Форумның халықаралық деңгейде өтуі ҚР МОМ директоры Рашида Ерімқызы Харипованың бастамасымен жүзеге асты.
Түркітілдес халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту және нығайту, қазіргі қоғамда ұлттық салт-дәстүрді сақтау әрі дәріптеудің өзекті мәселелеріне арналған бұл форумға отандық және шетелдік ғалымдар, музей, кітапхана мен архив қызметкерлері қатысты. Жиынның салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Мұратұлы Дәуешов, ЮНЕСКО Кластерлік бюросы директорының міндетін атқарушы Магнус Магнуссон, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Али Рыза Акынжы, Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Аброр Джахангирұлы Фатхуллаев қатысып, Наурыз мейрамының мәні мен тарихына, оның ұлттар арасындағы татулықты дәнекерлеудегі маңызды рөліне тоқталып, қатысушыларды құттықтады.
Маңызы зор жиынды М.О.Әуезов ат. Әдебиет және өнер инстиутының директоры, ф.ғ.д., ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжанов жүргізді. Ал форум жұмысының панелдік отырысының модераторы ҚР МОМ-ның музейлік деректану және қолжазба бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, «Muzeum.kz» ғылыми-практикалық журналының редакторы, т.ғ.к. Атығаев Нұрлан Әділбекұлы болды.
Форум барысында Нұрлан Атығаев ҚР МОМ-нан шығатын «Muzeum.kz» ғылыми-тәжірибелік журналын көпшілікке таныстырып, оның маңызына тоқталды. Журналдың тұсаукесерін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Мұратұлы Дәуешов пен Әуезов ат. Әдебиет және өнер институтының директоры, ф.ғ.д. Кенжехан Ісләмұлы Матыжанов өткізді.
Форумның бірінші бөлімі аяқталған кейін қатысушылар ҚР МОМ саябағына ағаш көшеттерін отырғызды.
Форумның панельдік отырысында ҚР МОМ-ның антропология және этнология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Уәли Мақажанұлы Нұргелді «Этносемантикалық мағынадағы – Наурыз мейрамы», Анкара университетінің тіл және тарих-география факультетінің профессоры, Жалпы түрік тарихы бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д. Абдулла Гундогду «Түркі мифологиясындағы – Наурыз», Қазақстан Республикасы Материалдық емес мәдени мұра ұлттық комитетінің мүшесі, Орталық Азиядағы өнер білімі бойынша ЮНЕСКО сарапшысы, п.ғ.к. Евфрат Имамбек Бағдатұлы «Среднесрочная стратегия ЮНЕСКО в области охраны и поощрения нематериального культурного наследия: новая роль музеев», Өзбекстандағы Мирзо Ұлықбек ат. Ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д. Ишанходжаева Замира Райимовна «Межкультурный праздник Навруз и его вклад в развитии мира и благополучия», Ресейдің Элабуга мемлекеттік қазіргі заманғы этноөнер қорық-музейінің директоры Нигамаева Зиля Салиховна «Особенности празднования Наурыз у казанских татар», Қазақ Ұлттық Академиялық кітапхананың директоры Нұрғалиева Ғазиза Құдайбергенқызы «Түркітілдес мемлекеттер кітапханаларының ынтымақтастық пен интергациясы», Әл-Фараби ат. Қазақ Ұлттық университетінің Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, т.ғ.к. Тәттігүл Картаева «Алашорда қайраткерлерінің Наурыз туралы жазбаларындағы деректерді талдау», Ш.Ш. Уәлиханов ат. тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.д. Тоқтабай Ахмет Уәлханұлы «Наурыз мейрамы» атты тақырыптарда баяндама жасады. Форумның 1-ші секциясының модераторы ҚР МОМ директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, ф.д. (PhD) Ғалия Теміртон, ассистенті Тимур Болсынбек болды. 1-ші секцияда: «Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасы: жаңа тәсілдері мен қағидалары» тақырыбында Қазақстан Республикасы материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Рустам Музафаров «2003 жылғы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы Конвенциясының қағидаларын ілгерілетудегі жергілікті музейлердің рөлі мен маңызы» тақырыбында, сонымен бірге, жас мөлшері 18-35 жас аралығындағы жас мамандар мен ғалымдар арасында «Startup-nauryz» жобасы таныстырылды.
Онда ҚР МОМ-ның антропология және этнология бөлімінің мамандары Оралбек Кәрім «Көрісу күні», Дінмұхаммед Серік «Тасаттық – көнеден келе жатқан рәсім», әл-Фараби ат. ҚазҰУ-дың студенттері Сайит Сапарғалиев пен Мылайым Акмырадова «Түрікменстандағы Наурыз» тақырыптарында баяндама жасады.
Форумның 2-ші секциясының модераторы ҚР МОМ-ның музейлік деректану және қолжазба бөлімінің жетекшісі Жасұлан Белтенов болды. Онда «Kazakh Tourism ҰК» АҚ-ның креативті индустриялар жобасының жетекшісі Әсел Жеңісбекқызы Серікпаева «Креативті индустрияларды дамыту арқылы ұлттық болмысты сақтау», «Torus Kz. ЖШС» негізін қалаушы Дәурен Ғарипұлы Ғабдуллаев «Мәдениет және өнер саласындағы интерактивті шешімдер», «НАТ Қазақстан» акционерлік қоғамының бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Ерлан Нұрмаханбетуллаұлы Көзжанов «Музей қорларындағы құндылықтарды цифрландыру жолдары және АС бағдарламасының мүмкіндіктері» тақырыптары бойынша баяндамалар жасады. Сонымен бірге форум аясында ҚР МОМ-ның «Coworking» балалар орталығында зағип балалардың танымын арттыру мақсатында «Жеті қазына» әлеуметтік жобасының таныстырылымы және Алматы қаласындағы мектеп оқушылары арасында ұлттық ойын «Тоғызқұмалақ» бойынша республикалық олимпиаданың қалалық іріктеу жарысы өткізілді.
Сондай-ақ, форум барысында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, коллекционер Азат Әкімбековтің жеке коллекциясы негізінде «Орталық Азия халықтарының XVIII-XIX ғғ. зергерлік бұйымдары» атты көрмесі ашылды. Соңында форум жұмысы қорытындыланып, Резолюция қабылданды, қатысушылар сертитфикаттармен марапатталды. Форум соңы «Музей түні» шарасымен аяқталды.
Тимур БОЛСЫНБЕК,
ҚР МОМ, Алматы қ.