Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында ауқымды мерекелік іс-шаралар өтеді

Dalanews 18 мам. 2023 12:23 440

21 мамыр күні еліміздің мәдениет және өнер қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтеді. Мәдениет саласының қызметкерлерін біріктіретін осы күнге орай министрлік ауқымды мерекелік іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мерекелік іс-шаралар еліміздегі барлық музейлер қатысатын «Музейлер түні» халықаралық акциясынан басталады.

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде сағат 18:00-ден түн ортасына дейін концерттік және ойын-сауық бағдарламалары, тақырыптық көрмелер, театрландырылған экскурсиялар және т.б. танымдық іс-шаралар өтеді.

19 мамырда, сағат 11:00-де ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасында «Мәдениет: Кітап. Білім. Тіл» атты open air фестивалі өтеді. Фестивальге еліміздің барлық өңірінен келген 200-ден астам кітапханашы қатысады. Бағдарламада кітапханалар мен баспалардың қатысуымен жәрмеңке-көрме, антиквариат экспозициясы және жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, шеберлік сабақтары бар. Жазушылардың, редакторлардың, журналистердің және кинорежиссерлердің қатысуымен «Кітап оқу – жетістік трамплині» арнайы жоба ұйымдастырылады.

Сол күні сағат 19:00-де QAZAQSTAN орталық концерт залында еліміздің барлық өңірінен жиналған үздік орындаушылар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен гала-концерт өтеді. Сахнада классикалық, эстрадалық және халық шығармалары орындалады.


Концерт алдында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» шығармашылық бірлестігі ұйымдастырған шеберлік сабақтары өтеді.

20 мамырда Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрда «Мәдениет. Тынысы театры» атты шеберлік сабағы өтеді. Жоба аясында театр және кино өнерінің көрнекті қайраткерлері актерлік шеберлік, режиссура, хореография, макияж, хор тақырыптары бойынша тәжірибелерімен бөліседі.

Сағат 15:00-де «Астана Опера» театрында мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне арналған мерекелік кеш басталады. Ауқымды концертте бір мезгілде елорданың құрама симфониялық оркестрі мен еліміздің өңірлерінен келген хор ұжымдарын қоса алғанда, мың музыкант өнер көрсетеді. Атақты музыкант, дирижер және композитор Марат Бисенғалиевтің авторлығымен «Ұлы дала әуені» атты салтанатты ода орындалады. Іс-шарада еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері де болады.

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай сала үздіктері марапатталады. Жалпы алғанда мерекелік бағдарлама өте ауқымды. Алайда, ірі жобалардан бөлек, кішігірім іс-шаралар да болады. Бүкіл ел бойынша дөңгелек үстелдер, кездесулер, концерттер мен шеберлік сабақтары өтіп жатыр. Біз бәрін жоғары деңгейде өткізіп, осы арқылы отандық және әлемдік мәдениеттің дамуына үлес қосатын қазақстандықтардың қажырлы еңбегін атап өтуге болатынына сенімдімін.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x