Қорғаныс министрлігі: Қазақстан Ресейге әскери техника тасымалдап жатқан жоқ
Қазақстан Қорғаныс министрлігі “Қазақстан Ресейге әскери техника тасымалдап жатыр” деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дейін әлеуметтік желіде Қазақстанның батыс өңірінде “әскери техника тиелген жүк көліктерінің Ресейге әкетіліп жатқаны” жөнінде ақпарат тараған.
“Қазақстандық әскери техниканы Ресейге жөнелтіп жатыр деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Аталған әскери техниканың Қазақстанға қатысы жоқ, бұл халықаралық уағдаластықтар шеңберінде Қазақстан аумағы арқылы Ресейге жоспарлы жөндеу жүргізу үшін жіберіліп жатқан үшінші елдің меншігі” деп жазылған министрлік хабарламасында.
Ведомство хабарламасында үшінші елдің атын атамайды. Министрлік 2022 жылдың 27 тамызынан бастап Қазақстанда қару-жарақ пен әскери техниканы экспорттауға тыйым салынғанын айтып өтеді.
Әлеуметтік желілерде бұған дейін де темір жол және жүк көліктері арқылы тасымалданып жатқан әскери техниканың суреттері мен видеолары жарияланған.
Кейбір кезде желі қолданушылар “Қазақстан әскерді Украинаға жібергелі жатыр” деп болжаған. Ал қорғаныс министрлігі ақпараттарды жоққа шығарған. Былтыр наурызда осындай ақпарат тараған кезде министрлік “мессенджерлерде таралған видеоларда әскери техниканың әскер дайындығы кезіндегі іс-қимылы бейнеленген” деп түсіндірген.