Сегіз қырлы бір сырлы жан

Dalanews 22 мам. 2023 05:58 357

Ұстаз шәкіртінің арманына арман, қиялына қанат бітіріп мақсатына жету жолында жанын аямайтын аяулы жан. Сонымен қатар, ұстаз туралы сөз еткенді күні бойы спорт залда шәкірттерімен бірге шүмектеп тер төгіп жүрген бапкерлерге де қатыстыра  айтуға толық негіз бар. «Бір адам қазған құдықтан, мың адам су ішеді» деген қанатты бір сөзді арқау ете отырып, қаншама таланттарды тасадан суырып алып, халыққа танытқан білгірде білікті, көзі қырағы бапкерлер туралы қанша айтса да жарасады. Бүгінгі әңгіме желісін осындай бар ғұмырын спортқа яғни күреске арнаған ардақты ұстаз, ұлағатты бапкер, қадірлі жан, аймақтағы спорттың дамуына зор үлесін қосқан ҚР спорт ардагері, қазақ күресі мен грек-рим күресінің спорт шебері Аманбек Фазылұлы Саматов туралы айтқымыз келеді.

ҚР Спорт ардагері Саматов Аманбек Фазылұлы 1949 жылы қазіргі Абай облысының Аягөз ауданындағы Сергеополь ауылында дүниеге келген. «Талапты ерге нұр жауар» демекші, құмарлықпен келген ұзақ жаттығдың арқасында алдымен аудан, облыс сосын республика жарыстарына қатыса жүріп жүлдеге ілініп үлкен нәтиже көрсете бастайды. «Әу» демейтін қазақ жоқ қой. Бала кезінен спортты ғана емес музыканы да жаны сүйген Аманбек ағамыз мектепте оқып жүріп ән салуды жақсы көрген. Бесінші сыныпта оқып жүргенде ауылға Құсбек Ақуып деген домбыраның құлағында ойнайтын ән пәнінің мұғалімі келіп домбырадан оркестер құрып, халық алдына өнерлерін көрсете бастайды. Құмарылықпен келген бұл өнерді де сәтті игеріп алған ағамыз домбырасын қолға алып оркестермен талай облыстық байқауларда топ жарып, Алматыға дейін келіп өнерлерін көрсеткен.

Сегізінші сынып оқып жүргенде Алматыдан Әзиздолла Есқалиев деген бір өнер иесі Алматыдан ауылдарына келіп жас домбырашы Аманбектің шерткен күйіне тәнті болып қалаға Чайковский атындағы муызкалық училищеге шақырады. Бірақ оған баруға мүмкіндік болғанымен түрлі себептермен бармай қалады. Есесіне өзінің сүйікті спорты күресті түпкілікті ден қойып жасы 61 келгенше күрес, футбол, волейбол спорт түрлерімен белсене айналысып шәкірт тәрбиелеп келеді.


Аманбек Фазылұлы орта мектепті аяқтағаннан кейін әскер қатарына  шақырылып замандастарымен бірге борышын өтеуге аттанады. 1972 жылы Камчаткаға әскер бөлімшеге түсіп сол жерде Кеңес Одағына әйгілі режиссер, актер Никита Михалковпен бірге Отан алдындағы борышын атқарыпты. Михалков пен танысуы да қызық болыпты. Спорт пен өнерді қоса алып жүрген талантты жігіт әскерде де жанына жақын спортты тастамайды. Әскери бөлімшедегі спорт клубқа алынған қазақтың қарадомалақ батыры сол жерде күрестен жақсы жетістіктерді көрсете бастайды. Бірде күрес өнеріне тәнті болған Михалков спорт залда ағамызға жақын келіп танысуға ықтияр білдірген. Аманбек ағамыздың айтуынша, Михалковтың бойы 1 м 90 см болғандықтан оны баскетбол ойнайды деп спорт клубқа алып келіпті. Екеуі де екі әскери бөлімшеде болса да оларды біріктіріп таныстырған спорт болса керек. Екеуі әскерден кейін де хат алысып тұрса керек.

Талантты адам  қай жерде болса тесіп шығары белгілі ғой. Әскерде жүргенде бүкіл Тынық мұхиты бойынша әскерилер арасында өткен Владивастоктың бірінішілігіне қатысып екінші жүлделі орынды жеңіп алады.

Дарынды жас қазақ балуанының өнеріне тәнті болған әскери спорттың басшылары Аманбек ағамызды КСРО Қарулы күштері құрамысының қатарына алады. Ригада өткен КСРО Қарулы күштері арасында өткен аламан жекпе-жекте жүлделі үшінші орынды иеленеді. Осылайша, әскер қатарында жүргенде де тамаша жетістіктерге жеткен Аманбек ағамыздың өмір жолындағы қалдырған іздері толымды табыстармен көмкерілген.

1967-1971 жылдары Алматы қаласында Дене шынықтыру институтының күрес бөліміне оқуға түсіп жақсымен оқып бітіреді. Инистиутта оқып жүргенде Қазақстанның біріншілігіне қатысып жақсы өнер көрсетеді. Нүркен Әбдіровтің атында, Бүкілодақтық турнирде классикалық күрестен 5 орынға жетсе, жастар арасында еліміздің чемпионатында қола жүлдеге ие болады.

