«Бір допты 232 000 теңгеден алмақ болған». Антикор мемлекет қаржысын жымқырудың алдын алды

Dalanews 25 мам. 2023 10:43 186

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2,2 млн теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алды, – деп хабарлайды Dalanews.kz .

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы мемлекеттік сатып алу жоспарында 2,7 млн бюджет қаражатына 20 доп алмақшы болған.

Тауардың әрбір бірлігі 2-ден 10 есеге дейін асыра бағаланып көрсетіліпті.

– Мемлекеттік мекеме баскетбол добын 232 мың теңгеге, ал волейбол добын 42 мың теңгеге сатып алуды жоспарлаған, – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин өзінің Фейсбуктағы парақшасында.


Бұдан кейін департамент қызметкерлері мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атына жоспардың тармағын қайта қарау туралы ұсыныс хат жолдады. Нәтижесінде 2,2 млн теңгеден астам қаржы үнемделді.

– Айта кетейік, бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сатып алу нарығының ашықтығы мен қолжетімділігін арттыратын «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталына үнемі мониторинг жүргізеді, – деді Дәурен Ерғарин.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x