Тоқаев Халық жазушысының алдында иіліп, қалай құрмет көрсетті?
Ақын, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушы Әзілхан Нұршайықовқа қалай құрмет көрсеткенін әңгімелеп берді.
– Қай жылы, қандай жиналыс екенін ұмыттым, Тұманбай ағама еріп барғаным есімде, Алматыдағы Жазушылар одағына Қасым-Жомарт Кемелұлы келді. Айтпақшы, әкесі Кемел Тоқаевтың сексен жылдығына арналған шараға келсе керек.
Алдыңғы қатарда отырған ақсақал жазушыларға жағалай қол беріп, амандаса бастады.
Марқұм Әзілхан Нұршайықов ағамыз орнынан тұрып, “Қасым-Жомарт, кішкентай кезіңде мен сені еңкейіп тұрып бетіңнен сүйюші едім, қазір сен биіктеп кеттің, бойым жетпей қалды…” – деді.
Сол-ақ, екен, Қасым-Жомарт Кемелұлы “Әзаға, онда енді мен еңкейіп, Сізге бетімнен сүйгізейін!” – деп, Әзілхан Нұршайықов ағамыздың алдына келіп, еңкейіп бетінен сүйгізді. Өзі де құшақтап, Әзілхан ағамыздың бетінен сүйді.
Зал толы адам еді, бәрі тебіреніп кетті, білем, орындарынан тұрып, қол соқты… – дейді Ауыт Мұқибек.