Cоңғы жаңалықтар
Back

Мақсары – болашағы мол дақыл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын технологиялық қайта жарақтандыруды ынталандыру құралдарын егжей-тегжейлі зерделеу қажеттігіне басымдық берілген болатын.

Бүгінде еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде қолданылатын технологиялардың шамамен 90%-ы ескірген және жаңартуды қажет етеді. Осыған байланысты Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы өсімдіктердің өнімділігін арттыру, олардың экологиялық жай-күйін жақсарту және климаттық және топырақ ресурстарын ұтымды пайдалану үшін топырақтағы органикалық заттардың мөлшері сақталатын жерлерде топырақты қорғау технологиясын әзірлеу қажет.

Ауылшаруашылық технологиясының төмен деңгейімен жерді ұзақ уақыт пайдалану топырақ құнарлылығының күрт төмендеуіне, соның ішінде топырақтағы органикалық заттардың төмендеуіне, эрозия мен дефляция процестерінің дамуына әкелді.

Ғылыми сараптамалар бойынша 1950 жылдардағы деңгеймен салыстырғанда топырақ құнары азайып, қазіргі уақытта гумустың 30%-ына дейін жоғалтты деп саналады. Қазақстанның оңтүстік-шығысы жағдайында тәлімді жерлерді игеру және ұтымды пайдалану үшін құрғақшылыққа төзімді дақылдарды пайдалана отырып, қор сақтаушы технологиялардың ғылыми негіздерін жетілдіру қажет.

Қазіргі уақытта Қазақстан егіншілерінің алдына сапасы жағынан бәсекеге қабілетті өнім шығару міндеті қойылып отыр. Бұл жағдайда топырақ қорғау және ресурс үнемдеу технологиялары негізінде егіншілік жүйесін жетілдіру ерекше өзекті болып табылады.

Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы егіншілік аймағында дәстүрлі дақылдар – күздік бидай және жаздық арпамен қатар мақсары да үлкен мүмкіндіктерге ие.

Тұтастай алғанда, Қазақстанның оңтүстік-шығысында жүргізілген зерттеулер мынадай тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді. Сумен қамтамасыз етілмеген тәлімі жағдайында ылғал, қор сақтаушы технологияларды қолданудың маңызы зор. Топырақты өңдеудің механикалық әдістеріне қарағанда, әсіресе құрғақ жылдары сөзсіз артықшылыққа ие. Дақылдарды өсіру технологиясын интенсификациялау мақсатында минималды және тікелей өңдеу тәсілдерін қолданудың тиімділігі зор.

Бұл жұмыс ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру аясында «Қазақстанның оңтүстік-шығысында тәлімі жерлер жағдайында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің топырақ қорғау технологиясын жетілдіру» жобасының негізінде жүзеге асырылды.

Тәлімді егіншілік жағдайында «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің тәжірибелік танабында және Алматы облысы Іле ауданындағы «Өнім» шаруа қожалығының егіс алқаптарында  құрғақшылыққа төзімді ауыл шаруашылық дақылдарын әртараптандыру мақсатында танаптық тәжірибелер жүргізілді.

Мақсарының ерте кезден белгілі болуына қарамастан, бұл дақыл осы уақытқа дейін аз зерттелген. Өсірілетін өңірге байланысты мақсарының табиғи айырмашылықтары, майының мөлшері мен құрамы бойынша барынша әр түрлі болып келеді.

Мақсарыны көп мақсатқа – төрт түлік пен құстар үшін жем, азық ретінде, сондай-ақ медицинада және тамақ өнімдерін өндіруде пайдаланылады. Соңғы уақытта онда поли қаныққан май қышқылдары деңгейінің жоғарылығынан оның пайдалы болуына байланысты мақсары майына қажеттілік өсуде. Мақсары өсірудің коммерциялық тартымдылығы да өте жоғары болғандықтан Қазақстанда бұл дақылды өсірудің жетістіктері мен мәселелері айқындалуда.

Елімізде мақсарыны Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Шымкент өңірлерінде өсіріледі. Мақсары үлкен егіс алқаптары Қостанай – 84505 гектар, Түркістан – 83436 гектар, Батыс Қазақстан – 69188 гектар, Жамбыл – 55076 гектар, Ақтөбе облыстарында 43960 гектар жерде шоғырланған.

Алматы облысында мақсарының егіс алқабы 26919 га құрайды. Мақсары-құрғақшылыққа, төмен температураға төзімді, топыраққа талабы аз дақыл. Мақсары көп мақсатты дақыл: өсімдік майын өндіру көзі, жоғары қоректік Жем, тамақ және фармацевтика өнеркәсібіне арналған шикізат. Жақында зерттеушілер мақсары топырақ құрылымын жақсартатынын анықтады

Құрғақ жылдары аз болса да өнім алу – бұл қазірдің өзінде нәтиже. Дегенмен, күрт континенталды климат мақсарының өніп өсуіне кедергі келтірмейді, өйткені бұл дақыл ең қиын жағдайда да өнім беруге қабілетті».

Мақсары күрт континеналды климаттың ерекшеліктеріне жақсы бейімделген. Мақсары өсіруге вегетациялық кезеңнің гидротермиялық режимі үлкен әсер етеді. Зерттеу нәтижелері мақсарының құрғақшылыққа жоғары төзімділігін анықтады, бұл ылғалды үнемді және тиімді пайдалануға және ұзақ құрғақшылық кезеңіне төтеп беруге мүмкіндік береді. Жылу жетіспейтін ылғалды көктемгі жылдары мақсары ертерек егілген жөн. Мақсарыны қор сақтаушы технологиясымен өсірудің Қазақстан үшін болашағы зор дақыл.

Рауан ЖАПАЕВ, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ егіншілік зертханасының меңгерушісі.