірімде көп құбылыс өздігінен орын алатын болды. Бұрын қанша күтсең де келмейтін кей тілектер орындала бастады.
Бір заңдылықта (манифестация заңы) мынаны оқыдым:
Жауапкершілік – өмір дәл қазір ұсынып тұрғанды ала білу. Жауапкершілікті осылай түсіндіру маған қатты ұнады. Бірақ ол кезде оны өмірде қалай қолдануға болатынын білмеген едім. Мен тек өмірде жолым болмады деп қана күн көріппін. Беріп тұрғанды алу керектігін ұғынбаппын. Өмірдің сыйын көрмеппін. Өмірі «қалай?» деген сауалдың айналасында ғана айналсоқтап жүре беріппін.
Қалай деген сауалдың бәрін қоқысқа тастай беріңіз. Ол сіздің өміріңізде өз қызметін атқарып болды.
Өмір әлдеқайда қарапайым. Бақылауға құлықты болмаңыз. Бәрін білу шарт еместігін түсініңіз. Күтпеңіз ештеңе. Өмір беретінін ашық беретін болады. Тек беріп тұрғанда ала біліңіз.
Көп адам үшін бұл да қиын. Күтпей өмір сүру мүмкін емес дейтіндер бар.

Аударған Шынар Әбілдә


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x