Адам кредит төлей алмаса, оның үстіне қосылатын “пайызы” тоқтауы мүмкін – министр Жамаубаев
Бұл жайлы Мәжіліс қабырғасында вице-премьер – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Проблемалық портфелі (несиесі) бар азаматтар үшін берешегін реструктуризациялауға көмек қолын созамыз. Үкімет деңгейінде тұтынушылық кредит бойынша халықтың борыштық жүктемесін шектеу қарастырылады. Соның ішінде, тұрғындардың мерзімінде өтей алмаған кредитіне сыйақы есептеуді шектеу, проблемалық қарызы бар азаматтарға жаңа үсті-үстіне кредит беруге тыйым салуды ұсынып отырмыз», – дейді Ерұлан Жамаубаев.
Оның атап өткеніндей, қазақстандықтардың шамадан тыс несие алуын төмендету мақсатында кешенді шаралар қабылданады.
Әсіресе, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының пруденциалдық (кредитті есепсіз беріп, тым көп тәуекелге бара бермеу, ред.) реттеуін қайта қарауды талап етеді.
Министрдің мәлім еткеніндей бүгіндері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарыз алған азаматтардың құқығын қорғауды күшейту бойынша заңнамалық түзетулерді қарастыру үстінде.
«Тұрғындар банкке берешегі болған жағдайда мәселесін банкроттыққа жүгінбей шешу үшін сотқа дейінгі реттеу аясында құқықтарын қорғауды күшейту маңызды. Бұл тұрғыда банктік омбудсмен маңызды рөл атқаруы тиіс», – дейді Жамаубаев.
Қарызға батқан халықтың мәселесі парламентте қызу талқыланып жатыр. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов дерегінше азаматтардың 84 пайызында (8,4 млн адам) қарызы бар. Соңғы 1, 5 жылдың аралығында бұл көрсеткіш 28 пайызға өскен. Үш айдан асқан қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге.
“Бұл, 1,7 миллион адам қарызын өз уақытында төлей алмай отыр дегенді білдіреді. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді. Кредитті оңды-солды беруді тоқтату керек”, – дейді Қошанов.
Айта кетелік, бұған дейін DALA INSIDE телеграм арнасы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың Кремльдің назарына іліккенін жазған.
“Ресей Қазақстандағы жауларының тізімін жаңалады. Олар бірінші Жамаубаевті құртпақ” дейді DALA INSIDE.