ҚАЛДЫҚТЫ ЖЕРДЕ ҚАЛДЫРМА

Dalanews 31 қаң. 2015 03:03 254

Таяуда ҚазҰТУ-да өткен «Ньютон - Әл-Фараби» серіктестік бағдарламасы шеңберіндегі Ұлыбритания мен Қазақстанның ғылыми-зерттеу бойынша әріптестік семинарында еліміздің индустриалды-инновациялық даму саласының басым бағыттары кеңінен сөз болды.

Сатбаев универЖиын барысында сөз алған Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің ректоры, академик Жексенбек Әділов білім ордасының түлектері еліміздің тау-кен және металлургия саласын дамытуға барынша үлес қосқанын алға тарты.

– Қазір біздің университеттен түлеп ұшқан 120 мыңнан астам түлектеріміз Қазақстанның гүлденуі жолында аянбай еңбек етуде. Елімізде еңбек қоғамын қалыптастыруда университет түлектері қашанда алдыңғы орында келеді. Тау-кен саласы мамандары, металлургтер, геолог, мұнайшылар, машина жасаушылар, энергетиктер өндіріс алаңдарында Отанымыздың келісті келешегі үшін бар күш-жігерін жұмсауда. Қазақстан үшін маңызды тау-кен, мұнай өнеркәсібі саласындағы қалдықтарын кәдеге жарату мен өңдеу тақырыбында семинардың өтуі кездейсоқ жағдай емес, – деді ректор.

Семинар барысында ҚазҰТУ-дың Ақпараттық-стратегиялық әріптестік және дамыту департаменті директоры Гүлнәр Сәрсенбаева аталмыш тақырыпқа қатысты ағылшын тілінде баяндама жасаса, Ұлыбританиядағы Вульверхемптон университетінің профессоры Жамал Хатиб  жиналған қауымды семинар бағдарламасымен таныстырды. Басқосу екі ел арасындағы ғылыми әріптестікті дамытуды көздейді.

Бес күнге созылған семинар барысында өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу, қоршаған ортаға техногендік әсерлерді азайту мәселелері кеңінен  талқыланып, оларды құрылыста (инфрақұрылымда) қолдану, әр түрлі материалдар жасау, ағынды суды өңдеу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылғанына куә болдық.

Жұлдыз БАҒАШАРОВА,

ҚазҰТУ-дың баспасөз хатшысы.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x