[caption id="attachment_89586" align="aligncenter" width="800"] smart[/caption]

Жоғары оқуын тәмамдаған соң, алған білімін ауыл өтінде жүрген таланттарды тәрбиелеуге арнауды жөн көріп, туып-өскен жері сол кездегі Семей облысының Аягөз ауданындағы Сергеополь орта мектебінде 1979 жылға дейін дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәндерінен ұстаздық етіп, еңбек жолын бастайды.

Мектепте спорт сабағынан дәріс бере жүріп, грек-рим және қазақша күресінен өтетін облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жақсы орындардан көрінеді. Кейінірек, қазақ күресіне ауысып кетіп, спорт шеберін орындайды. Төл күресімізден Семей облысының бірнеше дүркін чемпионы болса, Қажымұқан атындағы респбуликалық жарыста топжарып бас жүлдені жеңіп алады. Сонымен қатар, Аманбек Фазылұлының Қазақстанның біріншілігінде үздік үштікке кіргенін айтпай кету мүмкін болмас.

Отбасылық жағдаймен Аманбек Фазылұлы 1987 жылы Есік қаласына қоныс аударып, спорт мектебінде күрестен жаттықтырушы болып кіреді, сосын Спорт және туризм бөлімінің басшысы, Есік қаласы әкімінің міндетін атқарушы, Көктөбе ауылдық округінің әкімі болып көпжылдық өмірдегі мол тәжірбиесін ел игілігіне арнайды.

Ардақты балуанның қолынан жаттығып, бала бүркіттей шыңдалып ұшып шыққан көптеген шәкірттері үлкен жетістіктерге жетіп, ұстазының мерейін асқақтатқан. Аудандық спорт бөлімінде қызмет істеп жүрген шағында Аманбек Фазылұлы ұлттық спорт түрлерін дамытуға орасан еңбек сіңірген. Сол жылдары ұлттық спортымыз қарқынды дамып, ауданның шашасына шаң жұқпас жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлары облыстық, республикалық жарыстардан жүлделі орындарға ілініп елдің мақтанышына айналады. Сол жылдары ұлттық спорттың соның ішінде ат спортының аудан бойынша кеңінен құлаш жаюына Аманбек Фазылұлының қосқан үле зор екенін халық күні бүгінге дейін айтып келеді.

Салауатты өмір салтына бар ғұмырын арнаған ел ағасы бүгінде 74 жастан асып барады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерін жетектеп қызығына тоймай жүрген ардақты ақсақал.

– Ұлдарым Телжан мен Асқар Алматыдағы Спорт және туризм академиясын бітірген. Кезінде олар Олимпиадаға жасақталған құрам қатарында жаттықты. Немерелерім де біздің жолымызды жалғастырып келеді. Осылайша біздің әулет өздерінің күрестегі сара жолын жалғап келеді, – дейді спорт ардагері.

Отағасының өмірі туралы сөз еткенді, қасында 50 жыл бірге тұрып бір жүрген жан жары, отанасы Қалима апайдан артық ешкім білмес сірә.

– Аманбектің адамгершілігі, қарпайымдылығы, парасат-пайымы, мейірімге толы мінезі, жанашырлығы тағысын тағы айырықша қасиеттерін айтып тауысы алмаймын, ең бастысы отбасының берік тұтқасы әрі тірегі деп санаймын, – дейді отанасы Калима Байшашева.

«Жақсы мұраптың соңынан су ереді, жаман мұраптың соңынан сөз ереді»- демекші, ардагер балуанның атында жыл сайын дәстүрлі жарыс өткізіліп қаншама бота балуандардың таланты ашыла түсіп келеді. Жасөпірімдер арасында ұйымдастырлып келген бұл турнир 2014 жылы тұсауы кесілген екен. Алғашында облыстық турнир ретінде тұсауын кескен аламан жекпе-жек кейін қанатын кеңге жайып, республикалық деңгейге көтерілді.


Ал биыл аталмыш байрақты бәсеке халықарлық жарыс ретінде жалауын желбіретті. Онда бақ сынап, жүлдеге іліккен бала балуандар спорт шеберіне үміткер атана алады. Грек-рим күресінен өткен биылғы сынға республиканың көптеген аймақтары мен қатар, Тәжікстан елінен де жас балуандар келіп қатысты. Айтулы жарыс Есік қаласында орналасқан №1 Балалар мен жасөпірімдер спорт мектебінің шаңырығында болып өтті.

Дәстүрлі бәсекенің ашылуына Есік қаласының әкімі, өңір спортына еңбегі сіңген ардагер спортшылар келіп қатысты. Құрметті қонақтар Аманбек Фазылұлынының атындағы дәстүрлі жарысқа келіп қатысып жатқан жасөспірім балуандарға сәттілік тілеп, турнир иесіне құрмет, қошамет көрсетті.

Сосын белдесулер басталып кетті. Бұл жарыстан көптеген дарынды жастар шыңдалып өсіп шығып жатыр. «Тұлпардың сыны бәйгеде» демекші, өз ауыл-аймақтарында толассыз жаттығып, шынығып жүрген таланттар осындай аламанда бас қосып шеберліктерін байқайды. Сондықтанда бұл турнирдің болашақ жастарымыз үшін берері зор. Ал, Аманбек Фазылұлы әлі де жастарға ақыл-кеңесін айтып көпжылдық қазыналы тәжірбиесімен бөлісіп отырар деген ойдамын. Өйткені жастарды тұлғалар арқылы тәрбиелеудің маңызы ерекше.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

Фото Ерзат АСЫЛ.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x