Cоңғы жаңалықтар
Back

Айтары бар алқалы жиын

Алматы университетінің «Педагогикалық мамандықтар» кафедрасының ұйымдастыруымен «Болашақ мамандардың ғылыми-зерттеу мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында студенттердің ғылыми-практикалық конференциясы болып өтті.

Конференцияны ашу рәсімінде Алматы университетінің ректоры Құлжабаев Бауыржан Жамалбекұлы: «Құрметті жас ғалымдар, бүгін Алматы университетінің «Студенттік ғылыми қоғам» ұйымының бастамасымен ғылыми-практикалық конференция өткелі жатыр. Конференцияны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз жастарды ғылымға тәрбиелеу, жас ғалымдарға ғылыми бағыт беру болып табылады. Ғылымы, білімі дамыған елдің өсіп-өркендейтінін бүгінгі жаһандану заманы нақты дәлелдеп отыр. «Тәрбиесіз білім-адамзаттың қас жауы» деп айтқан дана халқымыз. Адамзатты тәрбиелеу, оларға жол сілтеу ғалымдардың еңбегі арқылы жүзеге асатынын ешқашан ұмытпауымыз қажет. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастарға алғыс білдіремін, конференцияны ашық деп жариялаймын»,-деп сөз сөйледі.

DSC_0084Келесі сөз кезегі педагогика ғылымының дамуына аянбай еңбек еткен, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жолмұхан Түрікпенұлына берілді.

– Бүгінгі конференцияға қатысушы студенттер, сіздер жас болсаңыздар да өмірге үлкен қадам жасап отырсыздар. Ғылыммен айналысуға көп адамның жүрегі дауаламайды. «Білім инемен құдық қазғандай» деп қазақ халқы бекер айтқан жоқ. Ғылыммен айналысу үшін адамға қажыр-қайрат пен табандылық керек. Біздің университетімізде жас ғалымдардың конференциясы өткелі жатқанына өз басым қатты қуанып жатырмын. Еліміздегі жоғары оқу орындарына ең алдымен қойылатын талап оның ғылымын дамыту. Сондықтан да конференцияны ұйымдастыруға негіз болған университет басшылығына, «Студенттік ғылыми қоғам» ұйымына алғысымды айтамын,-деді.

Конференцияның көркін жас баяндамашылар қыздырды. Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің 3 курс студенті Әбілманова Әйгерім «Бала психологиясына-қазіргі жаңа технологиялардың әсері», Алматы университетінің  3 курс студенті Құнназарова Ұлдай «Дарынды балаларды тәрбиелеуде әсер ететін факторлар», І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2 курс студенті Турсынбаева Жайна «Қазақ философиясындағы өзін-өзі тану мәселелері» тақырыптарында баяндама жасады.

DSC_0256(1)Конференция «Педагогика және психология, мектепке дейінгі білім берудің педагогикасы саласындағы білім және ғылыми зерттеулер», «Жаратылыстану ғылымының өзекті мәелелері», «Филология: бүгін және ертең», «Тарихты зерделеу мен зерттеудің инновациялық жаңашыл әдістері», «Құқық жүйесін реформалау – қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі», «Экономика ғылымының даму перспективасы және оның мәселелері»  атты секциялық отырыста да жалғасын тапты.

Жас ғалымдардың да айтары бар екендігін конференция барысында көз жеткіздік. Конференцияның қорытынды жиынында үздік баяндама жасаған жас ғалымдар I,ІІ,ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Студенттерге ғылыми бағыт берген оқытушыларға университет ректоры атынан Алғыс хат берілді.

 Алмас Найманбай

Алматы университетінің ғалым хатшысы