ҚазҰУ-ғылым және білім ордасы

Dalanews 22 қаң. 2024 06:54 904

  Қазақстан бүгінгі таңда сапалы білімімен көзге түскен елдердің бірі болып табылады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев білімге көп көңіл бөлуде.

Біз оны салынып жатқан әлемдік стандартқа сай түрлі мектептер мен жоғарғы оқу орындарынан байқаймыз. Сондай университеттердің бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті. Қазақ ұлттық университеті – іргелі білім ошағы, ғылым мен мәдениеттің орталығы. Халқымыздың заңғар перзенттері қызмет еткен, талай талантты ұл-қыздарымыз шыққан қара шаңырақ. Ғылым мен қоғам қайраткерлерінің бірнеше буынын тәрбиелеп шығаратын алтын ұямыз биыл 90 жылдық мерекесін атап өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті маңызды ғылыми-зерттеу институттарының бірі және сонымен қатар Қазақстан Республикасының көптеген ғылыми және кәсіби салаларындағы магистранттар мен докторанттарға орасан зор мүмкіндіктер ашатын көрнекті оқу ордасы болып табылады. Университет халықаралық профессорларды пікір алмасуға,лекция жүргізуге шақырады, жаһандық мәселелер бойынша зерттеулер мен оқытуларды қолдауға, сондай-ақ әртүрлі шет елдермен және аймақтармен академиялық байланыстар орнатуға тырысады. Оқу ордасы  кез-келген сала бойынша білім мен оқуды жоғары деңгейде ілгерілетуді және өз күшін бүкіл әлемдік стандартқа сай болатын нәтижелерді мақсат ете отырып жұмыс атқарады.

«ҚазҰУ халықаралық QS рейтингінде 230-орында. QS Asia университеттері рейтингі бойынша 29-шы сатыда. 90 жылдық тарихы бар университетте 3354 оқытушы-профессор табысты еңбек етуде. Оның ішінде 11 ҚР ҰҒА  академигі, ҚР Жоғары мектебінің үш академигі, Жоғары мектебі Ғылым академиясының ­ сегіз академигі, жеті ҰҒА корреспондент-мүшесі бар. Сондай-ақ 603 доктор, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD жұмыс істейді. 2023-2024  оқу жылына 10 719 талапкер қабылданып, білім алушылар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 3000 ға артты. ҚазҰУ-дың 32 оқытушысы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2023» республикалық байқауында жеңімпаз атанды.ҚазҰУ Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты аймағындағы 650-ден астам жоғары оқу орындарымен және ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста. 80-нен астам әріптестік байланыс өткен жылы орнатылды. Әлемнің 54 елінен 3928 шетелдік студент білім алуда.

Университетте сапалы білім алғысы келетін әрбір студент үшін бірқатар лайықты мүмкіндіктер бар. Университетте Қазақстандағы ең үлкен және ең бай кітапханалардың бірі бар.Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасы Орталық Азиядағы ең ірі кітапханалардың бірі болып саналады.  ҚазҰУ жас ғалымдарға жақсы жабдықталған жатақхана ұсынатын студенттік қала саналады.  Университетте 5000-нан астам студентті қабылдай алатын 14 үлкен жатахана орналасқан.  Университетте 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары, технопарк бар.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Қазақстанның жетекші классикалық университеті мəртебесіне ие Қазақстан білімі мен ғылымының ірі орталығы. ҚазҰУ-ды  еліміздің барлық жоғарғы білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады.Қорытындылай келе, 1934 жылдан бастап университеттің ашылуынан бастап, бүгінгі күнге дейін ҚазҰУ Қазақстанның көптеген рейтингтерінде бой көрсетуде.Қара шаңырақ түлектері мемлекеттік аппаратта жоғары қызмет атқарады, мемлекетіміздің барлық салаларында, көптеген танымал компанияларда еліміздің өркендеуі үшін қызмет атқаруда.

 

Даубасова С.Ш


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті


қылмыстық құқық, қылмыстық


іс жүргізу және криминалистика


кафедрасының аға оқытушысы


Сурет: kaznu.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар