Алкоголизммен күрес – мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі

Dalanews 27 нау. 2023 05:38 298

Алкоголизм проблемасымен бетпе-бет келіп, онымен күресіп жүргендер тек біздің елде ғана емес. Бұл барлық елде, әлемде бар проблема. Тіпті бұл ауру бүкіл әлемде кең таралған десек те болады. Ал оған тәуелділік тек адам үшін ғана емес, жалпы қоғам үшін де қауіпті. Себебі, негізінен ішімдік ішіп алып рөлге отырғанның кесірінен бір ғана жол-көлік апаттары күн сайын емес, тіпті, сағат сайын болып жатыр десек, еш артық айтқандық емес.

Жалпы, Қaзақстaндағы ер aзaмaттардың ішімдікке тәуелділігі 2021 жылы 9,52 пайызға жетіпті. Ал әйелдердегі көрсеткіш 1,48 пайызды құраған. Республикамызда aрaқ өндірісі 2021 жылы 60,3 пaйызғa aртқaн. Дүниежүзілік денсaулық сaқтaу ұйымының зерттеуіне сәйкес, 15 жастан асқан адамдарға алкогольді тұтыну деңгейі ерлер үшін жылына 25 литр болса, әйелдер үшін - 9 литр.

Осы мәселе бойыншa  жүргізілген әлеуметтік зерттеу 13-15 жастағы ер бaлaлардың 75, қыздардың 40 пайызы сырaдaн бастап, шарап, араққа дейінгі ішімдіктерді ішіп көргендігін көрсетті. 18-20 жaстaғылaрдың 90 пaйызы алкогольдің дәмін татып көріпті. БҰҰ мәліметі бойынша алкогольден болатын өлім-жітім деңгейі жоғары елдердің арасында Қазақстан ондықтың қaтaрында тұр.

Ал, қуантарлығы, соңғы 10 жылдың ішінде маскүнемдер, нашақорлар саны елімізде төмендеп келеді. Мысалы, 2019 жылы «маскүнем» деген диагноз қойылған 15955 адам болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 14202 адамға дейін төмендеген. Ең өкініштісі, араққұмарлар қатары азайғанымен, олардың жасы жасарып барады.

Осы орайда біз нарколог-психиатр, дәрігер Тоқтар Қойшыбековтен ішімдікке әуес адамдардың психологиясын, оларды емдеудің жолдарын сұрап хабарласқан едік.

– Адам не себепті ішімдікке тәуелді болып қалады? Ол ең бірінші оқушы, жасөспірім кезінде ащы судың дәмін татады. Бастапқыда ұнамауы мүмкін. Бірақ, жасөспірім өзі қатарластармен жақсырақ тіл табысу үшін, ересек болып көріну үшін, кейде тіпті ұялшақтығын жеңу үшін ішімік ұрттап алғанды жөн көреді. Ал ересектерде жасына қарай проблемалар қосылады. Атап айтсақ, жұмысындағы  проблемалар мен отбасылық қиындықтар. Алкоголь осы проблемалардан, уайым-қайғыдан, қорқыныштан уақытша арылуға көмектеседі.

Ащы суға тәуелділік 3 кезеңде дамиды. Оның алғашқы екі сатысында адамды маскүнемдіктен құтқаруға болады, сондықтан бұл аурудың белгілері білінгеннен-ақ, ертерек алдын ала берген абзал.

Алкогольді қалай тастауға болады? Ішімдікті тоқтату туралы көптеген кеңестер маскүнемдерге айтылып-ақ жатады. Бірақ ол оны қаперіне де ілмейді. Алкогольді тұтынудан бас тарту үшін мықты ерік-жігер керек. Мұндайда алдымен тек алкогольден бас тартқан жөн. Бір уақытта ішуді және темекі шегуді бірден тоқтатпау керек, Өйткені ол кезде ми қатты күйзеліске ұшырайды. Сосын оңалту орталығына немесе анонимді маскүнемдер тобына хабарласуға болады. Онда емделуге ниетті көптеген адамдар бір-біріне көмектесе алады. Мұнымен қоса, спортпен айналысқан жөн. Саяхаттап, серуендеу де араққұмарлық атты айығуы қиын дерттен арылуға көмектеседі, – дейді Тоқтар Қойшыбеков.   


Жалпы, Қазақстанда қазір маскүнемдікпен күрес қарқынды жүргізіліп жатыр. Мемлекет бұған көп көңіл бөлуде. Алкоголизмге қарсы көптеген іс-шаралар, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, түрлі орталықтар салауатты өмір салтын насихаттап жұмыс істеуде. Соның бірқатарына тоқталып өтсек, «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» № 982 қаулысында халықтың салауатты өмір салтын ұстануды қалыптастыру басты мақсат екені нақты көрсетілген. Бұл бағдарлама азаматтардың салауатты өмір салты мен Қазақстанның гүлденуі үшін күресте мемлекеттің дәйекті ұстанымына негізделген. 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражат, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаражат бөлінеді. Бағдарламаны іске асырудың жалпы құны 3,2 триллион теңгені құрады.

Қорыта айтқанда, алкоголь тек кешенді тәсілді қажет етеді - психотерапевтік әдістер мен есірткіні емдеудің комбинациясы. Бұл ауруды емдеу қиын, өйткені маскүнем өзін ауру деп санамайды және емделгісі келмейді.

Алкоголизмді өз бетімен емдеуге мотивация табу өте қиын. Адам өзін маскүнемдікпен ауыратын науқас ретінде тани алуы үшін психотерапевттің ұзақ және мұқият жұмысы, туыстарының немесе қолдау топтарының көмегі қажет. Маскүнемге өз проблемасын түсінуге көмектесіп, шынымен емделуді қалай бастағанда ғана, дәрі-дәрмектер жұмыс істейді және пайда әкеледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x