Адам саудасына тосқауыл қоятын құжат немесе осы қылмысты ашуда қандай кедергілер бар?

Dalanews 04 сәу. 2023 14:29 289

ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда адам саудасына қатысты 65 қылмыс тіркелген. Осы орайда, ең ауыр санатқа жататын қылмысқа қарсы заңнаманың қалай жетілдіріліп жатқанын талқылау да аса маңызды. Құзырлы ведомство ұсынған әлгі санды талдайтын болсақ, оның ішінде бір оқиғаның қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыруға жататынын аңғарамыз, 11-інде қылмыскерлер кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тартқан, 16-сы кәдімгі адам саудасы, оның құрбандарының 12-сі де кәмелетке толмаған жасөспірімдер, 37-сі сутинерлік және жезөкшелікпен айналысу фактілері.

Министрлікте атап өтілгендей, адам саудасы көбінесе жыныстық қанау, мәжбүрлі еңбек, күштеп қайыр сұрату, адам ағзаларын алу және жаңа туған нәрестелерді асырап алу үшін сату оқиғаларымен байланысты.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бұл бағытта жыл сайын 100-ден астам қылмыс тіркеліп, 5-ке дейін қылмыстық топтың ұйымдасқан әрекетінің жолы кесіледі. Қазақстан Республикасында ел азаматтарын одан әрі пайдалану үшін Бахрейн Корольдігіне, Оңтүстік Кореяға және басқа елдерге экспорттау арналары жойылып жатыр. Мәселен, биыл 6 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі әшкереленді, оларда жыл бойы жезөкшелікпен айналысатын арнайы орталықтар болған.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, мұндай қылмыстар көбінесе ұйымдасқан сипатта орын алады. Қылмыстардың тұрақты ашылуына қарамастан, адам саудасы әлеуметтік-экономикалық процестерге, қылмыстық бизнестің табыстылығына және құбылыстың жоғары көрсеткіштеріне байланысты өзекті мәселе болып қалуда.

«Адам құқықтарын бұзудың осындай өрескел және дөрекі фактілерімен күресу үшін мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіретін кешенді көзқарас қажет. Сондықтан жұртшылықтың қатысуымен адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы әзірленді. Бұл құжат біздің жұмысымызды жеңілдетіп, нақты шаралар қабылдауға септігін тигізеді. Десе де, қоғамның бұл аса ауыр қылмыс түріне көзқарасын өзгертуге тиіспіз. Сонда ғана біз нәтижелі сандарға куә боламыз», - деді ол.


Ал Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов түсіндіргендей, «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы заңнаманың бір-біріне ұқсамайтын нормаларын біріктіруге бағытталған. Қазір бұл саладағы қатынастар 10-ға жуық заңмен реттеледі. Жауапты шенді атап өткендей, салалық заң жобасы мәселенің салдарымен емес, себептерімен күресуге жол ашады. Сондай-ақ мемлекеттік органдарды, ҮЕҰ және қоғамды біріктіру мақсатында әзірленген.

Біздің білуімізше, бұл заң жобасы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін уәкілетті органдар ретінде айқындайды және басқа да мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен үкіметтік емес коммерциялық ұйымдардың функцияларын біріктіреді. Сонымен қатар жобада адам саудасының барлық нысандарының алдын алу, қылмыстық жауапкершілікке тарту, құрбандарға көмек көрсету нормалары қамтылып, адам саудасының құрбаны ұғымы мен адамды қанау ұғымына мәртебе берілген.

Бұл ретте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы, сондай-ақ осыған байланысты өзгерістер мен түзетулер 3 мамырда өткен Мәжілістің жалпы отырысында қабылданғанын еске салды.

«Біз қарсылық көрсету субъектілері көбірек құралдарға ие болады, сонымен қатар жүйелі негізде құқықтық көмек пен әлеуметтік қызметтерді алу мүмкіндігі артады деп күтеміз. Сәбилерді сатуға істеріне де нүкте қойылады деген үмітіміз бар. Бұл бөлікте жобаны депутаттық корпус жан-жақты толықтырды», - деп атап өткен депутат өркениетті елдерде осындай қатаң шаралар қабылдауға ықпал ететін құжаттардың болуы тиістігін атап өтті.


Дегенмен, салалық заңның жоқтығына қарамастан, Қазақстан Қылмыстық кодекске адам саудасы, адам мүшелері мен тіндерін трансплантациялау үшін жазаны бірінші болып енгізген елдердің қатарында. Ал азаматтық заңнамада әлі де болса алдын алу шаралары қарастырылмаған. Бұл – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрағасы Эльвира Әзімованың пайымы

«Тәжірибе көрсеткендей, адамдар қайтадан адам саудасының құрбанына айналуы мүмкін. Бұл олардың осалдығынан ғана емес, жұмысқа орналасудағы сияқты әлеуметтік қиындықтармен де байланысты. Сыбайластар бұл мәселеде мемлекеттік саясаттың қатал екенін түсінуі үшін біз кешенді және алдын алу шараларын қабылдауымыз керек», - деді ол.

Сонымен қатар, ҮЕҰ өкілдері адам саудасының құрбандарына көмек көрсетуде мезгіл-мезгіл қиындықтарға тап болатынын айтады.

«Біз көмектесетіндердің барлығы өз құқықтарын қорғау үшін құқық қорғау органдарына өз еркімен жүгіне бермейді. Оның да түрлі себептері бар. Бұған негізінен, азаматтарымыздың құзырлы органдарға сенімсіздігі, заңдық тұрғыдан сауатсыздығы себеп», - дейді «Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Шахноза Хасанова.

Сондықтан зардап шеккендер құқықтық әділдік іздегеннен гөрі, тезірек үйлеріне қайтқысы келеді. Өйткені, қыздардың басым көпшілігі туыстары арасында өздеріне қатысты жағымсыз ақпаратты таратудан қорқады. Психологиялық салдарға талқылайтын болсақ, адам саудасының құрбандары жұмыс берушіні қорғауға жол ашып береді. Қорқыныш пен сенімсіздік сезімін арттырады.

«Кейбір жағдайларда олар жалған ақпарат ұсынудан да тайынбайды. Себебі, олар жұмыс берушіге ғашық болуы мүмкін немесе нашақорлық пен алкогольге тәуелді болуы мүмкін», - деп түсіндірдірді орталық өкілі.


«Сонымен қатар, адамды сатып алу-сату фактісін дәлелдеу қиын болғандықтан, қылмыстық істі сотқа жеткізу одан да қиын. Өйткені, жәбірленушінің өзі ауыр қылмыстың ашылуына мүдделі емес», - деп атап көрсетті Шахноза Хасанова.

Орталықтың ресми статистикадан айырмашылығы бар есебіне сенсек, 2019 жылдан бері негізінен Шымкент пен Алматы қалаларында адам саудасының 700-ге жуық құрбанына көмек көрсетілген.

«ҮЕҰ көмек көрсету кезінде жиі кездесетін қанаудың түрлері: 90 пайыз - еңбекті қанау, 7 пайыз - жыныстық қанау, ал өтініштердің 87 пайызы ерлерден, 22 пайызы әйелдерден түскен.

Зардап шеккендердің 87 пайызы шетел азаматтары, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Әзербайжан, Украина және Польша азаматтары. 13 пайызы жағдайында адам саудасының құрбандары Қазақстан азаматтары болып табылады», - деді ол.

Әдетте жәбірленушілердің азаматтықтары, құжаттары жоқ болып шығады немесе кеңестік үлгідегі қызыл төлқұжаттары бар немесе мүлде құжаттары жоқ. Бұл да азаматтарымыздың құқықтық сауатын жетілдіру уақыт күттірмейтін шаруа екенін аңғартады.

 

 

https://dalanews.kz/news/89305-qazaqtyng-tort-zhigiti-alem-chempiony

https://dalanews.kz/aimak/88828-manggystau-atom-yenergiia-kombinatynda

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x