Нұртас Адамбай: «Ринат Зайытов депутаттық креслоны босатсын!»
Қазақстандық актер Нұртас Адамбай мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың алаяқтық әрекеттердің 80%-ын намаз оқитындар жасайды деп мәлімдеген пікіріне қатысты үндеу жариялады.
«Біздің еліміздегі алаяқтық әрекеттердің 80% -ын намаз оқитын адамдар жасайтыны туралы сөздеріңізге дәлелдер келтіруді сұраймын. Әйтпесе, мен сізді мылжың деп қабылдаймын. Ал мылжыңдарға парламентте орын жоқ. Аллаға сенушілерге күйе жағатын сөздеріңізге дәлел келтірмесеңіз, депутаттық креслоны босатып, оны лайықты адамға беруіңізді сұраймын. Өз сөздері үшін жауап бере алмайтын адамдар заң шығарушы биліктің атынан сөйлей алмайды», – деді Адамбай.
Еске сала кетейік, депутат Ринат Зайытов жақында берген сұхбатында Ислам дінін қабылдаған рэп-орындаушының сөзін мысалға келтірді.
«Айс Кьюб деген рэп орындаушы «сіз мұсылман дінін қабылдағансыз ба?» деген сұраққа «жоқ» деп жауап беретін. «Неге мойындамайсыз?» десе, «өйткені менің бойымда ұялатын дүние көп» дейтін. «Сондықтан мұсылманмын деп айтуға ұяламын. Ертең басқа мұсылман менің қателігімді қайталамасын» дейтін. Мен сізге факт айтайын.
Қазақстанда жасалып жатқан алаяқтықтардың 80 пайызын жасап отырған қауым – намаз оқитындар. Өтірік десе бетіме бассын.
Тіпті қарапайым базарға барыңыз, басқа жерге барыңыз «Алла» деп тұрып адам алдап жатыр. Онда жанашыр адамдар осыны түзетсін», – дейді Ринат Зайытов.
Ол осы сұхбатынан кейін өзіне шабуыл жасалып жатқанын мәлімдеген.
Тағы оқыңыз:
Әлеуметтік нысандардың құрылысын қатаң бақылаймыз – Дархан Сатыбалды