Рейхстагқа дейін жеткен қарт майдангерге құрмет көрсетілді

Dalanews 09 мам. 2023 14:03 160

Түркістан облысында Екінші дүниежүзілік соғысындағы Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған іс-шаралар жалғасып жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев 101 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Немет Абдрасиловтың үйіне арнайы барып, қарт майдангерді мерекесімен құттықтады. 

– Жас ұрпақ үшін сіздей ардагерлердің ерлікке толы өмірін насихаттау маңызды.  Екінші дүниежүзілік соғыста біздің аталарымыз, апаларымыз Отан алдындағы аманатқа адал болды.  Берлин төрінде Жеңіс туын тікті.  Осы жеңімпаз топтың қатарында сіз де барсыз. Біз елі қорғаған майдангерлерге әрқашан құрметпен қараймыз, – деген облыс басшысының орынбасары ардагерге ізгі ниетін білдіріп, сый-сыяпатын тапсырды.

Абдрасилов Немет 1922 жылы 1 қаңтарда Түркістан қаласында дүниеге келген. 1-гвардиялық артиллериялық дивизия құрамында нысанашы, зеңбірек командирі болды. Сталинград, Курск, Украина, Белоруссия, Польша қалаларын азат етуге қатысқан.

Рейхстагқа шабуыл жасау кезіндегі ерлігі мен батырлығы үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Ол «Қызыл жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да 24 медальмен марапатталған.

Соғыс аяқталған соң Түркістан қалалық милициясында және Түркістан қаласының автобазасында жүргізуші болып жұмыс істеді.

Ардагер 5 ұл, 1 қыз, 20 немере мен 18 шөбере тәрбиелеп өсірген. Қазіргі таңда ұлы Эльмурат Абдрасиловпен бірге тұрады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x