Ұмытылмас арыс есімі

Dalanews 28 сәу. 2023 03:55 349

Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы - тарихи-саяси, айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени- рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. Алаш мұрасын халыққа қайтару жұмыстарын қазір де жалғастыру қажет және кеңес өкіметі жазықсыз қуғындаған ондаған мың адамның іс-құжаттары әлі күнге дейін архивтерде ашылмай жатқаны мәлім. 1990-шы жылдардың басында басталған «Алаш» партиясы мүшелерінің ақталуы әлі күнге дейін жалғасуда. Сол арыстардың бірі Жетісулық қайраткер – Сабатаев Сатылған.

Сабатаев Сатылған бұрынғы Жетісу облысы, Верный уезі, Үлкен Алматы болысының жетінші ауылында туған. Ол - ұлт қайраткері, Алаш қозғалысына қатысушы, шығыстанушы, жоғары білімді агроном және тіл маманы. 1895 жылы Верныйдағы ұлдар гимназиясын бітірген соң, білім іздеп Ресейге кетеді. 1898 жылы Мәскеудегі Лазаревский атындағы шығыс тілдер институтын бітіріп шығады. Мұнан соң 1915 жылы Петровско-Разумовский атындағы академияны бітірген. Осы жылдары Мәскеу университеті жанындағы жаратылыстану, антропология және этнография әуесқойларының мәжілісіне қатысып, «Қазақтардың сот ісін жүргізуі», «Торғай облысы Қостанай уезі соты  қазақтарының ақсақалдар және араағайындық соты» деген тақырыптарда баяндама жасап, жұрт назарына ілігеді. Ол Абайдың «Жаз», М.Дулатовтың «Мұң» атты өлеңдерін қара сөзбен аударып, көрнекті шығыстанушы A.Н. Веселовскийдің құрметіне шығарылған «Әл-шархият» (Мәскеу, 1914) жинағына енгізеді. 1899 жылдан 1901 жылға дейін екі жыл Жетісу облысы Пішпек уездік басқармасының аудармашысы болып қызмет істейді. 1901 жылы Жаркентке ауысып, 1906 жылға дейін Жаркент уездік басқармасының аудармашысы болады. Қосымша Жетісу облыстық қоныс аудару мекемесінде қызмет істейді. C.Сабатаевтың мамандығы мен оның мүмкіндігін ескерген сол кездегі Жетісу облыстық басшылығы 1906 жылы оны Егіншілік және жерге орналастыру бас басқармасына қызметке ауыстырады. Екі жыл сол мекемеде жұмыс істейді. 1916-1917 жылдары Лепсі уезінің ауылшаруашылық мекемесінде қызмет істеген.

Патша үкіметі құлаған соң С.Сабатаев Алаш қозғалысына белсене араласады. Ол ұлттың бұғаудан құтылуын армандайды және сол сәт туды деп қарайды. Сондықтан өзінің бар күш-жігерін Алашорда үкіметін құруға жұмсайды. C.Сабатаевтың бұл еңбегі оның ел арасындағы беделін асырады. 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында өткен екінші жалпықазақ сьезінде Алашорда үкіметіне мүше болып қабылданады. 1918 жылы қаңтарда Верный қаласында өткен Жетісу облысы қазақтарының екінші сьезіне қатысады. Содан бастап автономия құру, милиция жасақтау жұмыстарымен айналысады. Верныйдағы Алаш зиялылары мен қазақ- орыстардың іс қимылынан қауіптенген қызылдар 1918 жылы 9 наурызда О.Әлжанов, Ы.Жайнақов, С.Сабатаев сияқты Алаш азаматтарын тұтқынға алады. С.Сабатаев 17 сәуірде түрмеден босатылып, Семейге кетеді. Семейге барған соң тағы да Алаш үкіметінің жұмыстарын атқарады. 1918 жылы 10-31 тамызда Алашорданың Лепсі уезінде Жетісу облысы қазақтарының сьезі өтеді. Сьезде ол облыстық комитеттің мүшесі болып сайланады. Семейде бірінші Алаш әскери полкін жасақтау ісіне қатысады. 1918 жылғы 1 қараша күні Алашорда кеңесі Сібір үкіметінен С.Сабатаевтың ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы болуына рұқсат алады. Кеңес үкіметі орнаған соң ол Қарқаралыда өз мамандығы бойынша қызмет істеп жүреді.

Алаштанушы-журналист Болат Мүрсəлім күрескердің өліміне байланысты: "Мағжанның "Сабатаев Сатылған, көшеде жүріп атылған" дейтін арнайы өлеңін атап көрсетеді. 1921 жылы 15 сәуірде Қарқаралы маңында Ботақара деген жерде тұқым алып келуге бара жатқан С.Сабатаевты ақтардың соңына түскен қызыл әскерлер жазықсыз атып кеткен еді.

Қорыта айтқанда, Сабатаев Сатылған өз халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында жан тапсырған, азаматтық борышын адал атқарған елжанды зиялы ретінде мәңгі ел есінде қалады. Алаштың өзге де беймәлім қайраткерлерін танып-білу, олардың ерен еңбектерін насихаттау-біздің ұлттық борышымыз.

 

Ғылыми жетекшісі: Қозыбақова Ф.А.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,  Филология және әлем тілдері факультетінің 1 курс студенттері

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x