Наурызда ғана емес, жыл он екі айда ұлттық тағам бірінші орында тұруы тиіс

Dalanews 28 нау. 2023 05:05 212

Алатаудың етегіндегі бұрын тек басшылық қызметтегілер, қазір кез келген адам барып демалатын, емделетін Президенттің Іс басқармасына қарасты «Almaty Resort» шипажайының наурыз мейрамын қалай атап өткеніне куә болдық.

Ұлттық ойындар мен қойылымдар, дәстүрлі әндер мен билермен ешкімді таңғалдыра алмайсың. Бізді таңғалдырғаны – ұлттық тағамдар. Алыстан менмұндалайды. Кәдімгі чак-чак бар ғой, соның сәуклеге ұқсатып, басына үкі тағып қойыпты.

Неге бәрі ерекше деп сұрастыра келсек, шипажай директоры Гүлжанат Бұғыбаева ханым тағамтану саласының жоғары дәрежелі маманы болып шықты.

Гүлжанат Аманжолқызы мемлекет басшылары мен саяси жетекшілердің түскі, кешкі асы, фуршетіне дейін ұйымдастырып, талай жоғары лауазымды тұлғаларды тамақтандырған.



Өзінің тағамдары «Астананың мәртебелі асы» атты таныстырылым кітабына енген. Еңбегі үшін Президент, Сенат пен Мәжіліс Төрағасынан марапат пен алғыс хат алған. OSCE (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) және Азия ойындарын ұйымдастыру һәм өткізуге атсалысқаны үшін де марапатталған екен.

Шипажайға директор болғанына бірнеше айдың ғана жүзі болыпты. Келе салып, демалушылардың ас мәзіріне мән берген. Өйткені ас адамның арқауы болғанымен, ауру астан деген де мақал бар. Ендеше адам баласының денсаулығы не ішіп-жегеніне тікелей байланысты.

Сондықтан Гүлжанат ханым қазақы тағамдарға аса назар аударып, ас мәзіріне көптеген ұлттық тағамдарды қосқан.

«Жылқы еті түс ауғанша, сиыр еті кеш батқанша, қой еті таң атқанша» деген мәтел бар қазақта. Яғни қанша уақыт қорытатынын айтқан. Яғни жылқы еті деликатес, қымызы да шипалы деп, жылқы етінен әзірленген тағам түрін көбейткен. Тағы бір маңызды нәрсе бар. Біз қазақтар аса мән бермейміз. Тағам дегенің тәбет шақырып тұру керек. Бір көргенде «мені жеші, жоқ, менен ауыз ти» деп алыстан қол бұлғағаны жөн дейді директор ханым.



Қол бұлғаған әдемі астан дәм ауыз тиіп, дәмді екеніне көз жеткізіп, Наурыз мерекелерімен құттықтап қайттық.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x