ЕУРАЗИЯЛЫҚ ОДАҚ: БАСТЫ ТРЕНД ҚАНДАЙ?

Dalanews 13 ақп. 2015 01:17 140

Тренд болмаған дүние бренд болмайтыны белгілі. Ал биыл іске кіріскен Еуразиялық одақтың басты трендтері қандай?

«Еуразия әлемі» пікірсайыс клубында дәл тақырып талқыға салынып, жиынға қатысқандар өз ой-пікірлерін ортаға салды. Айталық, саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пікірінше Қазақстан осынау одақтың аясында нақты экономикаға басымдық беріп отыр. Яғни, мұндай жағдайда экономиканың барлық салалары ескеріледі. Ал Армения үшін бұл одақ еңбек күші жағынан тиімді болмақ. «Алайда трендтерді анықтау үшін алдымен одақтас елдердің экономикалық даму стратегиясын бекіту қажет. Яғни, бұған технологиялық даму, бизнес-аухал және жаһандану жағдайындағы бәсекелестік талаптары кіреді » деді ол өз сөзінде. Ал Қазақ-неміс университетінің жанындағы халықаралық және аймақтық әріптестік институтының директоры  Болат Сұлтановтың пікірінше , бұл туралы мәселе көтеруге әлі ерте. «Себебі, дәл қазір одақ үлкен қысымға ұшырауда. Мұнай бағасы төмендеп кетті, жанармай арзандады. Бұл дұрыс та шығар. Бірақ одақтас елдердің арасына іріткі салуды ойлайтындар мұны өз пайдасына қолдануы мүмкін» деді ол сөз сөзінде.  

«Шығыс-Батыс стратегиясы» сараптамалық орталығының  (Қырғызстан) директоры Дмитрий Орлов «трендтерді белгілеу үшін осы одаққа біріккен елдер одақ аясында жаңа экономикалық дамудың үлгісін анықтау қажеттігін» айтты. Өз кезегінде трендті қалыптастыруда ақпараттық қамсыздандырудың орнын бөлек екенін тілге тиек еткен «Балама» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев: «Иә, Еуразиялық одақтың баспасөз қызметі бар. Алайда осы одақтың жарнамасын жасау, оның қандай жақсылықтары боларын айту, бүгінге дейін атқарылған істердің нәтижелерін жариялау жағынан олардың жұмысы аздық етіп отыр» деді.  Жиынды түйіндеген «Алмагест» консалтингілік компаниясының директоры Айдархан Құсайынов саясаттанушының сөзімен келісетінін айтып, дәл қазір ақпараттық соғыс жүріп жатқанын, соған қарамай Еуразиялық одақ өзінің ең басты мақсатынан айырылмауы керектігін тілге тиек етті.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x