Психология, философия тарихында болсын лидерлікке берілген анықтамалар өте көп. Солардың ішіндегі өміршеңдігін жоймаған Батыс Мичиган университетінің құрметті профессоры Питер Г. Нортхаустың «Көшбасшылық теория және практика» атты еңбегіндегі мына анықтама: «Көшбасшылық – бір адамның ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін бір топ адамға ықпал ету процесі». Анықтамадан аңғаратынымыз көшбасшылық процесс. Егер ол процесс болса демек кез келген тұлға көшбасшы бола алады деген сөз. Сондай-ақ ғалым көшбасшының бойында төмендегідей мінез-құлық болуы керек деп ойлайды: ықпал ету мінез-құлық моделі; нұсқау берушілік мінез-құлық моделі; қолдау көрсетуші мінез-құлық моделі. Кейінгі зерттеулерде лидердің, яғни көшбасшының бойында мынадай қабілеттердің болуы керектігін көрсетеді: Ұжымды соңынан ергізе алу; Басқаларға әсер ету; Жағдаятты басқару; Мақсатты қою, қабылдау; Мақсатқа ұжыммен бірге жету. Бір қарағанда, жоғарыда көрсетілген қабілеттер мен мінез-құлықтар қиын көрінбеуі мүмкін. Бірақ бұл – үлкен жауапкершілік. Егер адам өмірінде белгілі бір маңызды мақсаттарға қол жеткізгісі келсе онда, көшбасшылық қабілеттерін дамытқаны абзал. Себебі цифрлы технологияның дамыған заманында адам өз бойындағы осындай көшбасшылық, одан өзге де ерекше қабілеттерін жетілдіріп отырмаса, онда көп ішіне жұтылып кетеді. Дүниеге кірпіш болып қалану үшін, тұтас, мықты, кірпішке айналу керек. Бойына көшбасшылық қабілеттер мен мінез-құлық ерекшеліктерін жинаған адам жерде қалмасы анық.
Жубаназарова Н.С.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
психология ғылымдарының кандидаты, профессор.
Далдабай Ә.Д., Асанова С. Қ.
Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің
Қолданбалы қазақ тіл білімі мамандығының
1-курс магистранттары