Депутат: «Самұрық-Қазынаның» басшылары 274 миллион теңге сыйақы алған

Dalanews 04 қаз. 2023 11:41 326

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров премьер-министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдады.

Депутат бір жылда өздеріне 274 млн теңге көлемінде сыйақы жазып алған басшылар туралы айтып, оларға шара қолдану қажет екенін жеткізді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері халықтың емес, өздерінің әл-ауқатын арттыруға аянбай еңбек етуде. «Самұрық-Қазынаның» еншілес «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» компаниясының басшылығы кәсіпорынның тапқан пайдасынан екі есе көп бонус алған», – деді депутат.

Сайыров кәсіпорын басшысы бір жылда 74,9 млн теңге, басшылық 274 млн теңге бонус жаздырып алған, бірақ кәсіпорынның таза пайдасы 38,5 млн теңге ғана екенін тілге тиек етті.

«Өз кезегінде, «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» компаниясының еншілес кәсіпорны саналатын «КАЗ КЛОУД» компаниясының да басшылығы өздеріне келгенде жомарттығында шек жоқ. Біріншіден, тең құрылтайшы болып табылатын «Қазақтелеком» өзінің үлесін жеке серіктестікке беріп жіберген. «Бұл үлес неге, қалай берілді, мемлекетке залал жоқ па?» – деген сұрақтар туындайды.


Екіншіден, осы «КАЗ КЛОУД» команиясының менеджменті, компанияның таза пайдасы 61 млн теңге бола тұра, сыйақы ретінде бір жылда 336 млн теңге алған», – деп  мәлімдеді Ерлан Сайыров.

Депутаттың дерегінше, «Қазақтелеком» басқармасының мүшелері жалпы 422 млн теңге премия алған. Әрбір мүшесіне 105 млн теңгеден келеді. Біздің қарапайым халқымыз бір үзім нанға жарымай жүргенде, бұл неткен асқандық? «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері, еншілес кәсіпорындары өздерінің басшыларына бонус, сыйақы жазып алуға ғана қызмет ете ме?» деген заңды сұрақ туады», – дейді депутат.

Ол депутаттық сауалының соңында мынандай ұсыныстарды айтты:

«Самұрық-Қазынаның» өз менеджментіне «асыра сілтеп» премия жазу саясатының заңға сәйкестігін анықтап, бұл ашкөздікті тоқтату;
 «Самұрық-Қазынада» құжынаған еншілес кәсіпорындардың қажеттігін анықтау;
   «Самқрық-Қазынаның» қаржы саясатының ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктер жасау қажет.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x