Back

AMANAT-тың араласуымен жайылымдық жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуда

Бүгінде облыстарда «AMANAT» филиалдарының есеп беру-сайлау конференциялары жалғасып жатыр. Бүгін партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының XXXI конференциясы өтті.

Іс-шараға аймақтағы Саяси кеңестің мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, бастауыш партия ұйымдары мен «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.

Делегаттар партияның аудандық және облыстық филиалдарындағы Саяси кеңестердің жаңа құрамын бекітті. Осылайша, 1 қалалық және 10 аудандық филиалдардағы Саяси кеңестердің құрамына 82 адам кірді. Биыл аталған кеңестердің құрамы 63%-ға жаңарды. Оның 16%-ы – жастар, 34%-ы – әйелдер.

Өз кезегінде, «AMANAT»-тың Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова партиялық жобалардың жүзеге асырылу барысына тоқталды. Кейінгі екі жылда «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Жастар Отанға» жобалары аясында 70 мыңнан астам адамды қамти отырып, 1150-ден астам іс-шара өткізілді.

– Былтыр облыстық комиссия «Жер аманаты» жобасы аясында 100 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарса, жыл басынан бері тағы 61,3 мың гектар жерді қайтарып алды. Биыл Ұлан ауданы Гагарино ауылы мен Алтай ауданы Северное ауылы тұрғындарының өтініші бойынша партияның араласуымен жайылымдық және шабындық жерлерді қайтару мәселесі оң шешімін тапты, – деді ол.

Ал Шығыс Қазақстан облысының мәслихатындағы «AMANAT» депутаттарының атқарып жатқан жұмысы жөнінде партияның депутаттық фракциясының жетекшісі Тұрарбек Әзекенов баяндады. Халық қалаулылары азаматтарды қабылдап, партиядағы қоғамдық кеңестердің жұмысына қатысады және «AMANAT»-тың өңірлік сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуын қадағалайды.

– 2027 жылға дейін 6,8 мың оқушыға арналған 17 мектеп салу жоспарлануда. Бүгінде Өскемен қаласында 600 орындық, Зайсан қаласында 300 орындық, Шемонаиха қаласында 300 орындық және Шеңгелді ауылында 100 орындық мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Депутаттық бақылаудың нәтижесінде «Омбы-Майқапшағай» жолы жөнделді, – деді ол.

Жалпы, 2021-2022 жылдар аралығында өңірде 4 мектеп пайдалануға беріліп, мұражай-археологиялық кешен, 2 ауылдық клуб, 5 спорт нысаны салынды. Сонымен қатар, әлеуметтік саладағы 69 нысан жөнделіп, 600 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Осы күні «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек өңірдегі белсенді жастармен, жас спортшылармен кездесті. Балалар мен ересектерді салауатты өмір салтын ұстануға баулу мақсатында «AMANAT»-тың өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында 13 спорт нысанын, оның ішінде 3 GYM орталығын, 3 спорт модулін және 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу көзделді. Сонымен қатар, 100 мыңнан астам бала спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатыса алады.

Атқарушы хатшы бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен әңгімелесіп, БПҰ саяси белсенділіктің өзегі әрі қозғаушы күші саналатынын атап өтті.

– Бүгінде «AMANAT»-тың 800 мыңнан астам мүшесі 4 мың бастауыш партия ұйымына біріктірілген. Шын мәнінде, олар – саяси ұйымымыздың негізі. Дәл сол ортада азаматтар партия қатарына қабылданады және қоғамда партияның құндылықтарын ілгерілетуге қабілетті жаңа көшбасшылар қалыптасады. Екі жыл сайын қоғам белсенділерін анықтап, оның нәтижесінде партияның кадрлық резервін қалыптастыруды күн тәртібінен түсірмеу керекпіз. Партиялық ұйымдардың маңызды функцияларының бірі – жергілікті көшбасшыларды қолдау. Біздің партия олар үшін өзін-өзі дамытуға мүмкіндік беретін алаңға айналуы шарт, – деді Дәулет Кәрібек.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында 155 бастауыш партия ұйымына біріктірілген 28 мыңнан астам «AMANAT» мүшесі бар.